Өзбекстанда Chevrolet Tracker-дің жаңа буыны қолға алынды
Өзбек кроссовері Қостанайда өткен жаздан бері құрастырылған қазақстандық баламасынан сәл күштірек, бірақ үнемділігі төмен.
Өзбекстанның Әндіжан облысында орналасқан UzAutoMotors зауыты үш негізгі: LS, LT және Premier жиынтығымен жаңа Chevrolet Tracker кроссоверін шығара бастағанын хабарлады.
Кәсіпорынның сайтындағы хабарламадан Асакада жаңа Chevrolet Tracker толық өндірістік цикл әдісі бойынша шығарылатыны белгілі болды. Қазір жылына 80 000 Chevrolet Tracker автокөлігін шығаратын қуаттылық орнатылып жатыр.
Машина үш негізгі жиынтықпен - базалық (LS), кеңейтілген (LT, тұманға қарсы шамдары бар, автоматты климаттық басқару, қашықтан іске қосу, парктроника пакетімен) және премиум-санатта (эко-былғары жұмсақ орындықтар, артқы көрініс камерасы, спутниктік навигация, қашықтан жиналмалы жүксалғыш, жылытылатын/салқындатылған алдыңғы орындықтар) ұсынылатын болады.
Дегенмен өзбекстандық Chevrolet Tracker автокөлігі Қостанайда «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауытында өткен жаздан бері шығарылып жатқан қазақстандық баламасынан сәл күштірек болады: Асакадағы «Трекерлер» алты жылдамдықты автоматты беріліс қорабы және алдыңғы жетегі бар 132-күштік көлемі 1,2 литрлік турбоқозғалтқышпен жабдықталады.
Қазақстандық баламасы 125 ат күшін шығаратын заманауи үш цилиндрлі турбоүрлемелі ECOTEC қозғалтқышымен жабдықталған. Алайда, бұл ретте өзбекстандық «Трекер» көлігінің жанармай шығыны қазақстандыққа қарағанда айтарлықтай жоғары болады – тиісінше 100 шақырымға 6,9 және 5,5 литр.
Chevrolet Tracker-дің жаңа буыны General Motors қытайлық SAIC концернімен бірлесіп әзірлеген Global Emerging Markets (GEM) модульдік платформасында құрастырылған. Асакадағы зауыт оның өндірісі жерсіндірілген үшінші алаң - бұрын дейін жаңа Tracker-ді құрастыру Бразилия мен Қытайда жолға қойылған болатын.
Бастапқыда Ресей нарығына өзбек кроссоверлері жеткізіледі деп болжанған, бірақ санкциялар енгізілгеннен кейін General Motors Cadillac және Chevrolet маркаларын алып Ресей Федерациясынан кеткен алғашқы автоөндіруші болды.
Биылғы сәуір айының екінші онкүндігінде Ресейде қымбаттары ғана емес, сонымен қатар бюджеттік Chevrolet модельдерінің сатылымы қысқартылды. Олардың саудасымен арнайы құрылған бөлек дилерлік желі айналысып келген болатын. Әңгіме UzAuto Motors зауытында лицензия бойынша шығарылған Spark хэтчбекі, сондай-ақ Nexia және Cobalt седандары туралы болып отыр. Үш модель де 2020 жылы Ресей нарығына шығып, ресейліктер арасында сұранысқа ие болмаған Ravon брендімен көшірмелерін алмастырды.
Биылғы жылдың көктемінде санкция қаупімен UzAutoMotors Ресейге үш модельді де жеткізуді тоқтатты, сондықтан өзбекстандық өндіруші Қазақстан нарығына ойыса бастады.
UzAutoMotors үшін қазақстандық нарықтың тартымдылығы 2021 жылы жеңіл автокөліктер саудасының жалпы өсімімен қатар (Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметтері бойынша 2020 жылмен салыстырғанда өсім 25,9%, 117,5 мың бірлікке дейін), Chevrolet маркасының танымалдығында болып отыр.
Өткен жылы елімізде осы брендпен 29,1 мыңнан астам жаңа көлік сатылды, бұл нарықтағы барлық брендтер арасындағы ең жақсы нәтиже – жылды екінші аяқтаған Hyundai 7 мың көлікке аз сатылған. Chevrolet-тің саудасының негізгі бөлігі Cobalt седандарына (14,6 мың, Қазақстандағы қазіргі баға 4,4 миллион теңгеден) және Nexia (10,8 мың, 3,9 миллионнан) тиесілі. Қазақстандық «Трекерлер» баға диапазоны 7,7 миллион теңгеден басталады және елдегі ең көп сатылатын модельдер ондығына әлі кіре қойған жоқ.
Егор Васильев, корреспондент
19.07.2022, 13:30