Volkswagen Ресейдегі активтерін сатады
Компания Porsche, MAN және Scania-ның ресейлік активтерін сату жөнінде келіссөздерді бастап кетті.
Volkswagen өзіне тиесілі Porsche, MAN және Scania маркаларының ресейлік активтерін бір жыл ішінде сатпақшы. Бұл туралы концерннің 2022 жылғы ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жасаған аралық есебінде айтылады.
«Үшінші тоқсанда Porsche AG Ресейдегі үш еншілес компаниясын тәуелсіз инвесторға сатумен қатар, Ресей нарығында болудың жолдарын қарастырды. Осы мақсатпен ықтимал мүдделі сатып алушылармен сауда жөнінде келіссөздер жандана түсті. Мәміле алдағы 12 ай ішінде аяқталып қалуы тиіс», — деп Volkswagen AG есебінде айтылған.
Осылайша, Volkswagen-нің Ресейдегі жалпы құны 543 млн еуро (251,1 млрд теңге) болатын активтері мен 206 млн еуро (95,3 млрд теңге) міндеттемелері сатуға қойылды, деп жазады «Газета.ru».
Осыған дейін Ресей нарығынан кететіні Mercedes-Benz хабарлаған болатын. Қазір компания «Есипово» индустриалдық паркіндегі зауытын сату жөнінде «АВТОДОМ»-мен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ Ford Motor Co. Sollers Ford бірлескен кәсіпорнындағы 49% акциясын сататындығы белгілі болды. Америкалық компания «жаһандық ахуал өзгерген жағдайда» бес жыл ішінде акцияларды кері сатып алу құқығын сақтап қалып отыр.
Осы тұста Қазақстанда шетелдік кәсіпорындардың Ресейден елімізге көшіп келу мәселесі бірнеше айдан бері талқыланып отыр. Мәселен, премьер-министр Әлихан Смайылов жапонның Toyota компаниясымен келіссөздер жүргізілгенін растады.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде 56 компания Қазақстанда жұмыс істеп, кеңселерін көшіруге ниет білдірген. Үкімет олармен кеңселері мен кәсіпорындарын орналастырудың шарттары, уақыты мен орнын талқылап жатыр. Бүгінде бірнеше компания Қазақстанға көшіп келіп алды. Атап айтқанда, олар — Honeywell (электронды қондырғылар мен автоматтандыру), inDriver (тасымал), Fortescue (темір кенін өндіру) және Marubeni (сауда).
Ербол Мухамбаев, корреспондент
09.11.2022, 12:50