УАЗ
1941 жылы маусымда фашистердің КСРО-ға шабуылына байланысты Мемлекеттік қорғаныс комитеті бірқатар ірі кәсіпорынды астанадан Сібірге, Оралға және Еділге көшіру туралы шешім қабылдады. Олардың ішінде И.А.Лихачев басшылық ететін Сталин атындағы зауыт (ЗИС) болды. Дәл осы кісі 1941 жылдың тамызында зауыттың құрастыру өндірісіне орын табу үшін Ульяновск қаласына бір топ мамандарды жібереді. Сөйтіп зауыттың құрастыру өндірісі үшін орын Еділ жағасынан табылды. Мұнда Мемлекеттік кеден басқармасының қоймаларының ғимараттары бар болатын.
1942 жылдың мамырында алғашқы бес «ЗИС-5» көлігі құрастырылды. Ал 1942 жылдың шілдесінде құрастыру қарқыны тәулігіне 20-30 вагонға дейін өскен кезде, N4 ЗИС (УльЗИС) Ульяновск филиалы ресми түрде ЗИС-5 автомобильдерін шығаратын бас кәсіпорын болып тағайындалды. Сонымен бірге мұнда ЗИС-5 базасындағы көшпелі шеберханалар, шағын автомобиль қозғалтқыштары мен ЗИС-21-ге арналған газ генераторлары құрастырылды.
Зауыттың негізгі құрамын Мәскеуден жіберілген жұмысшылар құрады. Директор Шварцбург басшылық еткен ұжымда бір жарым мың адам еңбек етті. Сол кездегі ең қызықты сәттердің бірі «УльЗИС-253» маркалы автокөліктің жасалуы болды. 1944 жылдың мамырында «УльЗИС-253» деп аталатын дизельді жүк көлігінің алғашқы прототипі құрастырылды.
1944 жылдың аяғында ЗИС-5 автокөлігі Оралға Миассқа ауыстырылып, ал зауытқа ГАЗ-АА автомобильдерін игеру және өндірісті іске қосу тапсырмасы берілді. 1945 жылдың күзінде-ақ әртүрлі жабдықтар мен техникалық құжаттамалардың алғашқы партияларын арқалаған Горький автомобиль зауытының бір топ маманы Ульяновск қаласына келді. Құрылысы жүріп жатқан зауыт бір жарым тонналық ГАЗ-АА жүк көлігін шығаруға кірісуі керек еді. 1947 жылы маусымда негізгі конвейер құрылысын жеделдету мәселесі туындады.
1950 жылы УАЗ-300 автокөлігі, бірінші Ульянов жүк көлігі жол сынақтарынан өтті. Ол алғаш рет 1949 жылы қазандағы көрмеде көрсетілді. Бірақ Ульяновск дизайнерлерінің бұл туындысы де өндіріске барған жоқ. Зауыт мұндай машиналарды шығаруға дайын емес еді.
1950 жылы кәсіпорын ГАЗ-АА-дан құрылымдық айырмашылығы жоқ ГАЗ-ММ жүк көліктерінің өндірісін айтарлықтай ұлғайтты. Бұған зауыттың ГАЗ-ды жеткізу бойынша зауыттың тәуелділігін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берген өндірістік қуаттардың өсуі және жаңа бөлшектердің шығарылуы ықпал етті.
1950 жылдан 1955 жылға дейін зауытта ГАЗ-дан берілген жаңа ГАЗ-69 және ГАЗ-69А автокөліктерін шығаруға өндірісті техникалық дайындау бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. 1955 жылдың жазында КСРО Автомобиль өнеркәсібі министрінің бұйрығымен Ульянов автомобиль зауытына бұрын Горькийде шығарылған жол талғамайтын ГАЗ-69 және ГАЗ-69А автомобильдері мен тіркемелерді шығаруды игеру тапсырылды. Бұл машиналарды Г.М.Вассерман басқаратын Горький конструкторлары жасады және 1953 жылы өндіріске қойылды. Жол талғамайтын көліктердің реттеу партиялары 1954 жылдың аяғында-ақ конвейерден шығып қойды. Халық арасында «Зеленые козлики» деп аталып кеткен бұл көліктің алғашқы бір мыңы Горький зауытынан келіп түскен желілер мен бөлшектерден жиналды. 1955 жылдан бастап зауыт жолсыз жерлермен жүретін шағынтоннажды автомобильдер өндірісіне ресми түрде маманданды. «ГАЗ-69» елдің барлық климаттық аумақтарындағы халық шаруашылығының түрлі салаларында кеңінен пайдаланыла бастады. Ол сенімді, қарапайым көлік ретінде кеңестер елінде ғана емес, шет елдерде де танылды. Осылайша 1956 жылы әлемдік нарыққа шықты. Ал 1959 жылы Ульяновтың жолсыз жерлерге арналған көлігі әлемнің 22 еліне экспортқа жол тартты.
1961 жылдың қаңтарында автомобильдердің жаңа модельдерін игеру туралы шешім қабылданды. Зауыт сол жылы борттық платформасы бар «УАЗ-451Д» жүк көлігін және «УАЗ-451» фургонын шығаруға кіріседі.
1959 жылы «ГАЗ-69»-дың орнын басуға тиіс жеңіл автомобильді әзірлеу басталды. 1965 жылы «УАЗ-469» сынақтан өткізіліп, құжаттары өндіріске дайындау бөліміне тапсырылды.
1970 жылдардың басында «УАЗ-469» жаңа жеңіл автомобильдерді шығаруды игеруге дайындық жүргізілді. Алайда цехтарды тұрғызу мен техникалық қайта жарақтауға қаражат болмағандықтан жұмыс кідірді. Автомобиль өнеркәсібі министрлігі қосымша қаржы бөлуге құлықсыз болды. Тек 1971 жылғы наурызда министр жаңа машиналарды көруге ниет білдірді. Өнімді бас конструктор П.И.Жуковтың өзі таныстырды. Тек осыдан соң барып министр Ульянов зауытының жолсыз жерге арналған көлігін жаппай шығару үшін қаражат бөлуге келісті. Зауыт ұжымы қысқа уақыт ішінде «ГАЗ-69»-дың өндірісін басқа кәсіпорындарға тапсырып, 1972 жылдан бастап іркіліссіз және ырғақпен жұмыс істеуге дайындалу керек болды.
1977 жылдың қарашасында «УАЗ-452» (фургон) көлігіне мемлекеттік Сапа белгісі тағайындалып, «УАЗ-452Д» автомобилінің жоғары сапа санаты қайта бекітілді. Автозауытта өткен одан әрі қарайғы қайта жаңғырту бірқатар учаскелерде жұмыстың өнімділігін күрт көтеруге және автомобильдердің сыртқы келбетін жақсартуға мүмкіндік берді.
Бүгінгі өмірде «УАЗ» автомобиль маркасының алар орны зор. «ГАЗ-69»-дың орнына келген «УАЗ»-дар әлемдік нарықта да сұранысқа ие болды. Егер Ульянов зауытынан 1956 жылдан бері шыққан машиналары экспортталған елдерді тізетін болсақ, олардың саны 100-ге жетіп қалады. Ал мұндай үлкен сауда нарығын жаулау үшін УАЗ біраз сынақтан өтті деуге болады.