Қазақстанда газ отынына сұраныс өскенімен, өндірісі төмендеп барады
Қазақстанда жыл өткен сайын газ отынына сұраныс өсе түскенімен, бағасының арзандығына байланысты оны өндіру төмендеп барады.
Энергетика министрлігінде автомобильдерге қажетті газ өндірісі елімізде аталмыш отын бағасының арзандығына байланысты төмендеп барады. Мәселен:
- 2019 жылы — 3 195,7 мың тонна;
- 2020 жылы — 3 177,9 мың тонна;
- 2021 жылы — 3 169,8 мың тонна;
- 2022 жылы (жоспар) — 2 977,8 мың тонна өндірілмекші.
Мұнымен қатар Қазақстанда газбаллонды отынмен жүретін автомобильдердің саны да артып келеді. Энергетика министрлігінің дерегі бойынша, 2018 жылы олардың саны 82,2 мың болса, ал 2021 жылы 313,3 мыңға жетті.
Ұлттық статистика бюросының дерегінде, биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, Қазақстанда газ отынымен жүретін 8 582 автомобиль бар деп көрсетілген. Олардың ішінде 3 904 — жеңіл машиналар, 2 802 — жүк көліктері, 1 867 — автобустар. Тағы 318 457 автомобиль аралас отынды пайдаланады.
«Әлемдегі тәжірибеге сүйенсек, мұнайдан алынатын сұйытылған газдың бағасы АИ-92 маркалы бензин бағасының 70%-ын құрауы тиіс. Алайда, қазіргі таңда ішкі нарықта мұнайдан алынатын сұйытылған газдың бөлшек бағасы АИ-92 маркалы бензин бағасының 39%-ын құрайды. Сұйытылған газдың бағасы халық үшін әлеуметтік маңыздылығы мемлекетке автомобильдерге арналған жанармай құю бекеттеріндегі бөлшек сауда бағасын көтеруге мүмкіндік бермейді, бұл өз кезегінде сұйытылған газ өндірісін арттыруға деген инвестициялық тартымдылықты азайтады», — деп мәлімдеді CARMA.KZ-тің сауалына жауап берген Энергетика министрлігіндегілер.
Қазір Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» және «QazaqGaz»-бен бірлесіп Жаңаөзенде және Қашаған кен орнында газ өңдейтін зауыт салуды жоспарлап жатыр. Болжам бойынша, ол зауыттардың соммалық қуаттылығы жылына 350 мың тонна газды құрайды.
Үкімет сонымен қатар еліміздің автобус парктерін газ отынымен жұмыс істейтін қозғалтқыштарға көшіруді жоспарлап отырғанын да тілге тиек ете кетейік.
Ал жалпы еліміз бойынша автокөлікке газ отынын құятын бас-аяғы 2 641 бекет бар екен.
Ербол Казистаев, корреспондент
25.07.2022, 10:25