«Бәйтерек» ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген лизингтің шарттарын атады
Қарыздың максималды сомасы 205 млн теңге.
«Бәйтерек» ҰБХ ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған жеңілдетілген лизингтің шарттарын атады. Мемлекет бұл бағдарламаға 40 млрд теңге бөлгелі отыр. Оның 30 млрд-ды «Жасыл даму» АҚ қаражаттары болса, 10 млрд теңгені «ҚазАгроҚаржы» капиталдар нарығынан бағыттайды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Отырыста мемлекет басшысы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер техника паркін жаңартуды қажет етеді. Азық-түлік қауіпсіздігі туралы айтпас бұрын осы мәселені шешу қажет деп мәлімдеді.
Бағдарлама 2020 жылдың 5 тамызында жұмысын бастайды. Өтінімдерді қабылдап, қарастырып, техниканы беруге «ҚазАгроҚаржы» АҚ жауапты. Қазақстандықтар компанияның еліміздің әр өңірінде бар филиалдарына барып өтініш беруі керек. Лизинг келесідей шарттар бойынша беріледі:
- лизингтің мерзімі – 10 жылға дейін;
- сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6%;
- Бастапқы жарнасыз;
- негізгі қарызды қайтару бойынша жеңілдетілген кезең – 1 жыл;
- қаржыландыру сомасы – 205 млн теңгеден артық емес және бір лизинг алушыға үш техникадан артық емес;
- бір лизинг алушы бағдарламаға 2 жылдан бір реттен артық қатыса алмайды.
Бағдарламаға отандық өндірістен шыққан өзіжүргіш ауыл шаруашылығы техникасының келесідей түрлері қатысады:
- Тракторлар: LOVOL, DEUTZ FAHR, TURAN, КИРОВЕЦ, БЕЛАРУС, RSM, YTO, CLAAS XERION, DONG FENG, WUZHENG
- Астық жинайтын (күріш жинайтын) комбайндар: ESSIL, VECTOR, ACROS, TORUM, CLAAS TRION, DEUTZ FAHR;
- Сүрлем жинайтын комбайндар: Жемшөп жинайтын жоғарыөнімділікті комбайн, Жемшөп жинайтын өзіжүргіш комбайндар.
Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын өндірушілердің тізімінде «АгромашХолдингKZ» АҚ, «Қостанай трактор зауыты» ЖШС, «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» ЖШС, «СемАЗ» ЖШС, «KazrostEngineeringLtd.», «СТ ЭСЭМБЛИ» ЖШС, «KazKioti» ЖШС, «МТЗ-Қазақстан» машина жасау зауыты бар.
Жеңілдетілген лизингті қаржыландыру револьверлік әдіспен жүреді, яғни қолданыстағы келісімшарттар бойынша өтелген ақша жаңа техника беруге бағытталып отырады. Бағдарлама 20 жылға есептелген.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
02.08.2022, 08:30