«Ресейліктер көлікті Қазақстаннан көбірек сатып ала бастайды»
Құрамдастардың тапшылығымен қоса, шетелдік брендтердің жаппай кетуінің соңы ресейліктердің автомобильді Қазақстаннан көбірек сатып алуына алып келеді, бұл туралы CARMA.KZ автомобиль порталының редакциясына эксклюзивті сұхбат берген «АВТОСТАТ» талдау агенттігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Азат Тимерханов (Ресей) айтып берді.
— Азат, ресейлік көлік нарығының биылғы жағдайы қалай?
— Ресей нарығы биыл қатты құлдырап кетті. Егер 2021 жылы 1,5 млн жаңа жеңіл автомобиль сатылған болса, ал қазір шамамен 600 мың ғана сатылды. 2,5 есеге төмендеді.
— Сарапшылардың бұған себептердің бірі ретінде ресей нарығынан шетелдік брендтердің жаппай кетуін атайды. Ірі көлік өндірушілері Қазақстанға көшкісі келе ме, қалай ойлайсыз?
— Біз көбіне-көп биылғы наурыз айынан бері өндірісін немесе автомобиль жеткізуді тоқтатқан Ресейдегі шетелдік компаниялардың кәсіпорындары сатылатындығы жайлы көріп, естіп жатамыз. Ықтимал сатып алушылар ресейлік көлік нарығы 2022 жылы 2,5 есеге құлдырағанын көріп, Ресейге дайын автомобиль әкелу оңай болып тұрған кезде, өндірісті сатып алу-алмау жайын жақсылап ойланатын шығар. Өйткені жергілікті өндірісті жолға қою үшін үлкен көлем қажет қой.
— Дегенмен Ural Motorcycles Қазақстанға көшіп алды емес пе...
— «Урал» мотоциклдары өндірісінің Ресейден Қазақстанға көшуіне қатысты айтар болсақ, мотоцикл өндірісі автомобиль өндірісі секілді ауқымды емес. Өндірістің өзін көшірсе де жеткілікті, шығыны аз. Ал автомобиль өндірісінің көлемі мүлдем басқа.
— Яғни, ресей нарығының құлдырауы шетелдік компаниялардың Қазақстанда немесе аймақтағы өзге елдерде автомобильдерін шығаруға деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін бе?
— Бұл жерде шетелдік көлік өндірушілерінің ресейлік активтерін қазақстандық компаниялардың сатып алуы жайлы айтыпотырмыз ғой. Сіздерде «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп», «Азия Авто» бар. Мысалы, қазір Volkswagen өзінің активтерін сатып алушыны іздеп жатыр. «Азия Авто» сатып алуы мүмкін деген де сыбыс болды. Меніңше, шетелдік компаниялардың сол айтқан зауыттарын Қазақстаннан сатып алушы табылып қалуы да мүмкін.
— Шетелдік компаниялардың ресейлік активтерін сатып алудың шарттары туралы көбірек білсек деп едік. Бірқатар басылым елден кетіп жатқан көлік брендтері өз кәсіпорындарын 5-6 жылдан кейін кері сатып ала алады деп жазды. Неліктен осындай шарт қарастырылған? Сатып алушы не істемек?
— Бұл жағдай тек Renault мен Nissan бойынша мәмілелерде айтылған. Renault-ға «Ростехнология»-мен бірге «АвтоВАЗ» иелік етті. Ал бұл мемлекеттік компания болғандықтан, осындай уағдаластық болды. Яғни Renault кеткенімен, 6 жылдан кейін кері сатып алуға құқығы бар. Ал Nissan-ның да дәл солай жасауының себебі, ол - Renault-мен байланыстағы компания.
Ал әлгіндей мерзім белгілеудің себебі – жағдайдың, ең алдымен геосаяси ахуалдың әрі қарай қалай болатынын байқастау. Бұл жерде алдыңғы орында саясат тұр, содан соң барып экономика мен басқа да салалар.
Айтпақшы, Duster моделін шығарып келген зауытын Renault тегін бере салды. Онда енді «Москвич» шығарылатын болады.
— Зауыттың жаңа қожайындары ішкі нарықтың сұранысын өтей ме? Әлде шығарған өнімнің жартысы экспортқа бара ма?
