«КамАЗ» ЖАҚ 2023 жылы Ресейде 50 мың жүк көлігін сатпақшы
2022 жылдың қорытындысы бойынша, Набережные Челны-дағы автоөндіруші 44 мың көлік саудалағалы отыр.
«КамАЗ» ЖАҚ 2023 жылы Ресейде 50 мыңға жуық автокөлік сатуды жоспарлап отыр, деп хабарлады ресейлік өндірушінің баспасөз қызметі.
«Ресейде 50 мыңға жуық көлік сату және нарықтағы үлесті ұлғайту — біздің 2023 жылғы ортақ нәтижеміз болуы тиіс»,— деді «КамАЗ» ЖАҚ компаниясының бас директоры Сергей Когогин.
Ол Украинадағы жағдайға байланысты санкциялар енгізілгеннен кейін, ресейлік автоөнеркәсіптен серіктес компаниялар мен жеткізушілердің кеткенін, сондай-ақ кооперациялық және логистикалық тізбектердің үзілгенін тілгетиекетіпөтті. Бас директордың айтуынша, санкциялардың енгізілуі компанияның әсіресе жаңа модельдеріне кесірін тигізген. Өйткені жаңа жүк көліктері импорттық құрамдас бөліктерге көбірек тәуелді болды. Бірақ биылғы тамыз айына қарай компания құрамдастарды жеткізудегі мәселені шешті. Олар осы уақытқа дейін қоймадағы қорларын пайдаланып, өндірісті тоқтатпаған.
«Біз ай сайын кем дегенде К4-тен 100 көлік және К5-тен 150 көлік шығарып тұрмыз. Жыл соңына дейін бұл қарқынды ұстап қалғымыз келеді. «КамАЗ» импортты алмастыру жөніндегі негізгі бағдарлама міндетін орындай алды», — деп атап өтті компания басшысы.
2023 жылдың ақпан айынан бастап Набережные Челны-дағы зауыт ай сайын 500 дана К5 моделін құрастыруды жоспарлап отыр. Болашақта өндіріс көлемін айына 700-1000 көлікке дейін арттырмақшы.
«Біздің бұл бағыттағы мақсатымыз — 2023 жылдың соңына дейін К5 буынының 10 мың көлігін шығару. Ал жаһандық мақсатымыз — даму стратегиямызға оралу, тиімділігі мен отын үнемділігі нақты пайдалануда расталған К5 автомобильдер желісін дамыту. Өндірісті қайта бастау кезең-кезеңмен жүзеге асырылады», — деді Когогин.
Оның айтуынша, бұдан кейін «КамАЗ» дилерлерден К5 автомобильдеріне қызмет көрсету бойынша сапалы жұмысты күтеді.
«Дилерлік желінің міндеті — жұмыстағы тәсілдерді өзгерту, премиум-сегменттегі тұтынушыларға қызмет көрсетуге бет бұру. Клиенттер К5 моделін таңдайды. Премиум сегментті жүк көлігінің пайлананушыларымен де жұмыс істей білу маңызды. К5 жүк көліктерін өндіруді қайта бастау міндеті өзекті бола түсуде»,— деп атап өтті компания басшысы.
2021 жылдың қорытындысы бойынша, «КамАЗ»-дың салмағы 14 тоннадан асатын жүк көліктер нарығындағы үлесі 44%-ды құрады. Құрамдастар мәселесін есепке алғанда, әсіресе жаңа модельдік қатарға, компания биылғы 10 айда нарықтағы үлесін 44%-дың деңгейінде ұстап қалды. Компания нарықта арнайы техника (59%), борттық автомобильдер (78%), кран-манипуляторлық қондырғылары бар көліктер (73%) сияқты сегменттердегі үлкен бөлігін алады.
Бұған дейін Когогин, ЖАҚ басшылығы өндірісті былтырғы деңгейде (44,1 мың жүк көлігі көлемінде) ұстап қалатындығына сенімді екенін хабарлаған. Ресейлік көлік өндірушісінің баспасөз қызметі қарашаның 10-ына таяу Набережные Челныдағы кәсіпорын биылғы 10 айда 36 мың 040 көлік жиынтығын шығарғанын айтқан болатын.
«КамАЗ» — толық салмағы 14-40 тонналық жүк көліктерін шығаратын ресейлік ірі өндіруші. Украинадағы жағдайдан кейін компания ЕО, Ұлыбритания және АҚШ-тың, сондай-ақ Аустралия, Канада, Жаңа Зеландия және Швейцарияның санкцияларына ілікті. «КамАЗ»-дың 47,1% акциясын иеленіп отырған негізгі акционері — «Ростех» мемлекеттік корпорациясы да Ұлыбритания мен АҚШ-тың санкциясында отыр.
Қазақстанда ресейлік өндірушінің атынан Көкшетау қаласында орын тепкен «КАМАЗ-Инжиниринг» компаниясы жұмыс істейді. Қазақстанның автобизнес қауымдастығының деректері бойынша, «КАМАЗ-Инжиниринг» 2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында 728 жүк көлігі мен 171 бірлік арнайы техника шығарған. Бұл 1 мың 115көлік құралы шығарылған 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 20%-ға аз. Еліміздегі кәсіпорын биыл жыл басынан бері Ресейден әкелінетін құрамдастарға тапшылық көріп келді. Дегенмен қараша айына қарай бұрынғы толыққанды өндіріс көлеміне қайта оралған.
Егор Васильев, корреспондент
07.12.2022, 14:00