Тоқаев Қазақстанда отын тапшылығы қайдан туындағанын түсіндірді
Көрші елдердің азаматтары Қазақстаннан отынды ұйымдасқан түрде тасып әкетіп жатыр.
Қазақстан жыл сайын отын тапшылығына тап болады. Мәселен, күзгі жиын-терім кезінде дизель отыны жетіспеуі мүмкін. Үкіметтегілер көршілес елдердің транзиттік көліктері мен шекаралас өңірлердің тұрғындары елімізден отынды тасып әкетіп жатыр деп мәлімдеді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәселенің тамыры тереңде жатыр деп санайды. Ол көршілес елдерде біздің елден мұнай өнімдерін тасымалдауда жылдар бойы ұйымдастырылып, қалыптасқан тәсілдер бар деді. Ол ҚР Қаржы мониторингі агенттігіне осы мәселені қарап, мұндай ұйымдарды анықтауды тапсырды.
«Сондай-ақ Үкіметке, Бәсекелестікті қорғау агенттігіне транзиттік көлікке арналған және шекара бойында мұнай өнімдеріне дифференциалды бағаларды әзірлеуді тапсырамын. Бұл көрші елдермен арадағы баға теңсіздігін жояды және біздің азаматтарымызға арналған бағаларға әсер етпейтін болады», — деп мәлімдеді президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Отандық мұнай өңдеу зауыттарына жүргізілген жаңғыртуға қарамастан Қазақстанда жыл сайын отын тапшылығы туындайды. Сондықтан үкімет зауыттардың жұмысына тексеру жүргізді. Осылайша жоспардан тыс 410 рет жұмыссыз тұрғаны анықталды. Атыраудың МӨЗ-і –—372, Павлодар МӨЗ-і — 14, Шымкент МӨЗ-і — 24 рет тоқтап тұрған.
«Мұнайды өңдеудің қазіргі үдерістік тәсілі тиімсіз делдалдардың кірістердің негізгі үлесіне қол жеткізуге мүмкіндік беріп келді. Ал бұл кезде зауыттар жеткілікті қаржыландырылмай отырды», — дейді мемлекет басшысы.
Оның сөзінше, аралас тәсілге көшу жөнінде шешім қабылданған. Ол мұнай өндіруші компаниялар мен МӨЗ-дердің өздері мұнай өнімдерінің маркетингін жүзеге асыруды қарастырады. Бұл олардың өндірісті жаңғыртуға және еңбекақыны арттыруға бағыттауға болатын кірісті арттыруына мүмкіндік береді.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
14.07.2022, 12:11