Меню CARMA.KZ

Қазақстанда жол апатынан жыл басынан бері 1478 адам қайтыс болды

ІІМ деректері бойынша, 2022 жылғы қазанның 1-2-сінде халықаралық тас жолдарда 70-тен астам жол-көлік оқиғасы болып, оларда 21 адам көз жұмса, тағы 84 түрлі жарақат алған.

Қазақстанда жол апатынан жыл басынан бері 1478 адам қайтыс болды / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстанда жол апатынан жыл басынан бері 1478 адам қайтыс болды / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

«Жамбыл облысында бір ғана жолкөлік оқиғасында 7 адам қаза болып, 5 адам ауруханаға жатқызылды. Қызылорда облысында жеңіл көлік автобуспен соқтығысып, 5 адам қайтыс болды», — деп мәлімдеді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов үкімет отырысында.

ІІМ келтірген деректер бойынша, елімізде жыл сайын 13 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы орын алып, оларда 2 мыңнан астам адам қайтыс болса, 18 мыңнан артық адам жарақат алады екен.

 «Апатқа негізгі себептердің бірі — жолдың жағдайы мен жолдағы инфрақұрылым», — деп түйін жасады ІІМ басшысы.

Министр жолкөлік оқиғаларының көбі ауылдық жерлерде орын алатындығына қарамастан (2022 жылдың басынан бері 75% немесе 7 мыңға жуық), халықаралық тасжолдардағы апаттарда адамдар көп қаза болады — жол апаттарының 68%-ы қайғылы аяқталатынын (2022 жылдың басынан бері бір мыңнан артық адам көз жұмған) айтты.

Ауыр жол апаттары негізінен қала сыртындағы тасжолдарда болады. Оларда жыл басынан бері 1 018 адам қаза болған, бұл жоғарыда атап көрсеткендей, жолкөлік оқиғасынан қайтыс болғандардың 69%-ын құрайды.

«Мысалы, «Алматы — Екатеринбург» автожолының 491 шақырымынан (Жамбыл облысының шекарасы) 1004 шақырымы (Қарағанды қаласы) аралығында жаз маусымында жол-көлік оқиғасынан 21 адам қаза болды», — деп дерек келтірді Марат Ахметжанов.

Оның пікірінше, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолында, «Алматы — Ташкент» автожолының Жамбыл облысындағы, «Орал — Атырау»-дың Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы учаскелерінде жиі жол апаты болады.

«Осы аймақтардағы ЖКО-ларда қайтыс болғандардың 64%-ы аталмыш учаскелерге тиесілі», — деді ішкі істер министрі.

Ішкі істер министрлігі адам өліміне әкеп соқтыратын жол-көлік оқиғаларының осыншама көп болуының негізгі себептері қарсы бағытқа шығу және жылдамдықты шамадан тыс арттыру деп есептейді.

Қарсы қозғалыс жолақтарына шығудың санын азайту үшін Ішкі істер министрлігі 6 мың шақырым жолды екі жолақтыдан 4 және одан да көп жолақты тас жолдар етіп кеңейтуді ұсынып отыр. Ведомствоның мәліметі бойынша, қазір тек 3 мың шақырым жол I санатқа (4 және одан да көп жолақ) жатады. Бұл Қазақстандағы барлық тасжолдардың 2 пайызы ғана.

«Жолдардың көпшілігі ескі мемлекеттік стандарт бойынша салынған. Олар екі жолақты, ені 7 метрден аспайды. Әкімдер жергілікті жолдарға назар аударуы керек», — деді министр.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жол бойындағы инфрақұрылым қала сыртындағы жолдардың қауіпсіздігіне әсер етеді.

«Олардың дамымағандығынан, кемпингтер, демалыс орындары, асханалардың жоқтығынан жүргізушілер көлікті тынықпастан жүргізуге мәжбүр. Шаршаңқы жүргізуші өзін де, өзгені де қауіпке тігеді», — деді Марат Ахметжанов.

Елді мекендердегі жазатайым оқиғаларға келсек, жыл басынан бері олардың саны 7 мыңға жуықтаған. Бұл Қазақстандағы жазатайым оқиғалардың 75 пайызын құрайды, деп мәлімдеді ІІМ басшысы. Сонымен қатар, жыл басынан бері көлік қаққан 413 жаяу жүргінші қаза болды.

«Бұл көбіне жаяу жүргіншілер жолының, жаяу жүргіншілер өткелінің, жарықтандырудың жоқтығына байланысты», — деп атап өтті Марат Ахметжанов үкімет отырысында.

Ол мысал ретінде Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылында болған жағдайды келтірді. 2022 жылдың 19 қыркүйегі күні  кешкісін жаяу жүргіншілер өткелінде 10 жасар баланы көлік басып кетті.

«Бұл ауылдық округте бірінші рет болып отырған жағдай емес. Жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені тез арада шешуді талап етеді», — деді министр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматы облысы жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары бойынша алда тұр. Өңірлер бойынша жағдай келесідей боп түзіледі:

  • Шымкент (102 ЖКО немесе жаяу жүргіншілер жол-көлік оқиғаларының жалпы санының 47%-ы)
  • Алматы (1007 жазатайым оқиға немесе 30%);
  • Алматы облысы (505 ЖКО немесе 15%);
  • Жамбыл облысы (311 ЖКО немесе 9%);
  • Астана (190 ЖКО немесе 6%);
  • Түркістан облысы (158 ЖКО немесе 5%);
  • Маңғыстау облысы (133 ЖКО немесе 4%).

Өз кезегінде үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі жол инфрақұрылымының дамымауы екенін атап өтті.

«Халық ылғи да жолдың сапасына шағымданады. Мысалы, 26 қыркүйекте Ақтөбе қаласының тұрғындары айналма жолды жауып тастады. Олардың наразылығы айтпаса да түсінікті. Ол учаскеде жарық, жаяу жүргіншілер өтпесі, қауіпсіздік элементтері жоқ. Осылардың барлығы көптеген апатқа әкеп соғып жатыр», — деп мәлімдеді Әлихан Смайылов үкіметтің отырысында.

Ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, сондай-ақ әкімдіктерге бақылауды күшейтіп, жол инфрақұрылымын жақсартуды тапсырды. Ал Ішкі істер министрлігі жолдардағы оқыс оқиғаларды егжей-тегжейлі талдаумен айналысатын болады. Осы талдаудың нәтижелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын жасауға негіз болмақ.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
04.10.2022, 18:30