Меню CARMA.KZ

Депутат БҚО-ның сапасыз жолдарын мәселе етіп көтерді

Батыс Қазақстан облысындағы жол сапасының көрсеткіштері еліміз бойынша орташадан әлдеқайда төмен.

Депутат БҚО-ның сапасыз жолдарын мәселе етіп көтерді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Депутат БҚО-ның сапасыз жолдарын мәселе етіп көтерді / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Мәжіліс депутаты Снежана Имашева Батыс Қазақстан облысындағы жолдардың сапасы өте төмен екенін айтты.

«Менің ең нашар жолдар БҚО-да екенін естіп жүргеніме 20 жыл болған шығар. Неге жол сапасында мұндай айырмашылық бар? Бюджетті бөлген кезде осындай төмен көрсеткіштерді ескересіздер ме?» — деп сұрады Снежана Имашева индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтан Мәжілістегі үкімет сағатында.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, елімізде жергілікті жолдардың 80%-ы нормативтерге сәйкес келеді.

Алайда, мәжілісмен олардың сапасы біркелкі емес екенін айтты. Мәселен, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында «жақсы» жолдардың көрсеткіштері 95% болса, ал БҚО-да 39%-ды құрайды.

Министр Батыс Қазақстан облысындағы жол сапасы мәселесі ведомствода басты назарда екенін айтты. Сондықтан 2022 жылғы жолдарды салу мен жөндеуге бөлінген барлық қаражаттың 10%-ы БҚО-ға бағытталған.

Қайырбек Өскенбаев жыл соңына дейін Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті жолдардың 50%-ы нормативке сай келеді деп уәде берді.

«Инертті материалдарды жеткізу логистика жағынан күрделі. Себебі Батыс Қазақстан облысында инертті материалдар мүлдем жоқ. Біз оларды Ақтөбеден тасымалдауымыз керек. Бұл шамамен 800-900 шақырым. Логистиканы ретке келтіріп жатырмыз. Бірақ тағы бір мәселе бар. Кейбір аудандарда станциялар әлсіз, олар инертті материалдарды көп мөлшерде қабылдауға арналмаған» — деп түсіндірді Қайырбек Өскенбаев.

Анықтама: инертті материалдар — азаматтық, өнеркәсіптік және жол құрылысында қолданылатын кен емес табиғи қазбалар. Оған құм, гранитті қиыршық тас және керамзит жатады. Яғни оларды жол салу мен аумақты жобалау кезінде қолданады. Сондай-ақ бетон, құрылыс езінділері және құрғақ қоспалар жасау үшін шикізат ретінде қоланылады.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
18.10.2022, 15:08