Қытай көлік экспорты бойынша бұған дейінгі көрсеткішінен асып түсті
2022 жылы Қытайда көлік экспорты 54,1%-ға өсті.
2022 жылдың қаңтар-қазан аралығында Қытайдан 2,46 млн жаңа көлік экспортталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда, 54,1%-ға көп. Қытай автоөндірушілер қауымдастығы бас инженерінің орынбасары Сюй Хайдунның айтуынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 3 млн көлікке дейін өседі.
Қауымдастықтың мәліметінше, жеңіл көліктер (+57,1%-дан 1,98 млн-ға дейін) және электромобильдер (+96,7% -дан 499 мыңға дейін) экпорттың көлемін арттырған, деп хабарлайды Chinadaily.
2022 жылы Қытай автомобильдері Мексика, Бельгия және Сауд Арабиясында жоғары сұранысқа ие болды. Ал SAIC Motor (684 мың бірлік), Chery және Changan Alto (әрқайсысында 200 мыңнан астам көлік) және Geely (160 мың бірлік) ең ірі көлемде экспотталған көліктер деп танылды.
Жаңа энергия көздеріндегі көліктерге келсек, қытайлықтар оларды әсіресе Батыс Еуропа елдеріне көп жеткізген. (Қытайдың барлық экологиялық таза көлік экспортының 34%-ын құрайды). Ең ірі импорттаушы ― Бельгия болды.
Өткен жылмен салыстырғанда қытайлық автомобильдер қымбаттады, бірақ технологиясы, сыртқы түрі мен сапасы жақсарды. Егер 2018 жылы қытайлық автокөліктің орташа бағасы 12,9 мың долларды (6,1 млн теңге) құраса, қазір-18,9 мың доллар (8,9 млн теңге), ал электромобильдердің құны 25,8 мың долларға (12,2 млн теңге) дейін өсті.
Бұған дейін автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының директоры Артур Мискарян CARMA.KZ редакциясына әлемде және қазақстандық нарықта неліктен қытай көліктеріне сұраныстын артқанын айтқан болатын.
Әлемдік көлік нарығы 2019 жылы басталған микросхемалардың жетіспеушілігі мен логистика жолдарын трансформациялау секілді стресс-факторлардың әлі құрсауында отыр. Биыл халықаралық-саяси жағдай мен ірі көлік концерндері солтүстік көршіміздегі өндірісін тоқтатуы әлемдік өндіріс көлемдерінің төмендеу мәселесін ушықтырып жіберді.
Қазақстанда жерсіндірілген модельдерді шығару мен қытайлық брендтер қатарының артуының арқасында жағдай сақталып қалды. 2019 жылы біздің нарықта ресми түрде тек екі қытай бренді ғана болды, ал 2020 жылдың күзінде олардың саны жетеуге жетті. Бүгінде олар нарықтың шамамен 7%-ын иеленеді.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
09.12.2022, 14:00