Меню CARMA.KZ

Қазақстандықтар неліктен электромобиль сатып алғысы келмейді

Энергетика министрлігіндегілер негізгі 4 себепті атады.

Қазақстандықтар неліктен электромобиль сатып алғысы келмейді / Фото: itc.ua
Қазақстандықтар неліктен электромобиль сатып алғысы келмейді / Фото: itc.ua

Энергетика министрлігі талқылау мақсатымен Қазақстан Республикасының электрэнергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасын жариялады. Тұжырымдамада электр қозғалтқышты көліктердің санын көбейту тақырыбы да көтерілген.

Ведомстводағылар қазақстандықтардың неліктен электромобиль сатып алғысы келмейтініне негізгі 4 себепті атап отыр:

  • ІЖҚ автомобильдермен салыстырғанда электромобильдің бастапқы құнының қымбаттығы. Электромобиль құнының шамамен 40%-ын аккумулятор батареясы құрайды;
  • қуаттау станциясының қатары жеткіліксіз;
  • арнайы сервистер мен қосалқы бөлшектер жоқ;
  • қайталама нарықта сату кезіндегі қалдық құны белгісіз.

Әйтсе де Энергетика министрлігі сарапшыларының есептеулері бойынша, электромобиль сату алу ішкі жану қозғалтқышымен жұмыс істейтін көлікке қарағанда арзанырақ. Мысалы, жүріс қоры 500 шақырым, қуаттылығы 350 кВт және аккумуляторының қуаттылығы 85 кВтсағ (Tesla) электромобильмен жүрген жолдың әр шақырымының құны қала ішінде 8,5 теңге құрайды. Ал бак көлемі 47 литрлік, қозғалтқыш көлемі 1.5 Chevrolet Cobalt-тың әр шақырымға жұмсайтын отынының құны 22,14 теңгені (АИ-92 бензинінің бағасы бойынша қала ішінде 100 шақырымына 10,4 литр — 182 теңге) құрайды.

Сонымен қатар автомобиль бір жылда орташа алғанда 20 мың шақырым жол жүреді. 1 кВтсағ үшін 50 теңге тұратын тарифпен есептегенде электромобильді қуаттау бір жылға 170 мың теңгені құрамақ. Бұл ішкі жану қозғалтқышымен жүретін автомобильдерге отын құйғаннан 2,5 есеге аз.

«Жеке инвесторлар қуаттау станцияларының санын көбейту үшін жеке қаражаттарын инвестициялауға дайын, бірақ Үкімет деңгейінде алдағы уақытта саланың дамуына қатысты нақты ұстаным жоқ, бұл экологиялық таза көлікті көбейтуде тежеуші фактор болып табылады», — делінген Қазақстан Республикасының электрэнергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасында.

Электромобильдерге арналған қуаттау станцияларының eDrive.kz картасының деректері бойынша, қазір елімізде 50 қуаттау станциясы жұмыс істеп тұр, оның 20-сы — Type2 (22 кВт), қалғандары — Type1 (7,1кВт).

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегілер Қазақстандағы қуаттау станциялары әлдеқайда көп екенін — 107 орын барын айтады (Нұр-Сұлтанда — 51, Алматыда — 53, Павлодарда, Ақтауда және Астана — Шучье тасжолында біреуден).

Сонымен қатар Астанада Tesla Supercharger электромобильдеріне арналған 6 өтежылдам қуаттау станциясы бар. Еліміздегі электромобильдерді қуаттауға арналған станциялар мен бағаналардың жалпы саны әлі де өзгеруі мүмкін дейді салалық министрлік өкілдері.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
05.10.2022, 12:29