Chevrolet
Автокөлік өнеркәсібі пайда болған кезде, көбінесе жаңа автомобиль модельдері өзін жасағандардың есімдеріне ие болып жүрді. Chevrolet маркасының да тарихы солай. Швейцариялық Луи Жозеф Шевроле (1878-1941) танымал шабандоз әрі механик болды, бірақ ол ешқашан өз атымен аталған фирмаға қожалық еткен емес.
Луи Шевроле Швейцарияның Шо-де-Фондс қаласындағы кедей сағат шеберінің жеті баласының бірі болды. Жасы 10-ға толғанда оның отбасы жайлы өмір іздеп, Францияға көшеді. Зерек бала ол жерде орта мектепті бітірген соң Морс автомобиль компаниясына жұмысқа орналасады. Аталған зауытта өмір бойы автомобильдермен әуестеніп, осы компанияның ресми түрде ралли шабандозы болды. Ол кездегі спорт жарыстарының бірде-бірі «Морстың» қатысуынсыз өтпейтін.
Аталған көліктің бірінің тізгінінде үнемі Луи Шевроле отырып жүрді. Автокөлік өнеркәсібі мен спортта жақсы машықтарды меңгерген ол ағалары Гастон және Артурмен бірге Канадаға, ал 1900 жылы Америка Құрама Штаттарына аттанады. Мұнда ол француздың «Де Дион Бутон» автозауытының Америкадағы өкілі ретінде қызметін бастайды.
Алайда ол көлік бизнесінен гөрі жарыспен көбірек айналысты. Бес жыл қатарынан Луи барлық жергілікті жарыстарға қатысты. Ақыры 1905 жылы американдық миллионер Вандербильдтің кубогында жарысу құқығын жеңіп алды. Бірақ жетінші айналымда оның «Фиаты» апатқа ұшырап, бұл жарыста жолы болмады. Соған қарамастан, батыл және жігерлі шабандоз Американың өнеркәсіп алпауыттарының назарын өзіне аударды. Олардың қатарында осы уақытқа дейін General Motors-тың қанатының астына әртүрлі бірнеше автомобиль компаниясын жинап алған Уильям Дюрант та болды.
1909 жылы Дюрант Луи Шевроле мен оның ағасы Артурды «Бюиктің» фирмалық шабандозы болуға шақырды. Олар қуана келісті. Бірақ бір ғана орын болғандықтан, ағалы-ініліні өзара жарыстырып, мықтысын таңдады.
Луи автокөлік жарыстарында жеңіске жетіп, осыдан кейін оның атағы аспандай берді. 1909 жылы ол бірден үш маңызды жеңіске жетіп, Вандербильд кубогы үшін жарыста мықтылардың арасында 11-ші орынды еншілейді. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін ол Америкадағы ең мықты шабандоздардың бірі болды.
Іскер В.Дюрант атақты спортшының атын пайдаланып кәсіппен айналысуды ұйғарды. 1911 жылы ол Луиге жарысты біраз уақытқа қоя тұрып, жеке көлігін шығаруды ұсынады және ол бұған келіседі. Жаңа көліктің жобасын General Motors мамандары әзірледі. У.Дюрант жобаға қомақты қаржы салып, автомобильді америкалықтардың басым көпшілігіне жақсы таныс Шевроленің есімімен атады. Алдағы зор табыстың кілті де осында жатқан болатын.
1911 жылы Детройтта Chevrolet Motor Cars компаниясының дүниеге келуі General Motors-тың тарихындағы ең нашар кезең болды.
