Қазақстанның көлік жасаушыларының жерсіндіру деңгейі қандай
Индустрия министрі Машина жасаушылардың X форумы аясында отандық машина жасаудың даму кезеңдері туралы айтты.
ИИДМ отандық автомобиль жасаудың қалыптасуын 3 кезеңге бөлді.
Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, автомобиль жасауды дамытудың 1-кезеңінде отандық кәсіпорындарды аяққа тұрғызу керек. 2-кезеңде олар тәжірибе жинап, өз құзыреттерін анықтауы керек. Ал 3-кезеңде отандық құрамдастар өндірісімен айналысуы тиіс. Қазір еліміз 3 кезеңді өткеріп жатыр.
«Бүгінгі күні Hyundai бірден 4 зауыт салып жатыр. Олардың бірінде автокөліктерге арналған отырғыштар шығарылады. Бірақ олар тек өздері шығаратын көліктерге бағытталып жасалмайды. Оған мұндай көлем үшін зауыт қажет емес екені түсінікті. Сондықтан, «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» және басқа да кәсіпорындар үшін отырғыштар шығарылатын болады. Басқа құрамдастарды жерсіндіру қарастырылады. Мәселен, көлік төсеніштері. Міне, осылайша, әрбір кәсіпорын күннен күнге өзара бірлеседі және одан әрі жерсіндіру жүреді», — деді Қайырбек Өскенбаев машина жасаушылар форумы аясында.
Ол қазақстандық кәсіпорындар отандық құрамдастарды жерсіндірілген автомобильдерге өз бетінше орната алмайтынын атап өтті. Автомобиль брендтерінің өз талаптары бар. Сондықтан зауыттар тиісті сертификаттаудан өтуі керек.
«Белгілі бір тұрақталып қалған модельдер бар екенін ұмытпау керек. Мәселен, Hyundai. Сіз оларға келіп: «Күте тұр, мен саған есік шығарып беремін» деп айта алмайсыз. Оның өзінің сертификациясы мен талаптары бар. Мұның бәрі көп уақытты қажет етеді. Ең алдымен рұқсат алу керекпіз, содан соң құзыреттілігімізді көрсетіп, жасай алатынымызды дәлелдейтін сертификат ұсыну қажет. Бізге кезең-кезеңімен өндіріске рұқсат беріледі», — деп түсіндірді министр.
Ол қазіргі уақытта жеңіл автомобильдер өндірісі бойынша қазақстандық кәсіпорындарда жерсіндіру деңгейі әртүрлі екенін айтты. Кейбір жерде ол 50-60%-ға жетеді. Ал ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыттарда одан да жоғары.
Ербол Казистаев, корреспондент
25.09.2022, 10:18