АвтоВАЗ электрлі Largus шығармақшы
Ресейлік универсал-электрокар өндірісі Ижевтегі зауытта жолға қойылатын болады.
АвтоВАЗ Vesta автомобильдер шоғырын құрастыруды Тольяттидегі алаңға ауыстырғаннан кейін Ижевте Largus-тың электрлі модельдерін шығаруды бастамақшы, деп хабарлайды ресурс kolesa.ru.
Жуырда АвтоВАЗ-дың баспасөз қызметі Lada Ижев зауытының жұмысшыларына 5-7 лауазымдық жалақы ала отырып (оның сомасы жасы мен өтіліне байланысты), жұмыстан өз еріктерімен кетуді ұсынғанын хабарлаған болатын. Өз еркімен жұмыстан кеткісі келетіндерге қаланың өзге кәсіпорындарынан жұмыс табуға көмектесіп немесе Ижев пен Удмуртияның еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқытуды ұсынған.
Баспасөз қызметінің айтуынша, Ресейдің автомобиль алпауыты жұмыспен қамтамасыз ету үшін және Lada Vesta үшін құрамдастарды жеткізудегі жойылмай отырған дағдарысқа, осы шоғырдың автомобильдері өндірісінің тоқтап тұруына байланысты кәсіпорынның жүктемесін барынша арттыру мақсатында осындай қадамға барып отыр. Әйтсе де АвтоВАЗ Ижевтегі зауытта жаппай қысқарту болмайтынын айтуда — бұл алаңдағы Vesta моделінің өндірісінде қазір 3 мыңдай адам еңбек етеді.
Ресми нұсқаға сәйкес, АвтоВАЗ Ижевте «Лада Ижевск» индустриалдық паркін құрып, импорттық құрамдастарды жерсіндіру үшін штамптау және пластик өндірісін дамытуды көздейді. Сондай-ақ Ижевде жаңа автомобиль шығару жобасын іске асырмақшы, ал Vesta келер жылдың көктеміне қарай Тольяттиге ауыстырылмақшы.
Бұл модельдің өндірісіне АвтоВАЗ бұған дейін Lada Largus, Lada Xray, Renault Logan және Renault Sandero құрастырылған желілерді пайдаланады. Аталған төрт модельдің ішінен сірә Largus-тың өндірісі ғана аман қалатын шығар. Ал қалғандарына қатысты әзірге мәселе шешілген жоқ. Компания басшылығы Vesta-ны ауыстырудың себебін Тольяттидегі желінің өнімділігімен байланыстырады. Ол жақта Ижевтегі 32-мен салыстырғанда сағатына 60 машина жиналады. Былтыр 113 мың 698 бірлік Vesta Ресейдің түкпір-түкпіріне жөнелтілді.
Оның орнына Ижев Lada Largus электромобилін шығару құқығын алады (осы үлгідегі бензинді көліктер Тольяттиде шығарыла береді). Рас, электромобильдердің қашан құрастырыла бастайтыны әзірге белгісіз: e-Largus нұсқасы әзірге тек прототиптік концепция түрінде ұсынылды, оның техникалық сипаттамалары әзірге жария етілмеді. Тек белгілісі, бір зарядта әртүрлі қуат қоры бар екі нұсқада және e-Largus жүк және жолаушы нұсқаларында ұсынылатын болады.
Kolesa.ru ресурсының хабарлауынша, келесі жылы e-Largus прототиптерін сынақтан өткізу және сертификаттау үшін жинау жоспарлануда. Жаппай өндіріс қашан басталатыны әзірге белгісіз, инфрақұрылымның жоқтығын ескере отырып, электрлі универсал ішкі нарықта қаншалықты сұранысқа ие болады деген сұрақ туындайды: электрлі көліктер шығарылатын бүкіл Удмуртияда қазір 10-ға жуық қуаттау станциялары бар, 2023 жылы тағы үшеуі жасалады.
Егор Васильев, корреспондент
08.08.2022, 09:17