Меню CARMA.KZ

Қазақстанға қанша отын қажеттігін энергетика министрлігі қалай болжайды

Отынның қажетті көлемі болжанған теңгерім негізінде қалыптастырылады.

Қазақстанға қанша отын қажеттігін энергетика министрлігі қалай болжайды / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстанға қанша отын қажеттігін энергетика министрлігі қалай болжайды / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Сонымен, елімізде мұнай өнімдерін тұтыну бір айға болжанады. Тиісінше, болжанған теңгерім ай сайын жаңартылып отырады. Ол өткен айдағы өндірілген деңгей мен тұтыну деңгейіне қарап жасалады.

Сонымен қатар өндіріс көлеміне мұнай құрамдары, МӨЗ-дің жөндеу жұмыстарына жоспарлы тоқтау кестесі, мұнай өңдеу қондырғыларының технологиялық параметрлері әсер етеді, деді CARMA.KZ. редакциясының жолдаған сауалына энергетика министрлігі.

Ведомстводағылардың айтуынша, 2021 және 2022 жылдары болжанған теңгерім негізінде мұнай өңдеу 17-ден 18 млн тоннаға дейін, дизель өндірісі 4,8-ден 5,4 млн тоннаға дейін ұлғайтылып, сондай-ақ мұнай өнімдерінің экспорты шектелген. Осылайша, қалдықтар есебінен 246 мың тонна дизель жинақталған.

Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, елімізде биыл қайтадан дизель тапшы болды. Энергетика министрлігінің айтуынша, оны Қазақстанда отын бағасы көрші елдерге қарағанда әлдеқайда төмен болғандықтан, жанармайды елімізден құйып алатын транзиттік көліктер туындатқан.

Сондықтан энергетика министрлігі дизель отынына сараланған тариф енгізді. Енді жеңіл көлік иелерінің қолдарында қазақстандық жүргізуші куәліктері болса, литріне 230-260 теңге бағамен тәулігіне 100 литр көлемінде дизель сатып ала алады. Одан артық көлемді 450 теңге бағамен алады. Ал жүк көлігінің жүргізушілері үшін, қазақстандық жүргізуші және тіркеу туралы куәліктері болған жағдайда, литріне 230-260 теңгемен тәулігіне 300 литр дизель ала алады.

Кейінірек ведомство дизельді сараланған бағамен сатуды бақылау жүйесін іске қосты. Енді жанармай құю станциялары нақты уақыт режимінде белгілі бір көліктің тұтыну көлемін тексере алады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда отын тұтыну деңгейі өсіп барады. 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында елімізде бензинді тұтынудың жалпы көлемі 3,7 млн тоннаны құрады. Салыстырмалы түрде, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 3,5 млн тоннаға болды, яни 200 мыңға аз. 2020 жылдың қаңтар-қыркүйегіндегі көрсеткіш одан да аз (2,9 млн тонна).

Дизель отыны мен сұйытылған мұнай газы бойынша да осындай жағдай байқалып отыр.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
15.11.2022, 17:40