Nissan Renault-дан концерндегі жағдайды тең етуді талап етті
Қазір француз өндірісшісі Nissan-ның 43% үлесін иеленсе, ал жапон компаниясы Renault-ның тек 15%-ын еншілейді.
Renault мен Nissan француз-жапон концернінің мүшелері аталмыш альянстың болашағы жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Келіссөзде жапон өндірушісінің қоржынындағы француз компаниясының 28% акциясын сату жайы қарастырылуда, деп хабарлайды Nikkei.
Жапон басылымының жазуынша, келіссөздің басты тақырыбы Nissan-дағы бүгінде 43%-ды құрайтын Renault-ның үлесінің бір бөлігін сату болып отыр. Өз кезегінде Nissan батыстағы әріптесінің тек 15% үлесін иеленеді. Сол себептен француздардан өз акциясының 28%-ын сатып, жағдайды тепе-тең етуді талап етуде. Nissan Motor француздардан «артық» акцияны сатуға дайын, бірақ көктемде Renault басқа ықтимал сатып алушыларды қарастырып жатқаны айтылды.
Сарапшылар мұнша көлемдегі акцияның құнын 3,8 млрд долларға бағалап отыр. Ал жапон басылымы болса, Nissan-да мұнша ақша жоқ, қарыз алуына тура келеді дейді. Renault құнды қағаздарды сатудан түскен ақшаны электромобильдер әзірлеп, шығаруға құю алады. Оған қазіргі таңда осы мақсатқа инвестиция құю мүмкіндіктерін қарастырып жатқан Nissan көмектеспекші.
Nissan аталған бірлескен кәсіпорынға, бәлкім альянстың тағы бір мүшесі болып табылатын Mitsubishi арқылы енетін де болар. Mitsubishi де Renault-ның электрлі көлік шығаратын зауыт құрылысына қаржы құюдан кет әрі емес. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, француз өндірушісі инвесторларға әрі қарайғы дамуын таныстырмас бұрын альянстың болашағын айқындап алғысы келеді. Шара биылғы қараша айына жоспарланғанын ескерсек, Renault мен Nissan арасындағы келіссөз жақын арада тәмамдалуы тиіс.
Renault мен Nissan альянсы 1999 жылы құрылып, арада 17 жыл өткен соң Nissan концерні Mitsubishi Motors-тың 34% акциясын сатып алып, оны альянсқа әкеп қосты. Бүгінде жүріп жатқан келіссөздерді Renault өз бөлімшелерінің бірін қытайлық Geely-ге сатып, онымен ынтымақтасу ниетінің туындауы күрделендіріп отыр. Nissan болса, мұндай мәмілеге түбегейлі қарсы және оны болдырмай тастауы мүмкін.
Бұған Nissan-ның қарсылық білдіруге құқығы бар: альянстағы серіктестер ортақ технологияларды қолданады, сондықтан Geely мен Renault арасында мәміле жапон фирмасының келісімінсіз жүзеге аспайды. Француз тарапы өзінің өндірісін ІЖҚ және электромобиль етіп екі бөлімшеге бөлгісі келеді. Ресми емес деректер бойынша, француздар өздеріне ІЖҚ әзірлейтін компанияның тек 40%-ын қалдырып, негізгі күшті электрокар шығаруға бағыттамақшы.
Француздар қазірдің өзінде Geely-мен қуатталатын гибридтер өндірісі саласында бірге жұмыс істеп жатыр. Қытайлық холдингтің түрлі көлік өндірушілердің активтеріне қызығушылығы барын жуырда ғана Aston Martin-нің үлесін сатып алуынан-ақ аңғаруға болатындай. Geely биылғы қыркүйектің соңында екінші рет әрекет етіп (2020 жылы жасалған алғашқы ұсыныстан Aston Martin Lagonda Global Holdings бас тартқан), британдық өндірушінің 7,6% акциясын сатып алды.
Geely осыған дейін Mercedes-Benz Group AG-ның 10%-ын және Renault SA кореялық бөлімшесінің 34%-ын сатып алған еді. Сондай-ақ оның қоржынында Geely Auto, Volvo, Lynk & Co, Geometry және Zeekr брендтері, электрлі лондондық таксилер мен фургондар шығаратын London Electric Vehicle Company мен ұшатын автомобильдер әзірлеуші Terrafugia бар.
Егор Васильев, корреспондент
11.10.2022, 15:11