Қазақстанда Nomad брендімен багги өндірісі жолға қойылмақшы
Жолсыз жерлермен жүруге арналған өткіштігі жоғары жеңіл автомобиль өндіретін зауыт үшін астаналық АЭА-дан учаске де алынды.
Қазақстанда Nomad брендімен баггидің сериялық өндірісін жолға қою жоспарланып отыр, деп мәлім етті CARMA.KZ ресурсына «Nomad Tech Engineering» ЖШС-ның бас директоры Дастан Ахметбеков.
Қазақстандық алғашқы жол талғамайтын жеңіл автомобиль елордада қыркүйектің 21-і мен 23-і аралығында өткен Kazakhstan Machinery Fair 2022 көлік көрмесінде көрсетілді. Оны өндіруші — «Nomad Tech Engineering» ЖШС — көрмеге Алматыдағы KazTechInnovations зауытында құрастырылған ресейлік серіктестерімен бірлесіп әзірлеген баггидің Nomad Pro және Nomad 2 модификацияларын алып келіпті. Компанияның 2024 жылы «көшпенділерді» Астанада сериялық өндіруді бастайтын жоспары бар.
«Өндіріс осында, Астанада жүргізіледі: «Астана» АЭА аумағынан 1,7 гектар учаске алып қойдық, қазір жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап жатырмыз, оған келісімдерін алып жатырмыз — 2024 жылы толық өндірістік циклға шығамыз деп ойлаймын, — деді Ахметбеков. — Бірақ осында зауыт салынғанша, біз Алматыда KTI зауытында көліктерімізді шығара береміз, өйткені қазірдің өзінде алдын ала тапсырыстарымыз бар, мемлекеттік құрылымдардан алған техникалық есептер де бар», — деп атап өтті ол.
Компанияның бас директорының айтуынша, өндіруші бұқаралық тұтынушыға да, армияға да, нарықтың арнайы техниканы қажет ететін басқа да сегменттеріне бағдар жасайды. Багги еліміздің құтқарушыларына, қорықшыларына, құбыр желілерін күзететін құрылымдардың қызметкерлеріне, жоғары кернеулі электр желілері өтетін учаскелерге қызмет көрсететін жөндеу бригадалары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласы жұмыскерлері үшін, жалпы жұмыс барысында жолсыз жерлермен жүруге тура келетіндердің барлығына қолайлы көлік түрі болмақ.
Дегенмен Nomad Tech Engineering өндірісінің басым бөлігін — шамамен 60%-дайын жаппай тұтынушылардан түсетін тапсырыс есебінен жаппақшы.
«Жаппай тұтыну деп отырғанымыз — бізде спортшылар, аңшылар, балықшылар және туристер көп, қазақтың жері автотуризмді дамытуға қолайлы, ал біздің көліктеріміз жеңіл әрі қуатты болуы есебінен жүргізуші мен жолаушыларды бірде-бір жол талғамайтын көлік өте алмайтын жерлерге апара алады», — деп түсіндірді CARMA.KZ-ке әңгімелесушіміз.
Оның айтуынша, көрмеде көрсетілген екі модификациядан әскери қажеттіліктерге, сондай-ақ құтқарушылар мен күзетшілерге Nomad Pro қолайлы болып табылады. Ол төртесікті, жапондық Honda-ның 2,4 литрлік қозғалтқышы (қуаттылығы — 200 а.к.) қондырылған, салмағы 1700 кг құрайды. Автотуризм мен жолсыз жерлерде жылдам жүруді қалайтындар үшін екіорынды Nomad 2 ыңғайлы. Оның салмағы 700 кг, жүк көтергіштігі 350 кг, оған LADA Priora-ның 1,6 литрлік моторы (қуаттылығы — 96 а.к.) орнатылған.
«Артықшылығы — оңай жөнделетіндігінде: егер елсіз жерде бұзылатын болса, жақын ауылға ақырындап жетіп, ол жерден қалай болғанда да «Приора» табылады, қосалқы бөлшек жағынан мәселе жоқ, біздің мақсатымыз — қосалқы бөлшек тапшылығын және техникалық қызмет жағынан қиындық тудырмайтын ету. Әрі мұндай қозғалтқыштағы көлікті кез келген орын жөндей алады. Яғни біздің басымдығымыз — жөндеуге жарамдылығында, модельдің бұзылмайтындығында», — деп түсіндірді Ахметбеков.
Сонымен қатар егер Priora-ның қозғалтқышына тапсырыс берушінің көңілі толмайтын болса, онда Honda-ның қозғалтқышымен тапсырыс беруіне болады: Nomad Tech Engineering әр клиентке құрастыру үшін техникалық есепті өзі жасауына мүмкіндік бергелі отыр. «Көшпендіге» шетелдік тораптар мен агрегаттар қойылатын болса да, қалған басқа құрамдастардың барлығы отандық болады, жерсіндіру деңгейі 70%-ды құрайды, дейді әзірлеушілер.
«Тұтыну нарығына болжам жасап қойдық, бастапқыда жылына 100-150 көлік шығарылады, бұл ықтимал мемлекеттік тапсырысты қоспағандағы, тұтыну нарығы үшін. Мәскеу де бір күнде тұрғызылған жоқ, көліктеріміз алдымен нарықта өзін көрсете алуы тиіс, — дейді Ахметбеков. — Дегенмен ішкі нарықтан басқа, Nomad-ты Тәжікстанға, Өзбекстанға экспорттау жоспарымыз бар, яғни оларда ылғи да жүріп өтуге тура келетін таулы және жолсыз жерлер көп», — деп қорытты сөзін ол.
Егор Васильев, корреспондент
23.09.2022, 11:44