АҚШ-та автомобильге қызмет құны рекордтық көлемге жетті
Табысы орташа америкалықтың автомобильді пайдаланғаны үшін бір жылғы шығысы 11%-ға өсті.
Штаттарда орташа табыс табатын тұрғын автомобилі үшін қызметке 2022 жылы 10 мың 728 доллар жұмсайды, бұл осы ел үшін рекордтық көлем болып табылады дейді Американың автомобиль қауымдастығы (ААҚ).
Салалық қауымдастықтың зерттеуіне сәйкес, АҚШ-та автомобильдің күтіміне кететін қазіргі шығыстар айына 894 долларды немесе жылына 10 728 долларды құрайды, бұл былтырғы дәл осындай шығындардан 11%-ға көп. Өткен жылы Штат тұрғындары 9 666 доллар жұмсаған еді. Әрі автомобильге шығындардың қазіргі көрсеткіші Америка Құрама Штаттары үшін рекордтық болып табылады. Ал оның туындауына отын бағасының өсуі себеп болып отыр.
Қауымдастықтың сарапшылары өздерінің зерттеулерінде отынның 2022 жылғы қаңтар-мамырдағы орташаесептелген құнын назарға алған. Ол кезеңде 1 галлон (1 галлонда – 3,7 литр) 4 доллар тұрды, бұл шамамен бір литр үшін қазіргі бағам бойынша 508 теңгені құрайды. Штаттарда бензин бағасы наурыздан шарықтай бастады. Шілдеде бір галлон үшін 5 доллардан асты, бірақ орташа жылдық өлшеммен отын бәрібір галлонына 4 доллардан аспайды.
Сонымен қатар сарапшылар техникалық қызметке, сақтандыруға, салыққа және автонесиенің төлем шығыстарын да есепке алды. Нәтижесінде ААҚ-дағылар ең тиімді автомобиль деп шағын седандарды атады. Екінші орында электрокарлар тұр: «батареялы» көлікпен бір миль үшін – 4 цент (19,24 теңге), ал отынмен жүретіндер – 18,4 цент (87 теңге) шығындайды. Екеуі де жылына 15 мың миль жүреді дейтін болсақ, бензинмен жүретін автомобильге отын құюға жылына 2700 доллар қажет болса, ал электромобильдің қуатына 600 доллар кетеді.
Яғни, жылына 24 мың шақырым жүрсе электромобиль иесі 2100 доллар үнемдейді. Оған қоса электрокарлардың күтіміне (оның майын және ауа сүзгісін ауыстырудың қажеті жоқ) жөндеу мен дөңгелегіне шығындар аз, оның үстіне Штаттарда мемлекет электромобильдердің саудасын сатып алушылар үшін түрлі жеңілдіктермен ынталандыратын болған.
Зерттеу бес жыл бұрын сатып алып, онымен бір жылда 15 мың мильден артық (24 140 шақ.) және жалпы 75 мыңнан артық миль жүріп тастаған автомобиль иелері арасында жүргізілді. Нәтижесінде сарапшылар 45 модельден тұратын көлік құралының тоғыз санатына бағалау жүргізді. ААҚ талдау жүргізу үшін ең көп сатылатын орташа бағадағы модельдері таңдап алып, оларды алты көрсеткіш, яғни: отын, техникалық қызмет/жөндеу/ дөңгелектер/ сақтандыру, лицензия/тіркеу/салық, амортизация және қаржы шығыстары бойынша салыстырды.
Егор Васильев, корреспондент
19.08.2022, 16:18