Санкт-Петербургтегі Nissan зауытына қытайлық FAW келуі ықтимал
Жапон көлік өндірушісі осыдан бір апта бұрын Ресейден кету жөнінде біржола шешім қабылдады.
China FAW Group Санкт-Петербургтегі бұрынғы Nissan-ның зауытына келу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр, деп жазады «Ведомсти» басылымы.
Өткен аптада жапонның Nissan көлік концерні ресей нарығынан кететінін және «Ниссан Мэнуфэкчуринг Рус» ресейлік еншілес компаниясындағы акциясын сататынын хабарлады. Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрлігі де сол сәтте-ақ жапон компаниясының ресейлік барлық акциялары мемлекет меншігіне айналдырылғанын мәлімдеді. Олардың қатарында жылына 100 мың автомобиль шығара алатын зауыттан бөлек, Санкт-Петербургтегі Nissan ғылыми-зерттеу орталығы мен Мәскеудегі сауда және маркетинг орталығы да бар.
Бұлардың барлығы Өнеркәсіп және сауда министрлігінің бағынысындағы Көлік-мотор ғылыми институтына 1 еуроға сатылды. Санкт-Петербургтегі Nissan зауыты 2009 жылы іске қосылған, алайда Украинадағы жағдайға және санкциялардан туындаған жеткізу тізбегіндегі іркілістерге байланысты биылғы наурыз айынан бастап өндірісті тоқтатты. Осы өндірістің жұмыс істеу қабілетін сақтап қалу үшін Ресейге қытайлық China FAW Group (First Automobile Works, №1 Автомобиль зауыты) көлік концернін «КамАЗ» ЖАҚ-пен ынтымақтаса жұмыс істеуге тартпақшы.
«Ведомсти» басылымының дерегі бойынша, Nissan-ның ресейлік активтерін еншілеген Көлік-мотор институтының өндірістік серіктесі пайда болмақ. Басылымның бір дереккөзінің айтуынша, ол серіктес КамАЗ болуы мүмкін, алайда «басқа да бәсекелестер бар». Басқа бір дереккөздің уәжі бойынша, КамАЗ-ға бұған қатысты ұсыныс түскен және ол Nissan зауытын жүргізудің бір нұсқасы ретінде оған қытайлық China FAW Group концернін әкелмекші. Келіссөздердің нәтижесі қандай және серіктес ретінде басқа қытайлық компаниялар да қарастырылуы мүмкін бе, ол жайында әзірге белгісіз.
«Санкт-Петербургтегі зауыт қаңтарылып тұра бермейтін болар, зауытқа қытайлық немесе тіпті иран өндірушілерінің бірін кіргізудің шарттары өте тартымды болады деп ойлаймын. Мәселе сол, зауытқа өндірушілердің қайсысы кірсе де, ол өндірістік желіні толықтай қайта құруға мәжбүр болады, өйткені, шартты түрде алғанда FAW немесе Chery нисанның қондырғыларында өзінің көліктерін шығара алмайды», — деп келтіреді ресейлік БАҚ «Петровский компаниялар тобының маркетинг және ИТ жөніндегі директоры Сергей Новосельскийдің сөзін.
China FAW Group — қытайлық мемлекеттік көлік жасаушы компания, негізі 1953 жылы КСРО-ның қолдауымен қаланған, қытай көлік нарығында жұмыс істеп тұрғандардың арасындағы ең тәжірибелісі. Бастапқыда ол кеңестік ЗИЛ-дардың бірдей көшірмесі болған жүк көліктерін шығаруға маманданды, алайда 60-жылдардың басында жеңіл автомобильдерді — алдымен үкіметтік лимузиндер, сосын аз литражды көлік шығара бастады. Fortune Global 500 әлемнің ірі компанияларының 2022 жылғы тізімінде FAW 79-орынды иеленді, автомобиль өндіру көлемі бойынша ол Қытайда SAIC Motor-дан кейін екінші орында тұр. Компанияның Аспанасты елінің ішкі нарығындағы үлесі 2021 жылы 13,8%-ды құрады.
Егор Васильев, корреспондент
18.10.2022, 11:51