— Ресейдегі кәсіпорын жергілікті нарықтың сұранысын өтеуге бағытталған. Мұнда 2000 жылдардың басында-ақ көлік өнеркәсібін дамыту концепциясы қабылданған болатын. Талаптар бойынша ресей үкіметі шетелдік өндірушілердің өз кәсіпорындарын ашуы үшін жеңілдіктер жасады. Сондықтан бірінші кезекте ішкі нарықтың мүддесі тұрды. Шығарылған өнімнің бір бөлігі экспортқа жөнелтілгені белгілі, бірақ бәрібір басым көпшілігі ішкі нарыққа кетіп жатты.
— Микрочиптердің тапшылығы мен шетелдік брендтердің кетуіне байланысты Ресейде саудада автомобиль тапшылығы туындауы мүмкін. Айтыңызшы, ресейліктер көлікті Қазақстаннан сатып алу үрдісі бар ма?
— Иә, ондай үрдіс болды, жаңа көлік сатып алу үшін Беларусь пен Қазақстанға барып жатты. Қазір бізде параллель импорт қарқын алып келеді, бірақ көлемі айтарлықтай жоғары емес.
Ресейдің импорты бойынша толық деректеріміз жоқ. Әйтсе де қыркүйек айының деректері қолымызда бар. Ол айда Ресейге 11,3 мың - жаңа, 27 мың ұсталған жеңіл автомобиль әкелінген. Жаңа көліктер негізінен Қытайдан (63%) жеткізілді. Екінші орында Қазақстан (6,6%). Бірақ бұл жерде қайсысы параллель импорт, қайсысы ресми түрдегі жеткізулер болғанын айту қиындау.
— Яғни, параллель импорттың көлемі өсіп, ресейлік дилерлер автомобильді Қазақстаннан сатып алатын бола ма?
— Алдағы уақытта ресейліктер көлікті Қазақстаннан көбірек сатып алатын болады деп ойлаймын. Параллель импорт кеңінен тарала бастады. Дилерлер аталмыш әдіске жүгінетін болады. «Ключ авто» деп аталатын ірі дилерлік холдинг параллель импорт бойынша әкелінген автомобиль саудада барын ресми хабарлады. Ол жерде Ресейде ресми түрде сатылмаған модельдер бар.
— Ресейде жаңа автомобильдер қаншаға қымбаттады?
— Орташа алғанда 16%-ға өсті. Бұл көрсеткіштің өзі тұрақты емес, көктемде одан да жоғары болған. Қазір ресей нарығында Lada мен қытай көліктерінің үлесі артты, сәйкесінше қымбат көліктердің үлесі азайды.
Былтыр Lada Vesta Ресейде ең көп сатылған автомобиль болды. Жыл басынан бері бұл көлік 30%-ға қымбаттады. Қаңтарда оның ең төменгі бағасы шамамен 860 мың рубльді (6,5 млн теңге) құраған болса, қазір 1,12 млн рубль (8,5 млн теңге) тұрады. Кореялық KIA Rio, Hyundai Solaris және Hyundai Creta 40-45%-ға қымбаттады. Volkswagen – 52%-ға, Lada Largus 57%-ға өсті. Баға негізінен наурыз айында көтерілді.
Қазан айында Ресейде ұсталған жеңіл автомобильдің орташа бағасы 1,22 млн рубльді (9,3 млн теңге) құрады. Бұл нарықтағы орташа алғандағы баға, ал нарық өте үлкен, шамамен 4-4,5 млн-дай көлік бар. Оған қоса қазан айында жүрілген автомобильдердің орташа құны шамамен 3%-ға төмендеді, бірақ егер 2021 жылдың қазан айымен салыстырар болсақ, онда 40%-ға өскенін байқауға болады.
— Қазір қытайлық брендтер қазақстандық нарықты да, ресейлік нарықты да жаулай бастады. Менің бір байқағаным, олар негізінен кроссоверлерін әкеп жатыр. Ресейде де солай ма? Оның себебі неде деп ойлайсыз?
