Меню CARMA.KZ

Электрлі самокаттарды жалға алу қазақстандықтар үшін неліктен пайдалы

CARMA.KZ редакциясы Whoosh-тың халықаралық коммуникациялар жөніндегі жетекшісі Даниил Капцанмен Қазақстандағы кикшеринг, жол жүру ережесі мен самокатшылардың мәдениеті туралы эксклюзивті сұхбат жүргізді.

Электрлі самокаттарды жалға алу қазақстандықтар үшін неліктен пайдалы / Фото: Whoosh
Электрлі самокаттарды жалға алу қазақстандықтар үшін неліктен пайдалы / Фото: Whoosh

Самокаттарды жалға алу Астана мен Алматы тұрғындары арасында бірден кең тарады. Алайда, аталмыш қызмет түрі пайдаланушылардың өздері үшін ыңғайлы болғанымен, жаяу жүргіншілердің бұл көлік түріне шағымдары бар әрі самокаттың қала көшелерімен жүру ережелері айқындалмаған.

CARMA.KZ автомобиль порталының редакциясы Whoosh компаниясының халықаралық коммуникациялар жөніндегі жетекшісі Даниил Капцанмен, Қазақстандағы сервистің жұмысы және жоспарлары туралы әңгімелесті. Аталмыш сервис қазақстандық нарыққа 2022 жылдың жазында келгенін атай кеткен жөн. Компания өкілі бізге жұмыстың нәтижесі туралы айтып берді.

— Даниил, Whoosh сервисі Қазақстанда осы жылдың жазында пайда болды. Жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы айтып беріңізші.

— Whoosh сервисі Қазақстанның екі қаласында бар. Алматыда самокаттар 2022 жылдың маусымынан, Астанада тамыздан бастап жұмыс істеп жатыр. Қазақстандағы пайдаланушыларымыз осындай аз уақытта 1 млн-нан астам сапар жасады. Олардың жартысына жуығы Астана тұрғындарына тиесілі. Келесі жылы бұдан көп сапарлар жасалады деп күтеміз.

Қазір елордада 2 мың, Алматыда 3 мың самокат бар.

— Астана мен Алматының инфрақұрылымдары кикшеринг сервисіне дайын болды ма?

— Еліміздің екі ірі қаласында велоинфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Қала тұрғындары көлік мәселесін электрлі самокаттың көмегімен шешуге дағдыланған.

— Whoosh-тың тарифтері қандай?

— Бастапқы базалық тариф 120 теңге және минутына 40 теңге болады. Тариф өзгеріп тұрады, барлығы сұранысқа байланысты.

— Астана мен Алматыда тарифтер әртүрлі ме?

— Жоқ, екі қалада да қызмет бағасы бірдей.

— Қазақстанда сапардың орташа уақыты қанша? Астана мен Алматы тұрғындары самокатты көбіне қандай мақсатта пайдаланады?

— Орташа сапар уақыты 15 минутты құрады, бұл өте қысқа сапар. Қала тұрғындары самокатты көбінесе серігіп қайту үшін емес, бір жаққа жетіп алу үшін пайдаланады. Мәселен үйге, фитнес орталығына немесе жұмыс орнына жетіп алу үшін жиі, бірақ қысқа сапарлар үшін таңдайды. Көлік құралы ретінде пайдаланушылардың үлесі 78%-ды құрайды. Клиенттердің шамамен үштен екісі Whoosh қосымшасын пайдаланды. Соның арқасында тұрақты сапарларды үнемдеуге мүмкіндік алады.

Біз бұл үрдісті кикшерингтің және электрлі самокаттарды көлік моделі ретінде пайдаланудың дамуымен байланыстырамыз. Қала тұрғындары күннен күнге шерингтік самокаттарды соңғы мильдік көлік ретінде қабылдайды. Яғни өздерінің жеке көліктерінен түсіп, ары қарай аталмыш көлік құралына отырады.

— Сіздер самокатты көлік құралы ретінде немесе серуендеп қайту үшін пайдаланып жатқанын қалай ажыратасыздар?

