LADA NIVA Legend-тің бағасын атады
Базалық жиынтықтағы үшесікті NIVA Legend-тің құны 7 млн теңгедей тұрады.
Ресейлік LADA автомобиль өндірушісі Classic’22 (базалық) жиынтықтағы үшесікті NIVA Legend-ті саудаға шығарғанын жариялады. Мұндай автомобиль 806,9 мың рубль (6,7 млн теңге шамасында) тұрады.
«Біз Classic’22 жиынтығындағы көпшілікке белгілі жол талғамайтын көлікті қайта өндіріп, сол арқылы саудаға ұсынылған LADA автомобильдерінің таңдауын кеңейткенімізге қуаныштымыз. LADA NIVA Legend-те жолсыз жерлерді бағындыру, дизайн, жайлылық пен жарақтандыру — бәрі қарастырылған. Ал мемлекеттің жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясындағы LADA NIVA Legend-тің баға ұсынысы толық жетекті автомобильдер нарығында қолжетімділік жағынан ерекше болып табылады. Біз NIVA шоғырындағы тағы бір модель — Travel жол талғамайтын көлігін де қайтадан саудаға шығаруға күш саламыз», — деп мәлімдеді «АВТОВАЗ» АҚ сауда және маркетинг жөніндегі вице-президент Дмитрий Костромин.
Үшесікті NIVA Legend-тің базалық нұсқасындағы қозғалтқыштың көлемі 1,7 литрді құрайды, қуаты — 83 ат күші, ауаны ластау нормасы — ЕУРО-5, пайдалануға ұсыныс етілетін бензин — АИ-95. Көлік жылдамдығын 17 секунд ішінде сағатына 100 шақырымға дейін үдете алады.
Автомобиль рульді басқару гидрокүшейткішімен жарақтанған, сондай-ақ қозғалтқышты болаттан жасалған қорғағыш, 16-дюмдық қалыпталған дискілер, электрлі әйнек көтергіштер, күндізгі жүру шамдары, борт компьютер орнатылған. Сонымен қатар аудиожүйе, динамиктер үшін желілер, және антенна қондырылған.
Ixbt.com порталының дерегі бойынша, NIVA Legend-тің базалық жиынтығы ЭРА-ГЛОНАСС, ABS, EBD және BAS жүйелерімен жарақтандырылмайды. ABS, отырғыштарды жылыту және кондиционер тек кеңейтілген жиынтықтарында ғана табылады.
Үшесікті NIVA Legend-тен өзге бесесікті және Bronto нұсқасы да шығарылатын болады. Олардың базалық жиынтықтарының бағасы 918,9 мың рубльден (7,6 млн теңге) және 1,13 млн рубльден (9,3 млн теңге) басталады. Нұсқалардың әрқайсысында — Classic, [BLACK], Luxe және Urban — 4 жиынтықтан бар.
Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының деректеріне сүйенсек, алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша LADA Қазақстандағы сауда көлемі бойынша 4-орында тұр. Компания 5 мыңнан аса автомобиль сатқан және отандық автонарықтың 9,8%-ын еншілейді.
NIVA Legend-тің қайта шығарыла бастағанын ресейлік автоконцерн шілде айының басында жариялаған болатын. Ол кезде автомобильді құрастыруға импорттық құрамдастардың тапшылығы әсер етпейді делінген.
Көліктің жоғарыда айтылған сипаттамаларынан басқа ол біліктер арасында дифференциалды бұғайтын мүмкіндігі бар тұрақты толық жетек және берілістердің төмендеу қатарының қосылу жүйесімен жабдықталады.
Ербол Казистаев, корреспондент
27.07.2022, 10:17