Меню CARMA.KZ

Renault компаниясы Ресей нарығынан кетті

Тольяттидегі конвейерден соңғы екі автомобиль шығарылды.

27 мамыр, жұма күні Тольяттидегі «АвтоВАЗ» конвейерінде екі Renault Sandero Stepway құрастырылған болатын. Бұл екі көлік аталмыш автозауытта жасалған француз маркалы автомобильдің соңғысы болды, деп жазады autonews порталы.

Интернет-басылымның ақпараты бойынша, соңғы екі Рено Сандеро автомобилі қосымша жиынтықталып және ақаулары жойылған соң тиеу цехына жөнелтілген. Тиеу алаңында шамалы көлік жөнелту кезегін күтіп тұрғаны болмаса, жалпы өндірістік учаскелер мен тұрақтарда бұдан өзге бірде-бір «Рено» маркалы автомобиль жоқ.

Осының алдында Самара облысының губернаторы Дмитрий Азаров Тольяттиде Renault Sandero және Duster модельдері құрастырылатын болады деп сендірген. «Қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде «АвтоВАЗ»-да болашақта Renault Duster және Renault Sandero шығарылатынын сенімді түрде айта беруге болады» деп мәлімдеді Азаров.

Наурыз айының соңында Renault басшылығы Ресейдегі жұмысын уақытша тоқтатып және Мәскеудегі кәсіпорында автомобильдер шығаруды доғара тұратындығын хабарлады. Осыдан соң іле француздар «АвтоВАЗ»-дағы өз үлесін жергілікті инвесторға берудің түрлі нұсқаларын қарастырып жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Ал 2022 жылғы 16 мамырда Renault-ның Ресейден толықтай кетіп жатқаны туралы хабар тарады.

Компанияның «АвтоВАЗ»-дағы үлесі (акцияның 67,69%) «НАМИ» мекемесіне, ал «Рено Ресей» Мәскеудің иелігіне өтетіні туралы мәлімделді. «АвтоВАЗ» автоконцернінің қалған акцияларын «Ростех» МК өзінде сақтап қалады. Дегенмен Renault-да акцияларды 6 жыл ішінде кері сатып алуға опцион бар.

Renault Ресейден кеткен соң француз автомобильдеріне сервистік қызмет көрсетумен «АвтоВАЗ» айналысады деген болжам бар. «Әзірше алаңдайтын ештеңе жоқ. Қалай болғанда да компаниялар кепілді жөндеуді кім жасайды деген мәселені шешетін болады. Бәлкім Lada дилері, немесе Renault дилері міндетіне алар. Және ағымдық, бірақ сатылып кеткен автомобильдерге Renault дилері қызмет көрсетіні анық», — деді автосарапшы, РАДҚ экс-президенті Олег Мосеев.

Фото: Bloomberg.com
Фото: Bloomberg.com

Десек те Renault үшін Ресей басты нарығы еді: сауда көлемі жағынан ол Франциядан кейін екінші орында тұрды. Тек бір ғана 2021 жылдың қорытындысы бойынша Ресейде 482 мың көлік сатылған, бұл Францияда сатылған көліктен тек 39 мыңға ғана аз. Салыстыру үшін айта кетейік, Германияда 177,8 мың автомобиль сатылған.

Қазақстанда төрт айдың қорытындысы бойынша ресми дилерлер Renault маркалы 784 автомобиль сатқан, есептік кезең ішінде сауда 18,6%-ға төмендеген.

«Кейбір өзге де бренд техникалармен қатар Renault автомобильдері де Қазақстанға әдетте Ресейден жеткіліп отырды. Қазіргі жағдайда ойыншылардың біразына бизнес-үдерістер мен логистиканы қайта құруына тура келеді. Соған сәйкес бірқатар маркалар бойынша, олардың қатарында Renault-да бар, ұсыныстардың көлемі азаяды. Бұл, әрине, бағаларына әсер ететін болады», — дейді АТМО бас директоры Артур Мискарян.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Renault еліміздің сатып алушылары арасында аса сұранысқа ие 10-дықтың қатарына енген. 2021 жылы Қазақстанда аталмыш маркадағы 3,6 мың жаңа автомобиль тіркеліпті, бұл алғашқы тіркеуден өткен көліктердің жалпы санының 3,6%-ын құрайды.

Олжас Сабитов

Олжас Сабитов, журналист
29.05.2022, 18:00