Volkswagen
1934 жылы жаздың бір күнінде Берлиндегі «Кайсерхов» қонақ үйінің залдарының бірінде іскерлік кездесу өтіп, сол кездесуде сандаған адамның көңілінен шыққан көліктің тарихы басталды. Ол жерде келгендердің арасында екеу әңгіме жүргізеді. Сол екеудің бірі — Германияда билікке енді келген Адольф Гитлер болды, және нақты және қысқа сөйледі. Ол неміс халқы үшін жаңа зауытта құрастырылатын, жаңа Германияны бейнелейтін және оның сатылу бағасы 1000 рейхсмарктен аспайтын мықты және сенімді машина жасау талабын қойды.
Ол қағазға суретін нобайлап, бағдарламаның негізгі тұстарын айтып, үкіметтік тапсырыстың орындалуына жауапты дизайнерді таңдауды сұрады.
Екінші адам Daimler-Benz коммерциялық директоры Якоб Берлин болды. Адольф Гитлерді мұқият тыңдаған ол, бірнеше күннен кейін орындаушының кандидатурасын ұсынды. Якоб Берлин бұл тапсырысты бір ғана адам орындай алатынын, ол адам — Фердинанд Порше екенін айтты.
Ол кезде қалыптасқан идеология мен терминологияға сәйкес «халық» сөзі фашистер үшін үнемді, қарапайым, барлығына қолжетімді дегенді білдірген жоқ. «Фолькс» ұғымы мүлдем басқа мағыналық жүкті көтерді. Бұл «неміс халқы, таза неміс нәсілі» дегенді білдірді және осылайша үшінші рейх билеушілерінің барлық тәккапарлығы мен менмендігін тағы бір мәрте көрсетіп тұрды.
Екі жылғы жұмыстың нәтижесінде әлемге әйгілі «Қоңыздың» — ізашары VW Kafer дүниеге келді. Оны менсінбей «Қоңыз» (The Beetle) деп атаған американдықтар болатын. Бұл автокөлікті шығару үшін Вольфсбург қаласында зауыт салынып, 1938 жылы «Volkswagenwerk GmbH» компаниясы құрылды.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін «Фольксваген» зауыты британдықтар басып алған аймақта қалды. Әйтсе де британдықтар бастапқыда қолдарына қандай көлік түскенін түсінбеді. Ағылшын комиссиясының басшысы Лорд Роутс 1946 жылы Фердинанд Поршенің жұмысына қатысты «...Бұл машина жеңіл автокөліктерге арналған негізгі техникалық параметрлерге сәйкес келмейді. Оның сыртқы түрі мен пайдалану сипаттамаларына келер болсақ, олар қарапайым ағылшын тұтынушысы үшін мүлдем қолайсыз. Мұндай көлікті жаппай өндіріске шығару экономикалық тұрғыдан мақсатсыз болып көрінеді...» деген баға берді.
1948 жылы фабриканың қираған бөлігін қайта қалпына келтірген соң «Қоңыз» маркасының өндірісі айтарлықтай артты. Көпшіліктің көңілінен шыққан бұл модельге сұраныс та көбейді.
Содан кейін британдықтар «Фольксвагенге» деген қызығушылықтарын арттыру ниетімен американдықтарға жүгінді. Германияға Генри Форд II мен «Форд Мотор» компаниясының басқарма төрағасы Эрнест Брич бастаған мамандар тобы келді. Бірақ мәміле жасалмады. Тексеруден кейін Брич Генри Фордқа: «Олардың бізге ұсынғандары қара бақырға да тұрмайды!» — деді. Генри Форд II бұл тұжырыммен оңай келісті. Осылайша «Форд Мотор» «Фольксвагенді» алу мүмкіндігінен айырылып қалды. Тағдырында шешуші бетбұрыс болғалы тұрған шақта барлығы «Фольксвагеннен» бас тартты. Бұл «Фольксваген» автокөліктеріне сұраныс артып тұрған кез еді, сондықтан оның болашағы соншалықты бұлыңғыр емес-тін.
Осыдан соң ақша реформасы, «Маршалл жоспары» бойынша көмек және басқа да антигитлерлік коалицияның батыстық одақтастарын өздері басып алған аумақтарда шоғырландыру секілді шаралар біріне-бірі жалғасты. 1948 жылы қазанда Германия Федеративтік Республикасы құрылды. Фольксваген елде шығарылатын барлық автокөліктердің 65% құрап, қайтадан алдыңғы қатарға шықты. Әрі қарай Opel, Ford, Mercedes және басқа фирмалардың өндірісі кеңейген сайын Фольксвагеннің үлесі төмендей бастады. Осыған қарамастан, Фольксваген өз клиенттерінің басым бөлігін сақтап қана қоймай, сонымен қатар 50-ші жылдардың аяғында жылдық кірісі 1,4 миллиард долларды құрайтын ең ірі неміс өнеркәсіптік концерніне айналды.
