Меню CARMA.KZ

Қазақстанда жиі ереже бұзатындарға 50% жеңілдік берілмейді

2021 жылы 65 мың жүргізуші жол қозғалысы ережесін 5 немесе одан көп бұзған.

Қазақстанда жиі ереже бұзатындарға 50% жеңілдік берілмейді / Фото: exk.kz
Қазақстанда жиі ереже бұзатындарға 50% жеңілдік берілмейді / Фото: exk.kz

Қазақстанның ішкі істер министрлігі бір күнтізбелік жыл ішінде 5 немесе одан көп бұзған жүргізушілер үшін айыппұлдарға 50% жеңілдік алып тастамақшы. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, мұндай ереже бұзғандардың үлесі жалпы айыппұл салынғандардың тек 5%-ын құраған.

«Талдауға сәйкес, жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылса да ауыр салдарға апаратын жол қозғалысы ережелерін әрі қарай бұзып жүре беретін болған», — деп мәлімдеді ІІМ-де өткен баспасөз жиынында Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Жандос Мұратәлиев.

Ол бұл бастаманың әлі тек ұсыныс ретінде жасалғанын тілге тиек етті. Жақын уақытта қоғам өкілдерімен және өзге де мемлекеттік органдармен талқылау жоспарланған.

ІІМ дерегі бойынша, 2021 жылы айыппұл салынған жүргізушілердің тек 5% ғана жол жүру ережесін 5 немесе одан көп бұзған. 50 872 жүргізуші — бестен онға дейін, 14 мыңы — 10-нан 50-ге дейін, 197 — 50-ден 100-ге дейін, ал 50 адам жүзден аса жол қозғалысы ережесін бұзған.

Бұған дейін Жандос Мұратәлиев ІІМ-де тасжолдарда «орташа жылдамдықты» арттырғаны үшін жүргізушілерді жауапкершілікке тарту көзделіп жатқанын айтты. Тиісті түзетулерді 2022 жылдың соңына дейін енгізбекші.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
26.07.2022, 12:12