Меню CARMA.KZ

Chery Arrizo 8 ресейлік нарыққа шығады

Ресейде қытай автомобилінің жаңа моделін Camry-дің баламасы деп атады.

Chery Arrizo 8 ресейлік нарыққа шығады / Фото: ru.motor1.com
Chery Arrizo 8 ресейлік нарыққа шығады / Фото: ru.motor1.com

Қытайдың Chery автомобиль өндірушісі Ресейде жаңа Arrizo 8 седанын ұсынғалы отыр. Бұл модель Аспанасты елінің өзінде де әлі саудаға шыққан жоқ. Қазір компания Chery Arrizo 8 ресейлік тұтынушыны қызықтыра ала ма деген маркетингтік зерттеулер жүргізіп жатыр.

Компания өкілдері седандар сегментінде оған Kia Cerato, Hyundai Elantra және Toyota Camry-ды бәсекелес санайды. Маркетингтік зерттеулер аясында сауалнама қатысушылардан автомобильдер арасынан қайсысы және қандай жинақта ұнайтынын, сондай-ақ Arrizo 8-дің Ресейдегі бағасын қаншаға болжайтындарын сұрауда. Аталған сауалнамада жаңа көліктің бағасы 2,6 млн-нан 4,4 млн рубль (20 млн-нан 35 млн теңгеге дейін) аралығында көрсетілген.

Arrizo 8-дің Қытайда саудасы 2022 жылдың 26 тамызынан басталмақшы. Көліктер дилерлерге шамамен бір айдан соң түседі. Қытайлық сатып алушылар үшін бағасы да белгілі болып отыр. Қозғалтқыш көлемі 1,6 литр Chery Arrizo 8-дың бағасы 105,9 мыңнан 128,9 мың юань (8-10 млн теңге) аралығында болмақ.

Жаңа автомобиль өзінің габариттері бойынша Skoda Octavia және Kia Cerato-дан ірілеу, бірақ Toyota Camry мен Kia K5-ке қарағанда ықшам болады, деп жазады «Қытай автомобильдері» порталы.

Саудаға алғашқы лекте қозғалтқыш көлемі 1,6 литр көліктер түседі, бұл көліктердің «стандарт», эко және спорт — 3 режимі, 197 ат күші, сондай-ақ 7-сатылы беріліс қорабы бар.

Chery Arrizo 8-дің отынды орташа шығындауы 100 шақырымға 6,5 литр, максималды жылдамдығы — сағатына 205 шақырым. Автомобиль жылдамдығын 6,5 секундта сағатына 100 шақырымға дейін үдете алады.

2022 жылдың қаңтары мен маусымы арылығында Қазақстанда 995 Chery автомобилі сатылған. Компания отандық нарыққа 2021 жылдың желтоқсанында келді.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
05.08.2022, 08:10