Қазақстанда елге әкелінетін көліктерді тексеруді қатаңдатпақшы
Былтыр Қазақстанға әкелінген 35 мыңнан артық автомобильге банктердің және құқықтық шектеулері бар болып шықты, ал 600-ден астам автомобиль ЕАЭО-ға мүше елдердің құқыққорғау органдарының іздеуінде болған.
Банктік жүктемесі және криминалға қатысы бар машиналарға қатысты әкелуге тыйым салынуы мүмкін.
Қазақстанда елге Көлік құралдарын әкелудің ережесі әзірленіп жатыр. Ол бойынша автомобильдің белгілі бір бөлігін әкелуге шектеу енгізілуі мүмкін, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің ресми сайты.
«Қазақстанда «проблемалы» автокөліктердің пайда болу қаупін болдырмау үшін және жалпы әкімшілік етуді жақсарту мақсатында Көлік құралдарын әкелудің ережесі әзірленіп жатыр. Онда шетелден әкелінетін автомобильдерге қатысты бақылауды күшейту, тіпті оларды елге әкелуді шектейтін механизмдер қарастырылатын болады», — делінеді primeminister.kz сайтының ақпаратында.
Бұл жерде банктік қарызы бар немесе құқықтық шектеулер қойылған автокөлік құралдарын шетелден әкелуге шектеу туралы сөз болып жатқаны айтылады. Сондай-ақ ЕАЭО елдерінің құқыққорғау органдарының тізбесінде тұрған, немесе «өмірбаянында» «криминалдық белгілері» бар өзге де көліктерге қатысты болмақ.
«Бүгінгі күні елге шетелдік көлік құралдарын заңнаманы бұза отырып әкелетін оқиғалар жиілеп кеткен. Атап айтқанда ұрланған немесе кепілде тұрған автомобильдерді жалған нөмір тағып пайдалану фактілері анықталып жатыр. Тек былтырдың өзінде Қазақстанға әкелінген 35 мыңнан артық автомобильдің банктік және құқықтық шектеулері бар болып шықты. Сонымен қатар 600-ден аса автомобиль әкеліне жатқан кезінде ЕАЭО елдері құқыққорғау органдарының іздеуінде болған», — деп түсіндірді бақылауды қатаңдатудың қажеттілігін үкіметтің баспасөз қызметі.
Әйтсе де үкімет шет мемлекеттерде тіркеліп, кейін ешқандай заңнаманы бұзбай Қазақстан Республикасы аумағына әкелініп, пайдалануда жүрген автомобильдерді елге әкелуге қатысты қандай да бір шектеу қоймайды.
Биылғы маусым айының басында Парламент Сенатының 10 депутаты премьер-министрдің атына Ресей, Армения, Грузия және Қырғызстаннан келген және елімізде уақытша тіркеуде тұрған автомобильдерге Қазақстанда толықтай ресімдеуге дейін салық салу есебінен жергілікті бюджеттердің салық салынатын базасын кеңейту жөнінде ұсыныс жолдаған.
Оған үкімет басшысы мұндай шараға барудың уақыты келмегенін айтып жауап берген. Ол шетелден келген көлік құралдарын есепке қою алдыңғы кезектегі жұмыс деп санайды. Өйткені мұндай мәртебе алған автокөлік еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес салық салынатын нысанға айналады.
Оның пікірінше, әзірленіп жатқан Көлік құралдарын әкелу ережесін қолданысқа енгізу елімізге «қылмыстық» және қарызы бар автомашиналарды әкелудің жолын кесуге мүмкіндік береді, осыған байланысты елімізде шетелдік автомобильдерді есепке қою шарасы да жеңілдейді.
Вадим Григорьев, журналист
13.07.2022, 16:02