Автомобильдердің бағасы және оның неліктен қымбаттап жатқаны туралы
Пандемия көптеген нарықтар мен салаларға өз зардабын тигізбей қоймады. Соның бірі ретінде көлік өндірісін атауға болады. Сала қандай қиындықты бастан кешуде? Бізде бар тапшылық, әлемнің қай бұрышында болсын бар. Ол неден туындады? Міне, осы жайында кеңірек тоқталайық.
Әлемде індет басталған кезде көлік өндірушілері автомобильдің электроникасына пайдаланатын микросхемаларға тапсырысты азайтты. Соған сәйкес микросхема өндірушілер өзінің өндірісін тоқтата тұруға мәжбүр болды. Ал індеттің беті қайта бастаған кезде, автомобильдерге сұраныс күрт артты. Ал микросхема өндірушілер дәл солайша өндірісін жылдам қалпына келтіре алмасы анық, себебі микросхемаларға кремнийден алынатын элементтер пайдаланатындықтан, оны өңдеуге шамамен жарты жыл уақыт кетеді, ал оның қоры жасалынбаған. Сол себепті америкалық, еуропалық, жапон, кәріс және қытай автоконцерндерінің қай-қайсысы болсын, чиптерді жеткізуде мәселе барын мойындайды.
Қазақстан нарығында сұраныс ұсыныстан бірнеше есе артып отыр, оның себебі халықтың көлікпен аз қамтылғандығы (1000 адамға 190 автокөлік — бұл аз) мен автопарктің тозғандығында (еліміздегі автомобильдің орташа жасы 21 жылға жуық — бұл көп). Оның үстіне елімізде ірі автозауыт жұмысын тоқтатып отыр. Ал сәуірдегі локдауннан кейін автоорталықтардың жұмыс істеуіне рұқсат етілген бойда қазақстандықтарға автокөлік қажет екені түсінікті болды.
Тіпті бұған дейін автокөлікті қажетсінбейтін адамдардың өзіне көлік қажет болды. Өйткені еліміздің аумағы үлкен болғандықтан, бір қаладан екінші қалаға сапарлау үшін жүздеген-мыңдаған шақырымдық аралықты еңсеруге тура келеді. Ал індет көрсеткендей, автобустар, пойыздар, тіпті ұшақтардың өзі сенімді қатынас құралы болмай қалуы мүмкін, себебі олардың жұмысын күтпеген жерден тоқтата салуы ықтимал. Тіпті олардың жұмыс істеуіне рұқсат етілген күннің өзінде сапырылысқан халықтың арасында індет жұқтыру қаупі жоғары. Ал мұндай жағдайда ең оңтайлысы өз көлігіңнің болуы. Біз айтып отырғандай көлікке сұраныстың артуына бұл да бір дәлел.
P.S. Тіпті осы факторлардың барлығын ысырып тастап, әлемдік тұрғыдан алғанда тұтынушылардың автомобильдің сапасына талаптары артып бара жатқанын, бұл да бағаның өсуіне әсер ететінін мойындау қажет. Былайша айтқанда — сіз, сіздің көршіңіз, мен, жалпы барлығымыз келесі жолғы көліктен көп нәрсені талап ете бастаймыз: қауіпсіздік жағынан әлдеқайда күшті, оптикасы әлдеқайда жетілдірілген, әлдеқайда қымбат материалдармен қапталғанын (дей тұрғанмен табиғатқа жанашырлықпен қарай отырып), озық медиажүйесінің болуын, жағармайды аз тұтынатын мықты қозғалтқышының болуын қалаймыз. Өндіруші осының барлығын ұсынуға тиіс, себебі бәсекелес жағдайда жұмыс істеп жатыр. Демек бағаның өспеуі мүмкін бе? Мүмкін емес.
Артур Мискарян, независимый автомобильный эксперт
03.03.2021, 13:27