Меню CARMA.KZ

Ресейде автомектептердің жағдайы қиындап кетті

Соңғы 10 жыл ішінде ресейлік автомектептерде курсанттардың саны екі есе, жылына 2,5 миллион адамға азайды.

Ресейде автомектептердің жағдайы қиындап кетті / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Ресейде автомектептердің жағдайы қиындап кетті / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Ресейде автокөліктердің қымбаттауына байланысты соңғы оң жылда (2012-2022) автомектептерде курсанттар саны 50%-ға қысқарған. Осының салдарынан жүргізуші куәлігін беретін мамандандырылған мекемелердің саны екі есеге азайған. Ал қалғандары автомектепті жабу немесе оқу құнын күрт көтеру жайлы ойланып жатыр, дейді «Известия» басылымы.

Ресейлік жүргізушілерді дайындау мекемелеріне сілтеме жасаған ресейлік басылымның мәліметінше, соңғы он жыл ішінде елдегі автомектептер — 14 мыңнан 7 мыңға дейін, ал оқушылардың саны жылына 5 миллионнан 2,5 миллионға дейін азайды. Қосалқы бөлшектер бағасының қымбаттығы әрі оның тапшылығы мектептерде курсанттарды үйрететін көлікке зәрулікті туындатуы мүмкін. Ресей автомектептері қауымдастықтары ұлттық одағының президенті Елена Зайцева атап өткендей, тек орынжайды жалға алғаны үшін ақы төлемейтін, сондай-ақ жүргізушілерді оқытуға мемлекеттік келісімшарттар жасасқандар ғана ұтады.

Ресейлік автомектептерде мәселе сонау 2010 жылы туындаған. Сол кездің өзінде кәсіпкерлер өз қызметтеріне сұраныстың төмендеп бара жатқанын байқай бастады, деп атап өтті Мәскеу автомектептері одағының басқарма төрағасы, «Сильная Россия» жоғарғы кеңесінің мүшесі Александр Ачкасов. Оның мәліметтері бойынша, 2005 жылдан 2010 жылға дейін тек Мәскеуде жылына 120 мың жүргізуші оқытылып келсе, ал қазір бұл оқу орындарын тәмамдайтындардың саны 70 мыңға жетер-жетпес қана. Осындай жағдайдың орын алуына ең алдымен демографиялық құлдырау, одан кейін көліктің қымбаттап кетуі, ал 2020 жылғы індет тіпті қатты соққы болды.

«Егер арзан қытай көліктері нарыққа шықпаса, онда автомектептердің 80%-ы жабылады, — деді 2022 жылдың қаңтарында жабылған Мәскеу маңындағы Якорь автомобиль мектебінің бұрынғы директоры Игорь Пликус. — Орташа есеппен, автомобильге қызмет көрсету үшін шамамен 100 мың рубль жұмсалады, автомектептерге қатысты да дәл солай. Оны он көлікке көбейтсеңіз, әжептеуір сома шыға келеді. Біз әр көлікті үш ай сайын сервистен өткіземіз. Оқу бағасын кем дегенде 7-10 мың рубльге ғана көтере аламыз. Ал оқу құны қазір 40 мыңға жетеді. 50 мыңның курсын әркімнің қалтасы көтере ала ма?», — дейді ол.

Әрине, сарапшылар арасында оптимистер де бар. «Қауіпсіз қозғалыс» сараптамалық орталығының бас директоры Вадим Мельников, елдегі демографиялық өсімнің арқасында  жақын арада автомектептерге сұраныс арта түсетініне сенімді. Ол қосалқы бөлшектер құнының өсуі автомектеп қызметтерінің қымбаттауына әкеп соғатындығымен келіседі. Бірақ ол айтарлықтай шарықтап кетеді деп есептемейді. Сондай-ақ, Пликус Ресейге қытай өндірушілері келеді деп үміттенеді. Бұл оқуға арналған арзан көліктердің мәселесін шешуге көмектеспек.

 «Қазіргі уақытта автомектептер жаппай жабылады деп айту қисынсыз. Себебі біріншіден, біз жағдайды объективті түрде көрсететін статистиканы тек жылдың соңына қарай аламыз, өйткені лицензиясы бар кез келген заңды тұлғаны жабу бір күндік шаруа емес, — дейді Мельников. — Екіншіден, қызмет сұраныс бар және ол жақсы нарықты қалыптастырып отыр. Қазіргі уақытта жылына шамамен 2 миллион адам оқиды. Бұл әр адамға 30-50 мың рубль құнымен есептегенде, осындай сегментті құрайды», — деп түйіндеді ол.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
12.09.2022, 15:45