Меню CARMA.KZ

Ресейде 2023 жылы көлік өнеркәсібін мемлекеттік қолдау көлемі үштен бірге қысқарады

Бұған елдегі шетелдік ойыншылардың өз өндірістерін тоқтатуына байланысты утильдік алым көлемінің азаюы себеп болып отыр.

Ресейде 2023 жылы көлік өнеркәсібін мемлекеттік қолдау көлемі үштен бірге қысқарады / Фото: depositphotos.com
Ресейде 2023 жылы көлік өнеркәсібін мемлекеттік қолдау көлемі үштен бірге қысқарады / Фото: depositphotos.com

Келесі жылы Ресейдегі автомобиль өнеркәсібін мемлекеттік қолдау көлемі үштен бірге қысқарады, дейді «КоммерсантЪ» басылымы.

Ресейлік басылымның мәліметінше, жеңілдетілген автонесиелеу және лизинг сияқты мемлекеттік қолдау шараларына қазір 10 млрд рубльге жетер-жетпес (79 млрд теңгеге жуық) қаражат салынды. Әдетте осыған 15 млрд рубль (қазіргі бағам бойынша 118,4 млрд теңге) қарастырылатын. «КоммерсантЪ» мұны утильдік алымның есебінен көліктерге сұранысты субсидиялаудың әдеттегі жүйесі жұмыс жасамайтындығымен байланыстырады. Қазір Ресейдегі шетелдік ойыншылардың өз өндірістерін тоқтатқандықтан, олардан түсетін утильдік алым да жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың көктемінде АҚШ пен Батыс елдерінің Ресейге қатысты санкцияларына байланысты, француздың Renault Ресейден кеткен. Компания «Рено Россия» зауытын Мәскеу үкіметіне берді, ал АвтоВАЗ-дағы үлесін (67,7%) ФМУК-ке табыстады. Биыл сәуір айында General Motors американдық концерні дәл сол себепті Ресейде саудасын тоқтатты, ал Санкт-Петербургтегі Nissan зауыты құрамдастарды жеткізудегі қиындықтарға байланысты, кемінде 2022 жылдың соңына дейін қаңтарулы тұрады.

«Коммерсант» басылымының жазуынша, келесі жылы Ресейде жеңілдетілген автонесиелеуге 13,3 млрд рубль, лизингке 5,1 млрд рубль жұмсалады деп болжанған. Биыл Ресейдегі сұранысты мемлекеттік қолдау тек жаздың ортасынан басталды, бірақ дағдарысқа байланысты қаржыландыру көлемі қайта қаралмады. Жеңілдетілген автонесиелеуге 10,2 миллиард рубль және жеңілдетілген лизингке 4,9 млрд рубль, яғни жалпы 15,1 млрд рубльді көлемінде қалып қойды. Қазір 10 миллиард рубльден әлдеқайда төмен сома талқылануда, дейді «Коммерсант» дереккөзі.

Ресей өнеркәсіп және сауда министрлігі 2023 жылғы бюджеттен жеңілдетілген лизинг пен автонесиелеуге, сондай-ақ газ моторлы техниканы (ГМТ) субсидиялауға 9,8 млрд рубль (77,4 млрд теңге) сұрады. Осы жылы мемлекеттік қолдау бойынша Ресей нарығында биыл сатылған 80 мың көліктің орнына 36,7 мың көлік сатуды жоспарлап отыр. ГМТ-ға өткен жылдардың бюджеттерінде 3,3 млрд рубль қарастырылды, яғни жалпы алғанда мемлекет субсидияларға 18,4 млрд рубль бөлді.

Ресейде мемлекеттік қолдау бағдарламаларын қаржыландырудың негізгі көзі — әдеттегі утильдік алымнан түсетін қаражат болды. Ол Ресейде импортталған және өндірілген барлық шетелдік автомобильдер үшін төленеді. Ал арнайы инвестициялық келісімшарттар жасасқан автоконцерндер өтемақы алуға өтініш бере алады. 2022 жылдан бастап бұл өтемақы құны жерсіндіру деңгейіне толығымен тәуелді болды. Салдарынан Ресейде көлік жинаған шетелдік концерндерге өтемақы толық төленбеген. Соның арқасында бюджет қосымша кіріс кірді.

Алайда, 2022 жылы көлік тек ақпан айының соңына дейін ғана қарқынды шығарылды. Қазір шетелдік концерндердің кәсіпорындарынан тек Туладағы қытайлық Haval зауыты жұмыс істеп, утильдік алым төлейді. 13 қыркүйектегі көрсеткішке қарасақ, бюджет техниканың барлық түрлері бойынша утильдік алымнан 152,6 млрд рубль (1,2 трлн теңге) жинаған. Бұл 2022 жылға жоспарланған кірістің (531 млрд рубль немесе 4,1 трлн теңге) 28,7%-ын құрайды. Соманың негізгі бөлігін әдеттегідей автоөнеркәсіптің төлемдері құрап отыр. 2021 жылы көліктерден 513,8 млрд рубль утильдік алым жинады.

«Ұсыныс көлемі шығару мүмкіндігімен шектелген жағдайда, сұранысты қолдауға қаражат бөліп, көзбояушылықпен айналысу дұрыс емес. Оның орнына оны бизнес үшін шығарылған автомобильдерді ауыстырумен шектеу керек, — дейді автомобиль нарығы саласындағы сарапшы Владимир Беспалов. Алдағы екі жылда тұтынушылар қысқартылған ұсынысқа төтеп бере алады. Қазіргі жағдайда бюджет қатаң түрде бөлініп жатыр. Мүмкін шенеуніктер қолдау көрсетусіз не болатынын көргісі келеді. Бірақ жағдай нашарлап кетсе, қолдауға ақша табылады», — деп түйіндеді ол.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
18.09.2022, 14:49