— Көлік сапары деп, «А» нүктесінен «В» нүктесіне дейінгі ең қысқа жол бойымен жасалған кезде және оның ұзындығы 3-5 шақырымнан аспайтын кезді атайды. Бұл қозғалыс тәсілі пайдаланушының баратын жеріне жету үшін электрлі самокатты жалға алғанын көрсетеді. Яғни іскерлік, жұмыс немесе оқуға жетіп алу үшін пайдаланады.

— Сіздер 2022 жылғы маусымда қазақстандықтар 1 млн-нан астам сапар жасағанын айттыңыз. Маусым қанша уақытқа созылады және бұл неге байланысты?

— Бұл ең алдымен ауа райына байланысты. Егер жолдарда мұз немесе қар жататын болса, самокатпен жүру қауіпті болуы мүмкін. Алматы мен Астананың климаты екі бөлек: Алматыда самокатпен желтоқсан айында да жүруге болады, ал Астанада қараша туысымен аяқталады. Астанада жаңа маусымның ашылуы көктемнің шығуына байланысты.

— Қыста самокаттарды не істейсіздер?

— Қыста самокаттарға жөндеу жүргіземіз. Оларды қызмет көрсету орталығына жеткізіп, ол жерде толықтай техникалық жөндеу жүргізеді. Самокаттарды сұрыптап, әр бөлшегін тексереді. Қажет болған жағдайда жаңасына ауыстырады, қорғаныс жабынын жаңартады. Одан кейін самокаттар қоймаға қойылады.

— Whoosh компаниясы самокаттарға қандай техникалық талаптар қояды?

— Техникалық талаптар өте жоғары. Whoosh тапсырысы бойынша өндіруші зауыт еркін саудада табылмайтын самокат үлгісін жасайды. Шерингтік қызмет пен өндіруші бірлесіп әзірлеген бұл модель жоғары беріктігімен, өңдеуімен және тозуға төзімділігімен ерекшеленеді. Whoosh паркі негізінен осындай самокаттардан тұрады.

Әрбір Whoosw самокаты көліктің күйін толық бақылауға мүмкіндік беретін өзінің Whoosh (Internet of things) IoT-модулімен жабдықталған. Мәселен, самокаттың орналасқан жерін, қуат деңгейін тексеруге,нақты уақыттағы сапарды бақылауға және жол жамылғысының сапасы туралы ақпарат алуға мүмкіндігіңіз бар. Оған қоса, электрлі көлікті ұрлап кеткен жағдайда оны бұғаттай аласыз. Ақау немесе ауа райы күрт нашарлап кетсе самокатты жалға алудан шығаруға болады.

— Мемлекеттік реттеу туралы сөз қозғайықшы. Қазақстан самокат айдаушылар заңмен қорғалған ба? Бүгінгі қандай жұмыс істелді, алда қандай міндеттер тұр?

— Жазда «электрлі самокат» ұғымын анықтайтын мемлекеттік стандарт күшіне енді. Оған сәйкес, электрлі самокат дегеніміз – 2 немесе 3 дөңгелегі бар, орындықтар қарастырылмаған, максималды құрылымдық жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын, бір адамдық электрлі көлік түрі.

Алдағы уақытта самокатпен жүру заңмен реттелуі үшін жол қозғалыс ережелеріне электрлі самокаттарға қатысты өзгерістер енгізу қажет болады. Ол самокатшылардың қатысы бар даулы оқиғаларды шешуге септігін тигізеді.

Сонымен қатар, Алматы әкімдігінің бастамасы бойынша кикширингтік компаниялар, соның ішінде Whoosh, жеке көлік құралдары үшін тұрақ аймақтарын белгілейтін арнайы белгі қоя бастады. Тұрақ аймақтары ақ бояумен белгіленеді, осылайша олар күннің әртүрлі уақыттарында және ауа райының әртүрлі жағдайларында байқалады. Белгіленген тұрақ алаңы орта есеппен 4 шаршы метрді құрайды және оған 10 шерингтік самокатқа дейін сыяды.

