Меню CARMA.KZ

Ferrari алғашқы кроссоверіне тапсырыс қабылдауды тоқтатты

Бес есікті модельге алдағы екі жылға кезек тізілген.

Ferrari алғашқы кроссоверіне тапсырыс қабылдауды тоқтатты / Фото: autoexpress.co.uk
Ferrari алғашқы кроссоверіне тапсырыс қабылдауды тоқтатты / Фото: autoexpress.co.uk

Биыл қыркүйекте шығарыла бастаған Ferrari Purosangue кроссовері нарықта дүрбелең тудырды. Өндіруші оның саудасын тоқтатуға мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды Motor.ru ресурсы.

Ferrari Purosangue моделі (Purosangue итальян тілінде «тазақанды» деп аударылады) осы жылдың 13 қыркүйегінде көпшіліктің назарына таныстырылды. Көп ұзамай оған тапсырыс қабылдана бастады. Ferrari осы марканың өндірісінің тек 20%-дайы ғана Purosangue моделіне тиесілі болады деп мәлімдеген. 2021 жылы компания әлем бойынша 11,1 мың көлік сатқанын ескерсек, Purosangue-дің жылдық өндірісі 2 мың бірліктен аспауы тиіс.

Дей тұрғанмен, аталмыш көлікке сұраныс жоғары болғандықтан, өндіріс саны жеткіліксіз болды. Автокөліктің өзі нарыққа шықпай, бағасы да белгісіз бола тұра, сатып алушылар алдағы екі жылға кезекке тізілген. Purosangue көлігін мінгісі келетіндердің саны 4 мыңға жақын. Ал енді италиялық өндірушінің кроссоверіне тапсырыс беру әзірге белгісіз мерзімге тоқтатылған.

«Біз Purosangue-ке тапсырыс қабылдауды тоқтатқанымыз рас. Бірде-бір данасын жеткізбей жатып, халық арасында үлкен қызығушылық  тудырдық. Сондықтан Ferrari мен модельдің абыройына сай келетін шешім қабылдадық», — деді италиялық компанияның маркетинг менеджері Энрико Гальера.

Естеріңізге сала кетейік,  компанияның негізін қалаушы Энцо Феррари: «Ferrari қашан да нарықтың сұранысына бір көлікке аз жеткізеді» деп мәлімдеді. Бұл тәсіл компанияға өз көліктерінің эксклюзивтілігін қалыптастыру арқылы қосымша пайда табуға мүмкіндік берді.

Purosangue өндірісі осы жылдың соңына дейін басталуы керек. Ал 2023 жылдың екінші тоқсанында сатып алушыларға жеткізіле бастайды деп жоспарланады. Purosangue кроссовер деп аталғанына қарамастан, тапалдау, бес есікті әрі төрт орындықты болады.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
30.11.2022, 13:30