Hyundai Sonata автомобильдерінің өндірісін тоқтатпақшы
Hyundai бұдан былай Sonata автомобилін өндірмейтін болды. Chosunilbo басылымының дерегі бойынша, компаниядағылар модельдің жаңа нұсқасын жасап жатқан жоқ.
Hyundai Sonata-ны өндірістен алып тастамақшы, ал босаған қуаттылықтарды электромобиль шығаруға лайықтамақшы. Компания Асандағы зауыттан Sonata мен Grandeur шығаруды қаңтарда тоқтатып, бұл желілерді Ionic 6 EV өндірісіне бағыттады. Hyundai біртіндеп ішкі жану қозғалтқышы бар автомобильдерден бас тартып жатыр. Бұл процесті 2035 жылға қарай аяқтау жоспарланған.
Hyundai Sonata-ны 1985 жылдан бері шығарып келді және әлем бойынша 9 млн автомобиль сатылған. Соңғы нұсқа 2016 жылы шықты. Кореялық басылымның дерегі бойынша, автомобильдің жаңа моделін жасауға орташа алғанда төрт жылдан алты жылға дейін уақыт кетеді. Дегенмен Chosunilbo-ның компаниядағы дереккөзі жаңа нұсқа бойынша ешқандай жұмыс жүргізіліп жатпағанын мәлім етті.
Айта кетейік, сарапшылардың бағалаулары бойынша, Sonata-ның жаңа моделін әзірлеп, шығаруға орташа алғанда 225 миллион доллар жұмсалады екен. Компаниядағылар электромобиль өндірісіне ауысатын болса әрі Sonata-ның әлем бойынша саудасы төмендеп бара жатқанын ескеріп, мұнша ақшаны жұмсау тиімді емес деп отыр. Аталмыш үш жыл ішінде соңғы нұсқаның әлем бойынша барлығы 440 мың бірлігі сатылған. Ал оған дейінгі нұсқалардың саудасы миллиондарға жеткен болатын.
Hyundai Sonata Қазақстандағы танымал автомобиль моделінің бірі. Елімізде оның өндірісімен Hyundai Trans Kazakhstan айналысады. Қазақстандық АвтоБизнес Қауымдастығының деректері бойынша, 2022 жылдың қаңтар-сәуірі аралығында отандық өндірістен шыққан машиналардың арасында сауда деңгейі бойынша Hyundai Sonata екінші орынға шықты. Экспортты қоса есептегенде, барлығы 2 490 данасы сатылыпты. Маусым айында қазақстандықтар 519 бірлік Sonata автомобилін сатып алған.
Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының атқарушы директоры Алмас Дүйсенбай қазақстандықтар арасында Sonata үлкен сұраныста екенін атап өтті. Десе де, егер аталмыш модельді өндірістен алатын болса, Hyundai клиенттердің сұранысын басқа, оның ішінде қазақстандық өндірістен шыққан автомобильдермен өтей алатынын айтады.
«Қазақстанда Sonata нарықтың бәсекелес сегментінде тұр және сатып алушылар тарапынан сұранысқа ие. Автомобильдің басты артықшылықтарының бірі – бұл модель Алматыдағы кәсіпорында жерсіндірілген. Егер кореялық автоконцернде модельді өндірістен алу туралы шешім қабылданатын болса, онда өндірістік қуаттылықтар әлдеқайда ықшам модельдерді шығаруға, бәлкім кроссоверлер шығаруға лайықталатын шығар. Бұл сегменттегі автомобильдерге сұраныс әлем бойынша өсіп келеді, ал клиенттердің сұранысын өтеуде Hyundai-дың ұсына алатын бірнеше моделі бар», – деп санайды Алмас Дүйсенбай.
Hyundai Motor Company электрлі Sonata-ның жарыққа келуін жоққа шығармайды. Алайда қазіргі уақытта қалада жүруге қолайлы ықшам автомобильдер жасауға басымдық берілуде.
Осының алдында компания 2022 жылдың маусымында әлем бойынша 340 534 автомобиль сатылғаны туралы хабарлаған еді. Бұл көлем алдыңғы айдағыдан 5,2%-ға көп, және былтырғы маусымдағыдан 4,5%-ға аз.
Ербол Казистаев, корреспондент
18.07.2022, 11:45