Меню CARMA.KZ

«Қорғау» қосымшасы үш айда 266 жалған автонөмірді анықтады

Еліміздің сақшылары аталған мобильді қосымшамен биылғы сәуір айынан бастап жарақтандырылған.

«Қорғау» қосымшасы үш айда 266 жалған автонөмірді анықтады / Фото: 365info.kz
«Қорғау» қосымшасы үш айда 266 жалған автонөмірді анықтады / Фото: 365info.kz

ІІМ әзірлеген «Қорғау» мобильдік қосымшасы соңғы үш айда жалған нөмірлерді пайдаланған 266 автокөлік құралының иесін анықтауға көмектесті, деп хабарлайды еліміздің ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

«Қысқа уақыт ішінде жалған нөмірді пайдаланған 266 жүргізуші ұсталды. Жүргізушілер жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жазадан қашу үшін жалған нөмірлерді пайдаланғаны белгілі. Осыған байланысты ІІМ осындай әрекеттер үшін жауапкершілікті қатаңдатуды бастама етті: жалған нөмірді пайдаланған жүргізушілер енді бір жылға жүргізу құқығынан айырылады және бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады», — делінеді министрліктің ресми сайтында жарияланған хабарламада.

Бұған дейін CARMA.KZ жазып өткендей, Қазақстанда жалған немесе қолдан жасалған нөмірлі көлік құралдарын жүргізгені үшін жаза түбегейлі өзгеретінін жазған болатын. Егер қолданыстағы ереже бойынша құқық бұзушы 20 АЕК (бүгінгі күнде 61 200 теңгені құрайды) көлемінде айыппұл арқалайтын немесе бір жылға жүргізу құқығынан айырылатын болса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590 бабының жаңа редакциясында ұсталған жүргізушілер 5 тәулікке дейін қамалады. Сонымен қатар олар бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Автоматты қозғалысты басқарудың тиімділігін арттыруға арналған «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасы Қазақстанда биылғы сәуір айынан бері қолданылып келеді. Сәуірде ол пилоттық режимде тұрғын саны миллионнан асатын үш қала — Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте сынақтан өткізіліп, бір күнде иелері жалған нөмір пайдаланған 58 көлік анықталды.

Ішкі істер министрлігі түсіндіргендей, бұл мобильді қосымша «Сергек» автожолдарды бақылау жүйесімен (республика бойынша 17 000 бейнекамера бар) және өңірлердегі Жедел басқару орталықтарының операциялық жүйелерімен біріктірілген. Бұл жүйелерден белгілі бір автокөлікке қатысты сұралған деректер қызметкерлердің планшеттеріне жіберіледі, бұл жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері бар автокөліктерді нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Қорғау» техникалық байқаудан өтпеген, сақтандыру полисінсіз пайдаланылған және бағдар бойынша іздеуде жүрген, оның ішінде айыппұл бойынша берешегі бар жол қозғалысы ережесін ұдайы бұзушыларға тиесілі автокөліктерді жедел анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қосымша көше камераларынан алынған деректерді талдай отырып, 10 минут ішінде екеуден көп тәртіп бұзушылыққа жол берген көліктер туралы ақпаратты автоматты түрде жинап береді.

Осындай қауіпті жүргізуші туралы ақпарат алған полиция қызметкері жол-көлік оқиғасын жасамас бұрын ол басқарып келе жатқан көлікке қатысты алдын алу шараларын қолдана алады.

Айта кету керек, жалған нөмір пайдаланған 266 жүргізушіден бөлек, бір ғана Шымкентте «Қорғау» қосымшасы арқылы жалпы сомасы 130 миллион теңгені құрайтын бес мың айыппұл тіркелген 1400 көлік ұсталып, айыптұрағына қойылған.

«Мобильді қосымшаны қолданудың және басқа да алдын алу шараларының нәтижесінде екінші тоқсанда Шымкентте жол-көлік оқиғаларының саны 3 есеге, зардап шеккендер саны 2,5 есеге, жол-көлік оқиғаларынан көз жұмғандар үштен бірге азайды», — дейді Ішкі істер министрлігі.

Өткен жылы Шымкентте 435 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның 50 пайызға жуығына (215 ЖКО) жылдамдықты шамадан тыс асыру себеп болған. Сонымен қатар, Шымкентте бұл жол-көлік оқиғаларынан 76 адам бақилық болып, 408 адам жарақат алған.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
19.07.2022, 12:19