Рентабельді емес автомобиль фирмаларын ойланбастан сатып алған В.Дюрант оны банкроттықтың шегіне жеткізді. Сонымен қатар, ол бағалы қағаздармен биржалық алыпсатарлықтан ақша жоғалта бастады, сондықтан ол банкирлерден көмек сұрауға мәжбүр болды. Олар General Motors-қа 15 миллион доллар инвестиция құюға уәде берді, бірақ олар У.Дюрант компанияныцң басшысы қызметінен кетуі керек деген шарт қойды. Алайда ол бұл серіктестіктің тізгінін қайтадан өз қолына алудан үмітін үзген жоқ. Бұл мақсатқа жету үшін оған сол кездегі танымал шабандоз Луи Шевроле қажет болды.
Жаңа компания құрып, нарықты арзан әрі танымал Chevrolet көліктерімен толтырған У.Дюрант қыруар ақша тауып, автомобиль алыбы General Motors-ты кішкентай ғана Chevrolet-пен біріктіруді ұйғарды. Онысы сәтті іске асты! У.Дюрант General Motors акцияларының бақылау пакетін сатып алып, қайтадан басқарма төрағасының креслосына жайғасты. Шевроле фирмасы концерннің құрамына еніп, ал оның автомобильдері автоалпауыттың негізгі өніміне айналды.
Біреулер ол «Chevrolet» маркасының алғашқы көлігін түбегейлі жалғыз жасады десе, енді біреулері ол жаңа көліктің жалпы концепциясын ғана әзірледі деп айтады. Оқиға солай болды ма әлде басқаша ма, бірақ алғашқы Chevrolet Classic-Six-тің 1911 жылы 3 қазанда пайда болғаны анық. Бұл 30 ат күшіне ие, 6 цилиндрлі қозғалтқышы бар кәдімгі американдық төрт орындық көлік болатын. Бірақ 2500 доллар тұрған алғашқы көліктің бағасы сатып алушының қалтасы көтермейтіндей болып, саудасы сәтті басталмады. Салыстырмалы түрде алғанда, сол кездегі танымал Ford-T бес есе арзан тұрды.
Дюрант табыстың кілті көліктің сәнінде емес, оның қарапайымдылығы мен арзандығында екенін түсінді. Ол сәнді модельдерді шығарудан бас тартып, арзан 4 цилиндрлі автомобильдерді – «Бэби» ашық жеңіл көлігі мен спорттық «Ройал Мэйл» шығара бастады. 1916 жылы олардың негізінде компанияға үлкен атақ әкелген Chevrolet-490 құрылды. Өзі арзан, десе де сенімді бұл көліктер «Фордтар» сияқты сұранысқа ие болды. Оларға 2,8 литрлік 4 цилиндрлі қозғалтқыштар орнатылды. Көліктің сәтті болғаны сонша, ол 1922 жылға дейін шығарылды. Осыдан соң 1927 жылға дейін өндірісте болған әйгілі Superior моделіне өзінің жолын ұсынды.
Chevrolet-490 ең қарапайым 3 жылдамдықты беріліс қорабы болды, екі қатты ось те серіппелерде ілінді. «Фордтардағыдай», бәрі барынша жеңілдетілді, бірақ бұл машиналарда электрлі фаралар мен стартер болды, ол кезде тіпті қымбат көліктер үшін сирек кездесетін нәрселер еді. Дәл 490-шы модельде Chevrolet ең арзан және қарапайым көліктерге маманданды, бұл оған дүниежүзілік танымалдық әкелді.
Соңғы онжылдықтарда Chevrolet бренді шынымен жаһандық танымалдыққа ие болды. Оның үстіне GM маркетологтары Chevrolet-ке еш қатысы жоқ көліктерге алтын крест жапсырудан тартынбады. Атап айтсақ, Еуропада және Ресейде бұл брендпен ұзақ уақыт бойы кореялық Daewoo автомобильдері, ал араб елдерінде аустралиялық Holden седандары ұсынылды.
Керісінше басқа аймақтардағы Chevrolet автокөліктерінің өздері шетелдік эмблемаларды тақты. Мысалы, Канадада Chevrolet жол талғамайтын көліктері жергілікті Geo эмблемасын тағып жүрді.