Меню CARMA.KZ

Нұр-Сұлтан әкімдігі ақылы тұрақтардың орналасу жоспарын қайта қарайды

2021 жылдың қарашасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысы шығып, соған сәйкес елордада ақылы тұрақтардың саны 24-тен 536-ға дейін көбейді.

Нұр-Сұлтан әкімдігі ақылы тұрақтардың орналасу жоспарын қайта қарайды / Фото: Владимир Бахуревич
Нұр-Сұлтан әкімдігі ақылы тұрақтардың орналасу жоспарын қайта қарайды / Фото: Владимир Бахуревич

2021 жылдың қарашасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысы шығып, соған сәйкес елордада ақылы тұрақтардың саны 24-тен 536-ға дейін көбейді.

Елордада ақылы автотұрақтарды ұлғайту туралы шешімді биылғы наурыз айында іске асыруды бастады. Нұр-Сұлтан қаласындағы ақылы автотұрақ бойынша МЖӘ жобасының операторы «Astana Parking Space» ЖШС болып табылады. Компаниядағылар қаладағы автотұрақтарды ғана басқаратынын, ал аумақтардың өзі қала әкімдігінің балансында екенін алға тартады. Компания орындарды паркоматтармен жабдықтады, тұрақ құны 1 сағатқа 100 теңге, ақыны алғашқы 30 минут ішінде төлеу қажет. Тұру уақыты аяқталған соң 10 минут ішінде кету керек.

Алайда жаңашылдық бас қала тұрғындарының барлығына ұнай қойған жоқ. Олар ақылы автотұрақ қаладағы көлік кептелісі мен тұрақ орындарының жетіспеушілігін шешпейді деп есептейді.

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Алмат Жүнісовтің айтуынша, көлік жүргізушілері көлікті кешіктіріп қойғаны үшін тұрақты айыппұл төлейтініне шағымданады.

«Айыппұлдар жоғары және төлем сомасымен салыстыруға келмейді. Айыппұл сомасын азайту үшін қайта қарау, айыппұлдарды айдың соңына дейін төлеу мүмкіндігімен төлеу мерзімін ұлғайту, сондай-ақ ақылы тұрақтардың баламасын жасау мәселесін  қарастыру қажет», — деді депутат.

Кейінірек Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов астаналықтардың қаладағы ақылы автотұрақтарға қатысты қарша бораған шағымдарынан хабардар екенін айтты. Ол бір кездері бұл жобаның Министрліктер үйінің аумағында жақсы нәтиже бергенін, бұрын ол маңайда көлікті қоятын жер болмағанын айтты.

Қазір қала билігі жобаны жүзеге асырушыларды әлеуметтік маңызды нысандардың жанында ақылы автотұрақ болмауы керек екеніне көздерін жеткізді.

«Бұл жаңа жоба екенін ескере отырып, оны жетілдіру жұмыстарын жалғастыруға дайынбыз, ең бастысы тәртіп болуы керек және тұрғындардың мүддесіне нұқсан келмеуі керек. Біз барлық шағымдарды қарауға дайынбыз. Егер ақылы автотұрақтар белгіленбеген жерге қойылса, біз оларды алып тастаймыз», — деп түсіндірді әкім.

Тұрғындардан бөлек бизнестің бір бөлігі де ақылы тұраққа қарсы. Кәсіпкерлер бұл жоба елордадағы іскерлік және сауда орталықтарына барудың тартымдылығын айтарлықтай төмендетеді деп отыр. Ал жобаның операторы «Астананың автотұрақ кеңістігі» ЖШС бизнес орталықтарының өздері аумақтарын қоршап алып, сол арқылы қалада көлік кептелісін тудырып отыр деп жауап береді.

QazProperty қауымдастығының төрағасы Қайрат Көкеновтің айтуынша, бизнес орталықтарының маңындағы көлік қоятын орындарға жақын маңдағы үйлердің тұрғындары көліктерін қойып қояды. Қалған бос орындардың аздығынан бизнес зардап шегеді — бизнес пен сауда орталықтарының тартымдылығы төмендейді, бұл  бұған дейін ақша құйып қойған меншік иелерінің кірісіне әсер етеді.

