2022 жылдың соңына дейін Iran Khodro ресей нарығына шығады
Иранның ірі автоөндірушісі Ресейді экспорттағы басты бағыт ретінде қарастырып отыр.
Иранның Iran Khodro ірі автоөндірушісі 2022 жылдың соңына дейін Ресейге экспортты жолға қоймақшы деп хабарлайды «За рулем» порталы.
Басылым ирандық компанияның бас директоры Мехди Хатибидің сұхбатына сілтеме жасаған. Онда ол ресей тарапымен тиісті уағдараластықтарға келгендерін, себебі екі ел де Батыстың экономикалық санкциясының қыспағында отырғандықтан, экспортты жолға қоюдан тек ұтатындықтарын мәлімдеді.
«Мәскеумен жақсы келіссөздер жүргіздік. Мүмкіндіктері мол ресей нарығы біздің маңызды нарықтарымыздың бірі болмақ. Біз жеткізуді биылдан бастаймыз», — деді Хатиби Теһранның батысында орналасқан зауытта Rira кроссоверінің соңғы моделін таныстыру шарасында.
Ирандық компанияның бас директоры Iran Khodro үшін Ресей негізгі экспорттық нарыққа айналады деп есептейді. Биыл Iran Khodro 500 мың автомобиль өндіруді жоспарлайды, және алдағы мақсаты – жыл сайын олардың бестен бірін, яғни қазіргідей 20 мыңын емес, 100 мың бірлігін экспорттау. Ал Iran Khodro-ның вице-президенті Киануш Пурмоджиб оның сөзін жалғап, автоөндіруші Әзербайжан, Оман және Ирак секілді нарықтарда бағын сынап көретінін, «бірақ көлем жағынан бәрібір Ресей маңыздырақ» деп айтты.
Компания өзінің дербес брендінің жеңіл автомобильдерін және лицензиялық Peugeot, сондай-ақ Mercedes-Benz лицензиясы бойынша жүк көліктері мен автобустар шығарады. Iran Khodro бұған дейін де 2007 жылдан 2009 жыл аралығында ресей нарығына өз автомобильдерін шығарған, алайда сұраныстың төмендігіне байланысты экспорт тоқтатылды. Осыдан соң да ирандық автоөндіруші Ресейге қайта оралуға бірнеше мәрте әрекеттенгенімен, онысы сәтті болмады.
Дегенмен қазір жағдай басқаша: француздың Renault-сы мен америкалық General Motors Украинадағы жағдайға байланысты биылғы көктемде Ресейден кеткеннен кейін Ресейде жеңіл автомобиль өндірісі 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есеге жуық төмендеп, жаңа автомобиль аталмыш нарықта жақын арада тапшылыққа айналуы мүмкін.
Оған қоса Ресейде жеңіл автомобильдер мен коммерциялық жеңіл автомобильдердің саудасы 2022 жылдың шілдесінде былтырғы шілдемен салыстырғанда 74,9% қысқарып қалды, бірақ маусымдағы саудамен салыстырғанда в 9%-ға артқан. «Автостат» ресурсының сарапшылары мұны нарық шетелдік өндірушілерді өзіне қайта қызықтырып, қайта қалпына келе бастады деп бағалады.
Мәселен, EXPOCAR-дың атқарушы директоры Сергей Фирсов ресейдің автомобиль нарығын құрылымдық өзгерістер күтіп тұрғанын мәлімдеді. Әрі қазіргі жағдай әсіресе қытайлық брендтер үшін пайдалы болып тұр (Chery, Haval, Geely, Changan). Автомобиль нарығында босап қалған тұтынушылық тауашалардың арқасында олардың үлесі айтарлықтай өседі деді ол.
Оның айтуынша, ресейлік нарықта азия елдерінен, мейлі олар дербес брендтер болсын, сонымен қатар еуропалық немесе америкалық компаниямен бірлескен болсын, жаңа өндірушілердің пайда болу және олардың орнығу ықтималдығы жоғары. Мұндай жағдайда ресей нарығынан өзімізге таныс автомобильдерді, бірақ оларды басқа атаулармен көретін боламыз.
Егор Васильев, корреспондент
17.08.2022, 12:40