Электрлі самокаттарды жалға алу қазақстандықтар үшін неліктен пайдалы / Фото: Whoosh
Электрлі самокаттарды жалға алу қазақстандықтар үшін неліктен пайдалы / Фото: Whoosh

Осындай белгілер қала тұрғындарына жаяу жүргіншілер мен көліктерге кедергі келтірмей, самокаттарды қалдыратын орынды оңай анықтауға көмектеседі. Таңбалаудың арқасында көшелерде қосымша стационарлық құрылымдарды салудың қажеттілігі болмайды. Жаңа маусымда Астана көшелерінде де белгілер пайда болады деп үміттенеміз.

— Ал Астана мен Алматыда қанша виртуалды тұрақ бар?

— Біз қосышадағы виртуалды тұрақтардың санын айтпаймыз. Сондай-ақ, әдіснаманы да коммерциялық құпия деп санаймыз. Дегенмен, біздің сервис самокаттарды әрдайым жақын жерде және оларды оңай тауып жаяу жететін қашықтықта орналастырып отыратынын өткім келеді.

— Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде самокаттарды жүргізу мәдениетінің төмен екеніне шағымданады. Сіздерде Whoosh қызметінің клиенттерінің қатысуымен болған оқиғалар туралы статистика бар ма?

— Компанияның сервис самокаттарының қатысуымен болған барлық оқиғаларды тіркейтін ішкі статистикасына сүйенсек, жалпы сапарларымыздың 0,011% -ы ғана келеңсіз аяқталғаны анықталды. Оқиғалардың көбі болмашы соғылысып қалулар, оларда адам зардап шеккен емес.

Бірақ жаяу жүргіншілерден әлі де шағымдар бар ғой.

— Әрине, қала тіршілігіне самокаттарды бейімдеуде мәселе бар. Яғни қала тұрғындары, самокатшылардың өздері мен қозғалыстың басқа қатысушылары әлі күнге дейін бір-біріне кедергі келтірмей, қатар өмір сүруге бейімделіп жатыр. Біз әкімдіктер полициямен бірлесіп жүргізіп жатқан жол қозғалыс ережелеріне және ағартушылық қызметке де қатысты оң нәтижелерді байқадық. Сондай-ақ, жол инфрақұрылымының дамуы, арнайы қоршалған веложолдардың және бағдаршамдардың пайда болуы үлкен септігін тигізді. Біз сервис пайдаланушыларына сөзімізді айта аламыз, оларға білім беру мақсатында жұмыстар жүргізіп, жылдамдықты шектеуге және қауіпті жүргізетіндерге ескерту жасай аламыз. Бірақ жеке көлік құралдарының иелеріне ықпалымыз жүрмейді. Дегенмен біз тұрғындарға көмектесуге тырысамыз. Мәселен, осы жазда Алматы көшелерінде қалалық ортада самокатты этикалық жүргізу ережелеріне шақыратын әлеуметтік науқан өткіздік.

— Әлеуметтік компаниядан басқа, самокатты жүргізу тәртібін арттыру үшін сервис тағы қандай жұмыс жүргізеді?

— Whoosh қызметі пайдаланушыларға электрлі самокатты жүргізу ережелері мен тәртібін үйретуге үшін көп көңіл бөледі. Сервистің қосымшасында «Жүргізу мектебі» деген бөлім қарастырылған. Онда кез-келген адам сапарға дейін самокатты басқарудың негізгі ережелерін және қала бойынша сапарлардағы этикалық нормаларды біле алады.

Сонымен қатар, тамыз айында Алматыда, ал қыркүйекте Астанада үш күндік күндізгі жүргізу мектептерін ұйымдастырдық. Әрбір тілек білдіруші оқыту барысында қала бойынша электрлі самокатпен жүрудің негізгі ережелерін біліп, сервис нұсқаушыларының басшылығымен сапардың практикалық дағдыларын ала алды.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
20.11.2022, 14:33