Меню CARMA.KZ

Honda

Хонда 1906 жылы 17 қарашада велосипед жөндейтін кедей темір ұстаның отбасында дүниеге келді. Ерте жастан велосипедтермен шұғылданған Хонданың уақыт өте келе мотоциклдерге де, автомобильдерге де қызығушылығы оянды.

Әкесінен үйренген техникалық есептерді шешу дағдылары оның алғашқы біліміндегі маңызды фактор болды.

Хонда 1922 жылы орта мектепті бітірген соң бірден Токиоға аттанып, онда автокөлік жөндеу шеберханасына шәкірт болып орналасады. Алты жыл шәкірт болғаннан кейін ақша жинап, 1928 жылы туған жерінде алғашқы жөндеу шеберханасын ашады. Сол жылы ол автомобиль доңғалақтарының ағаш шарбақтарын металға ауыстыру идеясы үшін алғашқы патентін алды.

Хонда 1938 жылы поршеньдік сақинаны ойлап табуының арқасында бүкіл әлемге танымал болды. Ол Токиода Toyota үшін осы сақиналарды өндірумен айналысатын жаңа компанияны құрды. Бұл кәсібі соғыс кезінде зауыты бомбадан талқандалып қалғанға дейін жүріп тұрды. 1945 жылғы жер сілкінісі зауытты мүлдем жарамсыз етті. Шарасыз күйге түскен Хонда бүкіл дүние-мүлкін сатып, басқа біреудің кеңсесіне жарты күндік жұмыс істеуге кетті. Оның мотоцикл нарығына кіруі мүлдем кездейсоқ болды.

1946 жылдың бір күнінде аяқасты Хонданың көлігінде бензин болмай қалады, сөйтіп ол американдық әскерилерден қалған моторлардың бірін алып, оны велосипедіне жалғап қойды. Бұл керосин толтырылған қозғалтқыш еді. Мұндай қарапайым, бірақ талғампаз шешімдер — Хондаға тән әрекеттер еді. Кейін достарының өтінішімен мопедтер жасай бастады. Оншақты тапсырысты орындап шыққан соң қашанда жаңалыққа құштар Хонда мопед нарығы бұдан да үлкен болуы керек деген ойға келді. Осылайша ол 1948 жылы мопед құрылымын жасап, оны өндіру үшін Honda Motor компаниясын құрды.

Хонда өзінің алғашқы мопедін «D» қозғалтқышымен жабдықтады. Dream типіндегі «E» моделі 1951 жылы шығарылды, ал 1958 жылы оның төл туындысы «Super Clab» АҚШ-та пайда болған кезде, Honda елу бәсекелесті артта қалдырып, Жапониядағы ең ірі мопед өндіруші болды. Super Clab моделінде жасөспірімдер мен әйелдерге қатты ұнайтын ерекше аяқ тірегі болды. Көп ұзамай «Ең жақсы адамдар Хонда мотоциклдерін мінеді» атты жарнамалық науқанның арқасында бұл модель салада төңкеріс жасады. 5 миллион доллар тұратын бұл жарнамалық науқан 1962 жылы хитқа айналып, өз мақсатына жетті. Нәтижесінде мотоцикл құралын танымал ететін байкер бейнесі өмірге сәтті енді. Осы сәттен бастап қара былғары күртешедегі «Тозақ періштелері» келмеске кетті. Маркетингтік зерттеулер бұл Unisen стиліндегі мотоциклдің технологиялық серпіліс екенін растады. Тиімді кескіннің, төмен бағаның және тамаша шеберліктің арқасында бұл модельдің нарығы миллиондаған бірлікке дейін ұлғайды.

50-жылдардың басында Хонда компания құрып, көп бәсекелестің ортасына сескенбей кірді. Бес жыл ішінде ол 250 бәсекелесті (оның 50-і жапондық) тақырға отырғызды. 1950 жылы ұсынған «Dream» көлігі Хонданың керемет көлік жасау туралы балалық қиялының шындыққа айналуы болды. Бұдан кейін 1955 жылы Жапонияда және 1957 жылы Америкада Super Clab моделі шықты.

1961 жылы Хонда айына 100 000 мотоцикл шығарып отырса, 1968 жылға қарай АҚШ-та миллионыншы мотоцикл шығарылды. Сексенінші жылдардың ортасына қарай Honda әлемдік нарықтың 60 пайызын еншіледі, ал 1990 жылға қарай жылдық өндіріс үш миллион данаға жетті. Бұл жігіт өзінің балалық арманының орындалғанын көріп, жаңа нарықтарды бағындыруға дайындалды.

Honda автомобиль нарығына 1970 жылы Civic-пен кірді. Ол өзінің модельдерін техникалық жаңашылдықтармен жабдықтауды жалғастыра берді. Әсіресе 1974 жылы Жапонияны мұнай дағдарысы жайлап, жапондық өндірушілер өндірісті қысқартып, бағаны көтеру туралы келісімге келген кезде ол бәрін керісінше жасады. Ол өндірісті қысқарту керек деген Галбрайтианның экономикалық моделін жоққа шығарып, ойға келмейтін нәрсені жасады. Хонда өндірісті екі еселеп, бағаны айтарлықтай төмендетті. Баға икемділігі туралы түсінігі болмаса да Хонданың бұл шешімі дұрыс болды. Осылайша Nissan мен Toyota-ның сауда көлемі 40 пайызға төмендеп жатқанда, Hondaнікі 76 пайызға өсіп, әрі қарай қарқындай берді. 1987 жылға қарай Honda әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан компанияға айналды.