Меню CARMA.KZ

Көлігіне жалған нөмір таққандар қамалады

Мәжіліс көлік құралдарына басқа немесе жалған мемлекеттік нөмірді тағып жүргендері үшін жазаны қатайтатын түзетулер енгізді.

Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің мүшесі Берік Бекжанов заңнамаға автомобильдерге жалған мемлекеттік нөмірді пайдаланғаны үшін жазаны қатайтатын өзгеріс енгізуді ұсынды. Парламенттің төменгі палатасы 8 маусымда өткен отырысында халық қалаулысының бастамасына қолдау білдірді.

«Бүгінгі күнде автоматты камералар тіркеген жол жүру ережелерін бұзғанда жауапкершіліктен жалтару үшін жүргізушілер автокөлік құралдарына жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалануды жиілеткен», — деп санайды Берік Бекжанов.

Берік Бекжанов Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590 бабын өзгертіп, оны кеңейтуді ұсынды. Ол бап «Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» деп аталады және 10 тармақтан тұрады. Солардың 2-еуіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылып отыр.

Бөтен немесе жалған нөмірлу көлік құралымен жүргені үшін жаза мүлдем өзгеретін болады. Егер қазіргі қолданыстағы ереже бойынша 20АЕК көлемінде айыппұл салу жазасы қарастырылған болса, ұсталған жүргізушілер бұдан былай жаңа ереже бойынша 5 тәулікке дейін қамалады. Сонымен бірге, олар бір жылға автокөлік құралын басқару құқығынан айырылады.  

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық санаттағы азаматтарға бірдей әкімшілік қамау шарасы қолданылмайды, сондықтан олар үшін 40 АЕК көлемінде айыппұлмен, яғни 122 400 теңге және бір жылға жүргізу құқығынан айыру жазасымен алмастыру ұсынылып отыр. Бұл санатқа жүкті әйелдер, он төрт жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, жасы он төртке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкелер, кәмелетке толмағандар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жасы елу сегізден асқан әйелдер, жасы алпыс үштен асқан ерлер.

Мемлекеттік нөмірінсіз жүретіндерге депутат тым қатаң жаза ұсынбаған. Мұндай заң бұзушылық үшін алғаш рет ұсталғанға жаза бұрынғыша 10 АЕК (30 630 теңге) болып қалып отыр. Дегенмен, Берік Бекжанов баптың аталмыш бөлігіне бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда 20 АЕК көлемінде (61 200 теңге) айыппұл немесе бір жылға жүргізу куәлігінен айыру туралы тармақты қосуды ұсынды.

Депутат бүгінгі заңнамалық ережелер тым жұмсақ және тәртіпсіз азаматтарға әсер етіп жатқан жоқ деп санайды. Оның келтірген дерегінде 2017 жылы нөмірсіз жүрген 4 060 жүргізуші ұсталған болса, ал 2021 жылы мұндай бұзушылықтардың саны 12 655 болған, ал биылғы 5 айдың өзінде нөмірсіз жүрген жүргізушілердің саны 5 315 құраған. Сондай-ақ жалған немесе бөтен нөмірмен жүргендердің саны артып отыр. Атап айтқанда, 2017 жылы 836 жүргізуші ұсталса, ал 2021 жылы олардың саны 1 159 болған, ал 2022 жылдың 5 айында ұсталған жүргізушілердің саны 675 болды.

Евгений Петров

Евгений Петров, корреспондент
11.06.2022, 18:00