Жетпісінші жылдары «Қоңыздың» ізбасарын құрудың шұғыл қажеттілігі туындады. Модельдердің жаңа сериясын жасау барысында VW өз бағытын күрт өзгертті. 1973 жылы алдыңғы жетекті Passat, бір жылдан кейін Гольф шығарылды. Гольф моделі көп қырынан алғанда автомобиль жасау саласында бірқатар тенденцияны айқындап, үздіктердің қатарына енді. Жыл сайын зауыттардың конвейерінен VW маркалы 2 миллионға жуық автокөлік шығады. Соңғы жылдары компания айтарлықтай кеңейіп, Seat, Skoda және Rolls-Royce фирмаларын өзіне қосып алды.
Голландияға алғашқы «Қоңыздарды» жеткізуден басталған халықаралық қатынастардың кеңеюі тек тікелей экспорт арқылы ғана емес, сонымен қатар зауыттар салу арқылы да үздіксіз жалғасты. Өндіріс тізбегінде елдердің атаулары өте жылдам қосылып отырды. 1950 жылы Бразилия мен Ирландияда құрастыру үшін бөлшектелген көліктерді жеткізу басталды. Бұл уақыт өте келе дербес өндіріске айналған автомобильдерді елден тыс жерде құрастырудың басы болды.
1953 жыл, 23 шілде Сан-Бернар-де-Кампода Volkswagen de Brasil S.A. құрылды, ол қысқа уақыт ішінде Фольксвагеннің ең ірі шетелдік еншілес кәсіпорнына айналды. Бастапқыда Сан-Бернарда автомобильдер Германияда жасалған жинақтардан құрастырылды, бірақ көп ұзамай Фольксваген Оңтүстік Америкадағы көптеген бөлшектерді шығаратын ең ірі зауыттың негізін қалады. Кейінгі жылдары бұл кешенге Филиппин мен Аустралиядағы «бұрауыш» зауыттары қосылды, олар кейіннен «Қоңыз дәуірінің» аяқталуымен жабылды. Тағы бір зауыт Оңтүстік Африкада пайда болды. 1960 жылы «Фольксваген Францияның» негізі қаланып, 1962 жылы АҚШ-та миллионыншы Volkswagen көлігін сатылды.
Бұл халықаралық жетістік өнеркәсіпшілерді Америка континентінде жаңа зауыттар салуға ынталандырды. Атап айтқанда «Фольксваген де Мексика» неміс сапа стандарттары мен қолайлы бағаларды сақтай отырып, жергілікті өндірілген құрамдас бөліктердің ең көп санын пайдаланып, автомобильдер шығаруы керек болды. Аталмыш қоғам құрылғаннан кейін араға үш жыл салып Пуэблода зауыт ашылды. Келесі құрастыру зауыты 1971 жылы Брюссельде пайда болып, араға тағы екі жыл салып Нигерияда Volkswagen өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойылды.
80-жылдардың басында Фольксвагеннің халықаралық дамуын кеңейту жалғасты. 1982 жылы Концерн Қытай Республикасының нарығына алғашқы қадамын жасап, Volkswagen және Santana автокөліктерін құрастыру ниеті туралы келісімге қол қойылды. Келісімшарттың жалғасы ретінде 1991 жылдың басында Қытайда бірлескен кәсіпорын — Чан-чунь қаласындағы алғашқы автомобиль зауытының ашылуы болды. Бір жылдан кейін Тайваньда тағы бір бірлескен кәсіпорын ашылды, оның конвейерінен бүгін «Транспортер» шағын автобустары шығып жатыр.
Оңтүстік Америкада «Фольксваген» халықаралық кеңейту стратегиясын жалғастырды. 1986 жылы Аргентинада «Фольксваген AG» концерні мен «Форд Мотор Компани» арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі — «Avtolatina Ltd.» кәсіпорны пайда болды. Бірлескен жұмыс 5 жылдан кейін тағы жалғасты – Португалияның Пальмела қаласында «АвтоЕуропаның» негізі қаланып, сол уақыттан бері екі өндірушінің де минивэндері шығарылып келеді
Volkswagen-нің өзінен басқа, Volkswagen AG концерніне Audi, Seat, Skoda және жеке өндіруші ретінде VW Industrial and Commercial Vehicles (Volkswagen Nutzfahrzeuge) сияқты брендтер тиесілі.