Қазақстанда утильдік алым мен бастапқы тіркеу мөлшерлемелері қайта қаралады
Бұл ережелер Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасының жобасында жазылған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүк көліктері үшін утильдік алым мен бастапқы тіркеу мөлшерлемелерін қайта қарауды, сондай-ақ жүк тасымалдаушылар үшін жылдық 1-2% жеңілдігі бар мемлекеттік лизинг бағдарламасын әзірлеуді ұсынады.
«Жүк көліктерінің паркін ұлғайтуға отандық тасымалдаушылар үшін жылдық 1-2% лизингті қоса алғанда, жеңілдікті шарттар бере отырып, жүк автомобиль көлігін сатып алуды қаржыландыру бағдарламасын қабылдау, паркті жаңартуды қаржыландыруға өтінімдерді жеделдетіп қарау, кепіл мен қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды төмендету арқылы қол жеткізілетін болады. Қолдау бағыттарының бірінде утильдік алым мен бастапқы тіркеу мөлшерлемелері қайта қаралады»,― делінген Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасында.
Қазір елімізде жүк көліктеріне утильдік алымның мөлшермесі олардың салмағына байланысты айқындалады:
- 2,5 тоннаға дейін―556 500 теңге;
- 2,5 тоннадан 3,5 тоннаға дейін ―1 192500 теңге;
- 3,5-тен 5 тоннаға дейін ―1 192500 теңге;
- 5-тен 8 тоннаға дейін ―1 272000 теңге;
- 8-ден 12 тоннаға дейін ―1 510500 теңге;
- 12-ден 20 тоннаға дейін―1 669500 теңге;
- 20-дан 50 тоннаға дейін (ершікті тартпақтан басқа) ― 3 259500 теңге;
- 20-дан 50 тоннаға дейінгі ершікті тартпақ — 1 749 000 теңге.
Айта кетейік, халықаралық автомобиль тасымалдарына арнайы рұқсат болған жағдайда, 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін ершікті жүк тартқыштардан утильдік алым алынбайды.
ИИДМ-нің есептеуінше, утильдік алым мен бастапқы тіркеу мөлшерлемелерін қайта қарау отандық компанияларға автопаркін жаңартуға және ұлғайтуға мүмкіндік береді . 2017 жылы жүктерді халықаралық тасымалдауға тартылған автокөлік құралдары 22%-ға тозған. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 78%-ға жетті.
«Өткен бес жыл ішінде пайдаланылатын жүк автомобильдері паркінің ескіруі ― халықаралық жүк тасымалы нарығындағы отандық көлік тасымалдаушылардың үлесінің 52%-дан 31%-ға дейін төмендеуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі болды», ― делінген Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасында.
Сонымен қатар, отандық автомобильмен жүк тасымалдаушыларын қолдаудың тағы бір шарасы ретінде тұжырымдама авторлары «Өз жүктері — өз көлік құралдары» бағдарламасын әзірлеуді ұсынады. Ол жайлы толық ақпарат әлі белгісіз. Бірақ ведомство аталмыш бағдарлама «саудада отандық қызметтерді белсенді тартуға және ілгерілетуге серпін береді» деп сендіреді.
ИИДМ-нің болжауынша, 2030 жылға дейін елімізде экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдар өседі. Сондықтан, Тұжырымдама авторлары отандық жүк тасымалдаушылар өз паркін ұлғайту қажет деп санайды. Олардың деректері бойынша, қазірдің өзінде қазақстандық компаниялардың ершікті тартпақтарға жылдық қажеттілігі кемінде 700 бірлікті құрайды.
«Автокөлік құралдары қатты тозған жағдайда, тасымалдаушылардың жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге шығындары өседі. Ал бұл тасымалдау қызметтерінің құны мен сапасына, сондай-ақ жол қозғалысының экологиясы мен қауіпсіздігіне әсер етеді. Жүк және жолаушылар коммерциялық тасымалдау саласы автокөлік құралдары паркін жаңартуға және толықтыруға айтарлықтай қаржыны қажет етеді. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шараларын іске асыру арқылы, отандық тасымалдаушылардың халықаралық автотасымалдар нарығына қатысуы артады», — делінген Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлікт-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасында.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша, 2021 жылы елімізде көліктің барлық түрлерімен 3,7 млрд тонна жүк тасымалданған. Ал ең көп көлемде автомобильмен (89%) жөнелткен.
Халықаралық автомобиль жүк тасымалдарын реттеу 42 үкіметаралық келісім негізінде жүзеге асырылады. Қазақстан тарапынан 2 мыңға жуық автокөлік кәсіпорындары тасымалдаумен айналысады. Олардың паркі 18,5 мыңнан астам жүк көлігін құрайды. Олардың тек 7615 данасы (41%) ҚР халықаралық автомобиль тасымалдаушылары Одағына (ҚазАТО) мүше 360 тасымалдаушыға тиесілі және еуро стандарт талаптарына сай келеді.
2021 жылдың қорытындысы бойынша, халықаралық қатынаста автокөлікпен тасымалданған жүктердің көлемі 5,9 млн тоннаны құрады. Оның ішінде 47%-ы экспорттық және 53%-ы импорттық. Аталған көлемнің 1,8 млн тоннасын отандық автотасымалдаушылар тасымалдады. Яғни қазақстандық операторлардың соңғы 5жылда халықаралық жүк тасымалы нарығындағы қатысу үлесі (52%-дан 31%-ға дейін) айтарлықтай төменгенін байқауға болады.
Қазақстанға 10,1 млн тонна көлік жүгі импортталды, оның басым бөлігі Ресейге (6,9 млн тонна, 67,8%) және Өзбекстанға (949,2 мың тонна, 9,4%) тиесілі. Қытай (297,5 мың тонна, 2,9%), Германия (220,6 мың тонна, 2,2%), Түркия (229,8 мың тонна, 2,3%), Литва (194 мың тонна, 1,9%), Польша (187,8 мың тонна, 1,9%), Беларусь (154,8 мың тонна, 1,5%).
2021 жылы отандық экспортта автомобиль көлемі 4,6 млн тоннаны құрады: Ресейге — 1,7 млн тонна (37,6%), Өзбекстанға — 550,9 мың тонна (12%), Түркияға — 334,4 мың тонна (7,3%), Польшаға — 227,7 мың тонна (5%), Германияға―123,5 мың тонна (2,7%), Тәжікстан―90 мың тонна (2%).
Экспорттық-импорттық тасымалдардың басым бөлігін жүк қалыптасқан немесе тағайындалған елдің тасымалдаушылары жүзеге асырады және тек үштен бірі ғана отандық тасымалдаушылардың үлесіне тиесілі болады. Қазақстан арқылы транзиттік көлік тасымалын көбінесе шетелдік тасымалдаушылар жасайды, деп толықтырды ИИДМ.
Ербол Казистаев, корреспондент
02.12.2022, 16:00