Қазақстанға әлемдік қандай көлік брендтері көшуі мүмкін
Премьер-министр Қазақстан үкіметі мен Toyota арасында келіссөздер жүргізіліп жатқанын растады.
Үкімет жапонның Toyota автоконцернімен Ресейдегі кәсіпорнын Қазақстанға көшіруі жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайлов мәжіліс сыртында мәлім етті.
Журналистер үкімет басшысынан Toyota шынымен өз өндірісін Қазақстанға көшіру мәселесін қарастырып жатыр ма деп сұрады.
«Бұл мәселе әлі талқыланып жатыр», — деді Әлихан Смайлов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта 56 кәсіпорын Қазақстанда жұмыс істеуге және көшіп келуге ниет білдірді. Үкімет олармен кеңселер мен кәсіпорындарды орналастыру шарттарын және уақытын талқылап жатыр. Елімізге Honeywell (электрондық жабдық және автоматтандыру), inDriver (тасымалдау), Fortescue (темір рудасын өндіру) және Marubeni (сауда) секілді компаниялар қазірдің өзінде көшіп алды.
«Біздің міндетіміз — көршілес елдің өндірістік қуаттарын барынша Қазақстан аумағына тарту. Бізде инвестициялық заңнама аясына отандық және шетелдік инвесторлар үшін барлық құралдар — инвестициялық келісім, белгілі бір салықтық және реттеуші преференциялар, сондай-ақ, инфрақұрылымда ЖАО тарапынан қолдау қарастырылған», — деп толықтырды премьер-министр.
Бұған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстанда Toyota өндірістік кәсіпорындарына көшіру мүмкіндігін берген болатын. Сол кезде ол жапондық және жергілікті кәсіпкерлер арасында келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті.
2022 жылғы наурыз айының басында Toyota Санкт-Петербургтегі кәсіпорныда автомобиль шығаруды тоқтатқаннан кейін, Ресейден өндірісті көшіру жайлы әңгіме басталды. Компаниядағылар бұған логистикалық тізбектердің бұзылу салдарынан, құрамдастарды жеткізудегі іркілістер себепші деп мәлімдеді
Одан соң Ресейдегі Toyota өкілдері жұмыс уақытша тоқтады, жергілікті нарықтан кету туралы ойлары жоқ екенін айтқан. Toyota Санкт-Петербургтегі зауытта RAV4 және Camry автомобильдерін шығарып тұрды.
Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының жетекшісі Артур Мискарян CARMA.KZ редакциясына, ірі кәсіпорындарды Қазақстанға көшіру күрделі мәселе. Бұл процесс 2-3 жылға созылуы мүмкін, осы уақыт ішінде аймақтағы жағдай бірнеше рет өзгереді деп түсіндірді.
«Орынжайлар мен инженерлік инфрақұрылымдарды салу жоспармен жүргеннің өзінде 2-3 жылды қажет етеді. Ол уақыттың ішінде Ресейден Қазақстанға көшемін дейтін бизнестердің жағдайы айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Сондықтан Ресейдегі өндірістік кәсіпорындар не қызметін тоқтатады, не опцион бойынша үлестерді жергілікті басқаруға береді», — дейді Артур Мискарян.
Оның айтуынша, қазір қазақстандық нарық жергілікті деңгейде сату жағынан да, транзиттік мүмкіндіктер тұрғысынан пайдалы болып келеді. Сондықтан бірқатар шетелдік брендтер жерсіндіруді тереңдету және жекелеген құрамдастардың өндірісін жолға қоюға қарқынды жұмыс істеп жатыр.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
20.10.2022, 13:00