«Нәтижесінде ақылы автотұрақтарда ешкім тұрмайды, барлығы жол ережесін бұзып, жол жиегіне қойып қояды. Осылайша, аталмыш МЖӘ жобасы жолдың өткізу қабілетін төмендетеді», — деді Қайрат Көкенов Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлікті қорғау жөніндегі кеңес отырысында.

Қайрат Көкенов Нұр-Сұлтанда ақылы автотұрақтарды енгізу халық үшін ешқандай құндылық тудырмайды, оның үстіне бұл жобаны жүзеге асыру қажеттігі туралы бірде-бір зерттеу жүргізілмеген деп санайды. Оның ойынша, ақылы автотұрақтар болуы тиіс жалғыз аудан ол — «Нұрсая» тұрғын үй кешені мен Министрліктер үйі.

«Қаланың қалған бөлігінде автотұрақпен мәселе жоқ. Олардың жатын аудандарға қажеті қанша? Бізге осыны МЖӘ жобасының жасаушылар түсіндіріп берсін. Аталмыш автотұрақтарда халыққа ешқандай қызмет көрсетілмейтіндіктен, халық не үшін ақы төлеуі керек? Иә, резиденттік абонементтер бар, бірақ айына ол 1500-2000 теңге. Қалада соншалықты сығылысып жатқан көлікті байқап отырғанымыз жоқ, халықты неліктен қосымша шығындармен жүктеп отырғаны түсініксіз», –— дейді QazProperty төрағасы.

«Astana Parking Space» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев елорда жолдарында бизнес орталықтарының өзі көлік коллапсын туғызды деп жауап берді. Олар халық көп баратын орындарда орналасқан, алайда өздерінің автотұрақтарын қарапайым келушілерден қоршап алып, оларды көлікті жол бойына қоюға мәжбүр етеді.

Ол мысал ретінде «Марден», «Emeraldtower» және «Алма-Ата» бизнес орталықтарын атады. Енді «Астананың автотұрақ кеңістігі» осы шлагбаумдарды алып тастап, ол жерлерге бірыңғай тариф пен ережесі бар ақылы автотұрақтар орнатуды ұсынып отыр.

Имановтағы «Алма-Ата бизнес орталығын бәрі біледі — Уәлихановқа жетпей көліктер екі-үш қатар болып тұратынын бәрі біледі. Және бұл тек көлік басқармасының талабы емес, жол қауіпсіздігі аясында жергілікті полиция өзі ол жерде ақылы тұрақ қажет екенін көріп отыр. Бизнес-орталық қызметкерлері өз аумақтарын шлагбауммен жауып, келушілерді автотұраққа кіргізбей отыр және Уәлиханов-Иманов аралығында машиналар екі-үш қатар болып тұрмау үшін  жағдайды түзетуді талап етеді», — деді Шыңғыс Досыбаев.

Нұр-Сұлтан қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев ақылы автотұрақ жобасын әзірлеушілер сауда орталықтарының халық арасында тартымдылығын қаншалықты төмендететінін сараптап, зерттеу жүргізбегенін атап өтті.

«Көлікте келе жатып, дүкенге барғыңыз келді делік, бірақ ақылы тұрақ көріп, басқа бір жерге тоқтармын дейсіз, бұл бизнес үшін шығын», — дейді Бейсен Жолболдиев.

Ол елорданың оң жағалауында ақылы автотұрақтың қажеті жоқ екенін айтты. Қазір олар бос тұр. Жиынға қатысушы басқалар да оны құптады. Олар ақылы автотұрақтарды бастапқыда Нұр-Сұлтанның сол жағалауында ғана енгізуді жоспарлағанын еске салды.

Елорда әкімдігі болса ақылы автотұрақтарды орналастыру жоспарын қайта қарауға уәде беріп отыр.

«Қазір түсіп жатқан арыз-шағымдарды ескере отырып, оң жақ жағалауда жаңа ғана атап өткен жерлерді қайта қарастырып жатырмыз, енді ақылы автотұрақтарды ауыстыруды ойластырып жатырмыз», — деді Нұр-Сұлтан қаласының инфрақұрылымды дамыту және жол-көлік басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диханбаев.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
19.07.2022, 16:04