Меню CARMA.KZ

Әлемдік жеңіл көліктер нарығы жылдық есептеуде екі ай қатарынан өсім көрсетті

Әйтсе де биылғы шілдеде автомобиль маусым айына қарағанда 180 мыңға аз сатылған.

Әлемдік жеңіл көліктер нарығы екі ай қатарынан өсім көрсетті / Фото: dknews.kz
Әлемдік жеңіл көліктер нарығы екі ай қатарынан өсім көрсетті / Фото: dknews.kz

Әлемдік жеңіл және коммерциялық жеңіл автомобильдер нарығы 2022 жылдың шілдесінде былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6%-ға жуық өсті, деп хабарлайды autostat.ru сайты.

LMC Automotive консалтингтік компаниясының зерттеулеріне сілтеме жасаған басылымның дерегі бойынша, жеңіл және коммерциялық жеңіл автомобильдердің саудасы 2022 жылдың шілдесінде 2021 жылдың жетінші айымен салыстырғанда 5,8%-ға, 6 млн 918 мың бірлікке дейін өсті. Осылайша, жылдық есептеуде жеңіл автомобильдер нарығы екінші ай қатарынан өсіп келеді. 2022 жылдың маусымында ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 0,4%-ға өскен.

Жылдық есептеудегі (биылғы айды былтырғы дәл сондай аймен салыстырғанда) осыған дейін өсім соңғы рет дәл осы 2021 жылдың маусымында тіркелген. Әйтсе де 2022 жылғы шілденің нәтижелерін биылғы маусым айымен салыстырар болсақ, әлемде сауданың аздап төмендегенін байқаймыз: биылғы алтыншы айда 7 млн 095 мың автомобиль сатылған, яғни шілдеге қарағанда 177 мың бірлікке көп.

Консалтингтік компанияның сарапшылары шілде әдетте автонарықта аздап құлдырау болатын ай, ал қазіргі 177 мың бірлікке азаюын тұтынушылық сұраныстың төмендігін, энергия тасығыштар мен құрамдастардың бағасының өсуін ескерсек, соншалықты алаңдатарлықтай емес деп есептейді. Сонымен қатар зерттеу авторлары жаңа автомобильдер саудасында Қытайдың көш басына шыққанына назар аударады.

Аспанасты елінде шілдеде 2 млн 474 мың көлік сатылған, бұл былтырғы көрсеткіштен 33,4%-ға жоғары: аталған көрсеткіш ҚХР-дың сауда бойынша алға шығуына мүмкіндік берді. Әрі саудадағы жағымды динамика бұл елде осымен екінші ай қатарынан тіркеліп отыр және ол ең алдымен ҚХР-дың бірқатар аймағында жуырда енгізілген локдаун кезінде жинақталып қалған сұранысқа байланысты.

Сарапшылар сонымен қатар Қытайда сауданың өсімін мемлекет тарапынан автомобиль нарығын қолдаудың жаңа шараларын іске қосумен байланыстырады. Бүгінде бұл елде электромобильдерден бөлек, ішкі жану қозғалтқышымен жүретін кәдімгі көліктерге де қолдау шарасы қарастырылған. Ал дәстүрлі сату нарықтары кері көрсеткіш көрсетті: АҚШ-та 1 млн 128 мың автомобиль сатылған, бұл бір жыл бұрынғыдан 11,6%-ға аз. Батыс Еуропаның автонарықтарында шілде айында 910,1 мың көлік қана сатылған(-8,9%).

Шығыс Еуропада сауда тым ойсырап қалғаны байқалды — 36,9%-ға 213,9 мың бірлікке дейін азайған. Оңтүстік Америкада жергілікті дилерлер 20,58 мың автомобиль сатқан, бұл бір жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда 6,3%-ға көп. Әлемдік ірі автонарықтары арасында Жапонияны (346,5 мың, -7,2%), Канаданы (147,3 мың, -5,8%) және Кореяны (140 мың, -3,7%) атауға болады. Айта кетейік, биылғы ақпанның басында-ақ LMC Automotive мамандары 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік автонарық 6% деңгейінде, 85 млн автомобильге дейін өсім көрсетеді деп болжам жасаған.

Алайда 2022 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша әлемде 45 млн 478 мың ғана көлік сатылды, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,4%-ға аз. Оған қоса консалтингтік компанияның болжамында Оңтүстік Америкада сауда қызады делінген болатын. LMC Automotive аналитиктерінің есептеулері бойынша онда жылдық өсім 9%, ал Азия мен Еуропада (әрқайсысында 7%-дан), АҚШ-та (6%), Қытайда 5% өсім болады деген. Ал қазіргі жағдай бойынша Қытайдың бәрінің алдына шығып кетіп отыр.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
19.08.2022, 10:14