Меню CARMA.KZ

Жеңілдетілген автонесие аймақтарда қалай жұмыс істеп жатыр

Мақұлданған өтінімдердің саны жағынан — Алматы, ал қарыздың орташа сомасы бойынша Атырау алдыңғы орында тұр.

CARMA.KZ порталына бағдарламаның операторы болып табылатын Өнеркәсіпті дамыту қоры ұсынған мәліметтерге сәйкес 9 маусымдағы жағдай бойынша жеңілдетілген автонесие бойынша өтінімдер ең көп мақұлданған өңір Алматы қаласы болып отыр. Ал ең азы, бар-жоғы 50 өтінім мақұлданған Түркістан облысы екені белгілі болды.

Сонымен бірге ең жоғары орташа сома Атырау облысында тіркелді — 8,5 млн теңге. Ең төмен орташа сома Қостанай облысында — 6,5 млн теңге.

Жалпы еліміз бойынша бағдарлама бойынша берілген қарыздың орташа сомасы 7,5 млн теңге деңгейінде тұр.

Өнеркәсіпті қолдау қорының баспасөз қызметі CARMA.KZ порталы редакциясына хабарлағандай, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта іске қосылғалы бері 24 399 өтінім қабылданып, олардың 9 869-ы мақұлданыпты.

Игерілген қаражаттың көлемі (100 млрд транштан) 9 маусымдағы жағдай бойынша 23,3 млрд теңгені құрайды, барлығы 3 157 несие берілген. Бағдарламаның шарты бойынша қарыздың максималды сомасы 10 млн теңге, дегенмен сатып алатын автомобильдің құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс, ал 5 млн теңге айырмашылықты бағдарламаға қатысушы өз қаражатынан төлей алады.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылғы 16 мамырда Қазақстанда жеңілдетілген автонесие мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаның операторы — Өнеркәсіпті қолдау қоры, бағдарлама бойынша қаржыландырудың жалпы лимиті 100 млрд теңгені құрайды.

Олжас Сабитов

Олжас Сабитов, журналист
16.06.2022, 12:41