E-Largus-тың сериялық өндірісі 2024 жылдан ерте басталмайды
АвтоВАЗ алда электрлі фургонға мақұлдау алып, құрамдастарды жеткізушіні табуы тиіс.
Ресейде LADA Largus фургонының электрлі модификациясының сериялық өндірісі 2024 жылдан ерте басталмайды, деп хабарлайды ресурс autostat.ru.
Электрлі LADA Largus осы модельдің классикалық нұсқасы базасында жасалады. Ол Lada Vesta моделінің өндірісі Тольяттидегі зауытқа ауысқандықтан, Ижевте шығарылатын болады. E-Largus-тың инженерлері электрлі моторды артқы отырғыштардың және капоттың астына орнатылатын тартым аккумуляторларымен қуаттамақшы. Жүк тиелген фургонға максималды қуат беретін мұндай аккумулятор батареяларын (АКБ) жеткізушіні биылғы күзден бастап іздестіре бастамақ.
«Автостат» сілтеме жасаған «Русский автомобиль» телеграм-арнасы e-Largus-ты әзірлеушілер қытайлық жеткізушілермен жұмыс істейді дегенді айтқан. Себебі олардың АКБ-лары баға және сапа тұрғысынан ресейлік баламаларына қарағанда тартымды. «Тек оларды пайдалануға «жоғарыдағылар» рұқсат ете ме, мәселе сонда», – деп атап өтті «Русский автомобиль» авторлары. Сондай-ақ жаңа Largus-тың шанағын Тольяттиде дәнекерлеп, содан соң Ижевке таситындықтан, оны орнату кезінде шанаққа зақым келмес үшін электрлі фургонға аспалы батареялар пайдаланады.
Өндірісте мұндай амалға барудың себебі — e-Largus-тың шағын өндіріс көлеміне лайықтап бір жиынтық дәнекерлеу жабдығын жасау ИжАвто-ға тиімсіз. Сонымен қатар электрлі фургонның конструкторлары салонды кеңейту үшін артқы аспаны жылжытуға тура келеді, демек бұл дәнекерлеу процесін өзгертуге әкеледі, дейді телеграм-арнаның авторлары. Яғни «бензинді» Largus-тың шанақ желісін электрлі нұсқасына қолдана алмайды. Әрі электрлі «Ларгус»-тың жобасын әзірлеуге біржарым жыл уақыт қажет, әйтсе де тәжірибеде оны 12 айға дейін қысқартуға болады.
Осы екі нұсқаның қайсысымен болса да, e-Largus-тың сериялық өндірісін 2024 жылдан ерте бастай алмайды, дейді «Автостат». Сондықтан «ЛАДА Ижев» кәсіпорны жақын уақытта қызметкерлеріне, мәселен Lada Vesta үшін құрамдастар шығару сияқты басқа шаруа тауып беруі тиіс. Өйткені, АвтоВАЗ «ЛАДА Ижев» қызметкерлерінің құрамын жаппай қысқартуды көздеп отырған жоқ.
Ижевтегі кәсіпорынның қуаты жылына 220 мың автомобиль шығаруға есептелген. 2015 жылдың қыркүйегінен бастап «ЛАДА Ижев» зауыты LADA Vesta седанын, LADA Vesta SW универсалын және олардың LADA Vesta Cross және LADA Vesta SW Cross кросс-нұсқаларын шығарып келді. 2022 жылдың ақпанында кәсіпорында жаңартылған LADA Vesta шығарыла бастады. Бүгінде e-Largus өндірісінен басқа, жаңа жұмыс орындарын арттыру үшін, автомобильдерден өзге де өндіріс түрлерімен айналысатын ресейлік компанияларды тарта отырып «ЛАДА Ижев» индустриалдық паркін құру жоспары бар.
Егор Васильев, корреспондент
12.08.2022, 08:20