— Ресейде сұраныс жоғары сегмент – ол кроссоверлер – жол талғамайтын көліктер (SUV). Мұндай көліктердің саудасы жаңа жеңіл автомобильдер нарығының жартысынан астамын құрайды. Сондықтан қытайлықтар осы сегментте ұтатындарын біледі. Ресейде сатылып жатқан қытайлық автомобильдердің модельдік қатарының 95%-ы кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер.
Қытайлықтар нарыққа неліктен арзан седандарды әкелмегені бізді де ойландырды. Қазір бұрын сұраныста болған кореялық автомобильдердің орнын басатын ешкім жоқ. Сондықтан алдағы уақытта таксопарктер мен кикшеринг сервистерінде автомобиль тапшылығы туындауы мүмкін.
— Әлде нарықты шартты түрде бөлісу жайында сөз байласу бар ма екен?
— Арзан автомобильдер сегментінде «АвтоВАЗ» бар, оның себебі сонда деп ойлаймын. Бәлкім, қытайлықтар ресей нарығына кірсе де, бірақ бюджеттік седандар сегментінде «АвтоВАЗ»-ға бәсеке тудырмау жөнінде сөз байласқан да шығар. Оған қоса ресей нарығына ирандықтар да келеді деген ақпар бар. Олар дәл осы седандарды ұсынады. Сірә, ресей нарығы алдағы уақытта үшке бөлінетін шығар: бюджеттік автомобильдер – ол Lada, сәл қымбатырақтары – ирандық автомобильдер және ең қымбаттары – қытайлық автомобильдер.
Қытайлық автомобильдердің бағасын қараңыздар. Олар соншалықты арзан емес – кемінде 2 млн рубль (15,2 млн теңге) тұрады. Арзан дегеннен Haval Jolion ғана 1,9 млн рубль (14,4 млн теңге) тұрады.
— Оның бағасы Ресейдегі көлік несиесі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес келу үшін арзандатылды ма?
— Солай секілді. Жеңілдетілген көлік несиесі бағдарламасы аясында автомобиль сатып алуға болатын максималды баға 2 млн рубльді (15,2 млн теңге) құрайды. Бағдарламаға қай кезде де сұраныс болды. Оған белгілі бір көлемде ақша бөлініп, автомобильдер де 3-4 айдың ішінде сатылып кететін. Шынымен де нәтижесі сондай болды – ақша бөлінген бойда көлік саудасы да қызады. Қазір ресей нарығы қиын жағдайда тұр, және аталған бағдарлама бойынша тек Lada, УАЗ, «Газель», ал шетелдік маркадан тек Haval Jolion алуға болады.
Қазір көлік аз қалды. Шетелдік брендтердің автомобильдерінің қоры азайып келеді, параллель импорт бойынша әкелінгендер сай келмейді. Көп таңдау жоқ. Мемлекеттік бағдарлама аясында ең алдымен Lada-ны сатып алады. Ол брендтің саудаланған автомобильдерінің 60%-ы мемлекеттік бағдарлама бойынша сатылған.
— Қытайлықтар Ресейге тек бензин автомобильдер ғана жеткізіп жатыр ма?
— Иә, тек SkyWell ғана электромобиль сата бастайтынын хабарлады. BYD та электромобиль әкелуге мүдделі секілді. Қазір қытайлықтар біздің нарыққа бар ынтасымен қарап отыр, өйткені шетелдік ірі ойыншылардың барлығы Ресейден кетіп жатыр.
— Ресейлік компаниялардың электромобиль шығару жайы қалай болып жатыр?
— Ресейлік Evolute электомобильді алып қарайтын болсақ, ол DongFeng базасында жасалған. «Москвич» те электромобиль шығаратын ойы бар. Олар JAC-ты таныстырды. Бірақ ол шынымен JAC көліктері бола ма, жоқ әлде «Кама» базасындағы көліктер бола ма, әзірге түсініксіз. Өйткені «Москвич»-тің электромобиль шығару жобасына «Камаз» қатыспақшы болған. Сондықтан ол «қытайлықтың» негізінде бол ма, жоқ «Камаз»-дікі ме, әзірше белгісіз. «Москвич» жылдың соңына дейін бірнеше электромобиль құрастырмақшы. Ол бастапқыда қытайлықтардың дайын әзірлемесі болып, кейін ресейлік өнімге көшулері мүмкін.
Ербол Казистаев, корреспондент
22.11.2022, 15:53