Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін бір тәулікте 70 адам айыппұл арқалады
Нұр-Сұлтан қаласында «Қауіпсіз жол» алдын алу шарасы басталды.
2022 жылдың 19 шілдесінен бастап Нұр-Сұлтан қаласында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы басталды. Акцияның алғашқы күнінде-ақ қауіпсіздік белдігін тақпаған 70 жүргізушіге айыппұл салынды. Полиция бір тәулікте барлығы 364 жол ережесінің бұзылғанын тіркеді.
Жүргізушілер 260 рет, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер 104 рет ереже бұзған. Қауіпсіздік белдігін тақпаған 70 адамнан басқа полиция рөлде келе жатып телефонмен сөйлескен 13 жүргізушіні анықтады. Тағы 10-ы басып озу ережесін бұзса, 2-уі қарсы бағытқа шығып, 7-уі жолаушылар жолағында тоқтамады және тағы 11-і бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен.
Сонымен қатар бір адам мас күйде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Атап айтқанда, 2022 жылғы 19 шілде күні таңертең полиция қызметкерлері Қабанбай батыр даңғылымен BMW автокөлігін тізгіндеп келе жатқан 23-жастағы жүргізушінің құжаттарын тексерген кезде одан алкогольдің иісін бірден сезді. Медициналық куәландыру «жеңіл дәрежедегі масаңдықты» растады. Аталған азаматтың көлігі айыптұрағына қойылды.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметіндегілер осылардан басқа 52 жүргізушіге әкішілік құқық бұзғаны үшін айыппұлы бар екені ескертілгенін айтып өтті. Айыппұлдардың жалпы сомасы 7 млн теңгеден асады. Қазірдің өзінде 8 көлікті айыптұраққа алып кетті.
Бұған дейін Алматыда «Қарызы жоқ қала» деп аталатын басқа бір акция өткен болатын. 10 күн ішінде жергілікті полиция 112 көлікті айыптұраққа қойды.
Ербол Казистаев, корреспондент
21.07.2022, 09:09