Қытайда қуаңшылық: Honda, Mazda және Volkswagen тоқтап тұр
ҚХР-дағы жапон және еуропа көлік өндірушілерінің кәсіпорындары аптап ыстыққа байланысты қуатсыз қалды.
Қытайда жергілікті үкімет энергия тұтынуды шектеу жөнінде қаулының күшін одан әрі ұзартуына байланысты Чунцин қаласында орналасқан Honda Motor Co. көлік өндірушісінің зауыты осы аптада да жұмыс істемейді, деп жазады Bloomberg.
Жергілікті биліктің электр энергиясын үнемдеу туралы бұйрығының Чунцин аймағындағы барлық өндірушіге қатысы бар. Бұйрықтың күші қашан жойылатыны әлі белгісіз, деп хабарлады агенттікке Honda-ның өкілі.
Аспанасты елінде соңғы 60 жылда болмаған ыстық ауа райы орнап, осыған байланысты тамыздың 20-25 аралығында электр энергиясын тұтынуды шектеу туралы бұйрық шыққан болатын. Халық жаппай ауаны салқындату жүйесін пайдаланғандықтан, ҚХР-дың бірнеше аймағында электр энергиясы жетіспей қалды.
Атап айтқанда, Сычуань провинциясында және Чунцин қаласында өнеркәсіп кәсіпорындары мен үй шаруашылықтары үшін электр энергиясын сөндіруді бұйырды. Су энергетикасына тәуелді Сычуань провинциясында негізгі су қоймалары сарқылып, көршілес Чунцин арқылы ағып өтетін Янцзы өзенінде су деңгейі 1865 жылдан бергі ең төменгі белгіге жетті. Қытайдың энергетика әкімшілігі электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету үшін оны өзге аймақтардан жеткізуге уәде берген.
Алайда Honda зауыты орын тепкен Чунцин провинциясының инфрақұрылымы бір аймақтан екіншісіне энергия лақтыруға жарамай отыр. Сондықтан жапон автоөндірушісінің мұнда күннің салқындауын күтпеске амалы жоқ. Энергиямен қамтамасыз етілмей отырған тек Honda емес. Бейсенбіде Mazda Motor Corp. өзінің Нанкиндегі зауыты электр энергиясына жүктемені көбейтпес үшін 15 тамыздан бастап түнде жұмыс істейтінін айтты.
Mazda Motor Corp. бұрынғы жұмыс ырғағына қашан оралатынын әзірге білмейді, деп хабарлады қытайлық бөлімшесінің баспасөз хатшысы Фуми Тачикаке. Ал немістің Volkswagen көлік өндірушісі Би-би-си-ге Сычуань астанасы Чэндудағы зауыты электр энергиясын тұтынуға қойылған шектеуге байланысты жұмыс істемей тұрғанын мәлім етті. Ал Toyota болса, электр энергиясын тудыратын дербес көздерді пайдаланып Сычуань провинциясындағы өндірісін біртіндеп қалпына келтіріп жатқанын айтты.
Toyota секілді Denso корпорациясы да автономды қуат есебінен өндірісін қайта қосты. Автомобиль құрамдастарын жеткізетін бұл корпорация Чунцинге қуатты дизель генератор жеткізіп, соның көмегімен жұмысын әрі жалғады. Бірақ қазір «дизельмен» дайындалған қосалқы бөлшектердің өзіндік құны күрт қымбаттап, енді бағаның осы өсуін түпкі өнім – автомобильдің құны есебінен өтеу жөнінде мәселені қарап жатыр, деп атап өтті жапондық автомобиль бөлшектерін жеткізушінің баспасөз қызметі. Honda-ға келер болсақ, ондағылар жағдайға қарайлап, зауыттың жұмысына қатысты шешімді келесі аптада қабылдамақшы.
Ескеретін бір жайт, биылғы қаңтарда Honda Motor-дың Ухань қаласында электромобиль шығаратын жаңа зауыт салу ниеті бар екені жайлы нарықта хабар тараған болатын. Жобаны қытайлық Dongfeng Motor автоөндірушісімен бірлесіп іске асырып, 2024 жылы алғашқы электромобильді де шығаруды көздеді. Жапондық корпорация Уханьда жыл сайын 120 мыңдай электромобиль құрастыруға дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен қытай нарығын электр энергиясымен қамтамасыз етуде туындаған қазіргі мәселелер оның бұл жоспарын екі ұшты ететін секілді.
Егор Васильев, корреспондент
27.08.2022, 12:11