Қазақстанда электросамокаттардың жылдамдығын 25 км/сағатқа шектеуді ұсынуда
ІІМ деректері бойынша, 2021 жылы елімізде самокаттардың қатысуымен 68 ЖКО орын алып, онда бір адам көз жұмса, 71 адам зардап шеккен. Биылғы жылдың бес айының өзінде 41 ЖКО тіркелген. Самокаттардың қатысуымен ЖКО Алматы қаласында өте көп орын алатыны байқалды.
Елімізде «Электрлі самокаттар» ұлттық стандарт жобасы әзірленді.
«Аталған стандарт аңнаманың нормативтік құжаттарында, жол қозғалысы ережелерінде осы мәселені реттеу үшін әзірленіп жатыр. Стандарттың өзін әзірлеп, заңнамаға тиісті өзгертулер енгізілген соң барлығы белгілі болады», — деп мәлімдеді жобаны таныстыру барысында Қазақстандық стандартттау және метрология институтының дөңгелекті және ауыл шаруашылығы машиналарын стандарттау жөніндегі №87 техникалық комитеттің төрағасы Ербол Сейпілов.
Бүгінгі күні электросамокаттардың велосипед жолымен, қоғамдық көліктің жолағымен жүруге рұқсат етілген. Сонымен бірге жалпыға ортақ жолдарда электросамокаттардың көлік жолының оң жақ шетімен жүруіне болады.
Электросамокатты жалпыға ортақ жолда пайдалануға болады, бірақ ЖКО орын алмас үшін қарапайым жол жүру ережелері сақталуы тиіс. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолымен де жүре алады. алайда жүру жылдамдығын шектеуі немесе ешқандай қауіп тудырмас үшін адамдардың алдына келгенде тоқтауы керек», — деп атап көрсетті Ербол Сейпілов.
Сондай-ақ ол «аталған стандарт аясында самокаттың максималды жылдамдығын 25 км/сағат дейін шектеуді, жаяу жүргінші режимі мүмкіндігін де қарастырдық» деді.
Стандартқа самокатты өндіруші қозғалыс құралын кім қолданатындығына қарай бойы, салмағы, жасы бойынша нұсқаулықты қарастыруды міндеттейтін талаптар да енгізілмекші. Сонымен қатар самокатқа жарыққа шағылысатын белгілер және фарлары мен дыбыстық белгі бергіш орнату секілді техникалық талаптар да биылғы жылғы қыркүйек айында қабылданатын болады.
Вадим Григорьев, журналист
15.06.2022, 16:00