Ресми дилерлер 31 мыңнан аса автомобиль саудалады
Төрт айдың қорытындысы бойынша жаңа автомобильдердің саудасы 8,5%-ға төмендеген.
Жыл басынан бері ресми дилерлер жеңіл автомобиль, жүк көліктері, автобустар, арнайы техника, тіркемелер мен LCV қоса есептегенде барлығы 31 189 бірлік техника сатты. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 34 100 бірлік техниканы құраған болатын. Осылайша, есептік кезеңде нарықта 8,5%-ға төмендеу болғанын көріп отырмыз, деп хабарлайды Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының жетекшісі Артур Мискарян өзінің телеграм-арнасында.
Сәуірдегі үздік 5 бренд:
Chevrolet — 3 004 бірлік
Hyundai — 1 802 бірлік
KIA — 968 бірлік
Toyota — 950 бірлік
LADA — 798 бірлік.
Сәуірдің қорытындысы бойынша алдыңғы ондыққа жататын бірқатар брендтердің саудасы айтарлықтай төмендеген. Мысалы, Nissan-ның саудасы 81%-ға, Volkswagen — 81%-ға, GAZ — 78%, Renault — 67%-ға төмендеген.
4 айдағы үздік 5 бренд:
Hyundai — 8 675 бірлік
Chevrolet — 5 893 бірлік
KIA — 3 326 бірлік
LADA — 3 121 бірлік
Toyota — 3 094 бірлік.
Сарапшының пікірінше, туындаған тапшылық пен логистикалық мәселелерге қолайсыз геосаяси жағдай қосылып, нарықтағы кейбір қатысушылардың жұмысына әсер еткен.
«Қазіргідей жағдайда елімізде құрастырылған автомобильдерді сатып алушылар көп ұтады: бір жағынан — импорттық автомобильдер бойынша ұсыныстармен салыстырғанда баға қатты өсіп жатқан жоқ, екінші жағынан — мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген шарттармен автомобиль сатып алуға мүмкіндік бар», — деп санайды Артур Мискарян.
Валюта нарығында өзгерістерді атап өткен маңызды. 1 рубль үшін бағам 7 теңге болған жағдайда ресейлік тұтынушыларда Қазақстаннан автомобиль сатып алуды қарастыру тиімділігі туады. Егер соңғы бір-екі айда «Ресейден сатып алушылардың ағылуы» ертегіге көбірек келіңкіреген болса, ал қазір егер бағам ұзақ уақыт бойы осы деңгейде тұратын болса, онда ресейліктер тарапынан сұраныс артуы әбден мүмкін.
Олжас Сабитов, журналист
26.05.2022, 11:00