Көлік салығы бойынша қарызы барлар жаяу қалып жатыр
Бүгінгі таңда Алматыда көлік құралдарына салынатын салық бойынша қарыз 5 млрд теңгеден асады. Бұл соманың негізгі бөлігі қозғалтқыш көлемі 4 мың текше.см-ден асатын көлік иелеріне тиесілі.
Алматыда 17 маусымда көлік салығы қарызы барларды анықтау мақсатында акция басталды. Акцияның мақсаты автокөлік құралдары бойынша салық қарызын мәжбүрлі өндіру болып табылады.
Акция аясында Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті Алматы қаласы Полиция департаменті және жеке сот орындаушыларымен бірлесіп рейдтік шаралар жүргізіп, оның барысында қарызы барлардың автомобильдерін «Сергек» бейнекамералары көмегімен анықтап, қарызын толық өтегенше айыптұрағына қойып жатыр.
«Жүргізілген екі сағаттық жұмыс ішінде жалпы қарызы 11 млн теңге болатын он шақты көлік айыптұрағына қойылды», — деп хабарлады Алматы салық департаменті.
Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті автомобиль иелерінен «келеңсіз жағдайға тап болмас үшін, сондай-ақ сот орындаушылары мен айыптұрағының қызметі секілді шығындар шекпес үшін» салық қарызын өтеуді сұрауды.
Салық қарызын «e-SalygAzamat» мобильдік қосымшасының, екінші деңгейлі банктердің, Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz интернет-ресурсы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығының көмегімен тексеріп, төлеуге болады.
Вадим Григорьев, журналист
17.06.2022, 11:00