Renault тобының ресейлік активі мемлекет меншігіне өтеді
Федералдық монополияға қарсы қызмет француз компаниялар тобының активін мемлекетке беру жөніндегі екі мәмілені мақұлдады.
Renault Ресей активін Мәскеу қаласына және АВТОВАЗ акциясын мемлекет атынан әрекет ететін Ресей Өнеркәсіп және сауда министрлігіне қарасты «Автомобиль және автомоторлық орталық ғылыми-зерттеу институтына» («ҒАМИ» федералдық мемлекеттік кәсіпорны) беруді қарастыратын келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі бұған дейін нарықта кеңінен талқыланған «басты шарт Renault-ның алдағы 6 жыл ішінде сатылуы мүмкін өзінің АВТОВАЗ-дағы үлесін кері сатып ала алатын опцион болып табылатындығы» туралы ақпаратты растады. Екі мәмілені де Ресейдің Монополияға қарсы федералдық қызметі мақұлдады.
Мәмілелердің нәтижесінде активтердегі үлестер келесідей болып бөлінеді: «Рено Ресей» ЖАҚ 100% акциясына Мәскеу Үкіметі иелік етеді. «АВТОВАЗ» автоконцернінің 67,69% акциясы «ҒАМИ» мемлекеттік кәсіпорны меншігіне өтетін болады. АВТОВАЗ концернінің қалған акцияларын «Ростех» мемлекеттік кәсіпорны сақтап қалды.
«ҒАМИ» автомобиль өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар мекеме және автокөлік құралдарын зерттеу, жобалау, жасау, әзірлеу және сынақтан өткізу саласындағы міндеттерді орындауға, сондай-ақ автомобильжасау саласында өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-өндірістік базаға ие. «ҒАМИ»-дың конструкторлық және инженерлік командасының бәсекеге қабілеттілігі бірыңғай модульді платформа негізінде Aurus брендімен автомобильдер жасауда көз жеткізілді», — деді Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігінің басшысы.
Қолда бар лицензиялар аясында LADA автомобильдерінің барлық түрлерін АВТОВАЗ зауыттарында шығару жалғасатын болады. Сонымен қатар АВТОВАЗ ресей нарығында Renault автомобильдеріне сервистік қызмет көрсететін болады.
«Renault тобының үлесін мемлекетке өткізу «АВТОВАЗ»-дың басқарылушылығын сақтап қалуға және кәсіпорынның санкциялық шектеулер жағдайында одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін болады. Біз осылайша басты құзіреттерді, өндірістік цикл мен жұмыс орындарын сақтап қаламыз», — деп атап өтті РФ Өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров.
Лев Павлов, корреспондент
16.05.2022, 20:45