KPE Қазақстанда шынжыр табанды техника шығармақшы
Kazakhstan Paramount Engineering зауыттың қайда орын тебетінін бір жыл ішінде айқындамақ.
Қазақстандық әскери техника шығаратын «Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС елімізде әскери және азаматтық салаға арналған шынжыр табанды техника шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлады компанияның бас конструкторы Ильгиз Сафиулин.
«Біз әскери техникадан бастап тау-кен өндірісіне дейін қажетті кез келген техниканы өндіре аламыз. Сондықтан шынжыр табанды техника шығаратын зауыт салуды жоспарлап отырмыз, — деді Сафиулин Астанадағы Машина жасаушылар форумы аясында журналистерге. Бұл мүлдем жаңа зауыт болады, біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Зауыттың орналасу мәселесін әлі де талқылаудамыз. Біздің Астана аумағындағы АЭА-да бірнеше учаскеміз бар, сондай-ақ еліміздің басқа қалаларында да осындай зауыт ашуға болады. Сол Қостанайда неге ашпасқа? Жақын арада шешім қабылдауға тырысамыз. Менің ойымша, осы жылдың соңы немесе келесі жылы. Барлығы мемлекеттік қолдауға, нарықтың қызығушылығына байланысты», — деді ол.
KRE бас конструкторы шынжыр табанды техника елде тек әскери ғана емес, сондай-ақ геологиялық барлаушыларға, ағаш дайындаушыларға, кен орындарында жұмыс істейтін компаниялар үшін де сұранысқа ие болатынын атап өтті. Себебі шынжыр табанды техника елдегі жолсыз жерлерде дөңгелекті техникаға қарағанда артықшылықтары көп.
«Біздің жеріміздің ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстанда 8х8 дөңгелекті көліктердің салмағы 25-26 тоннадан аспауы тиіс, әйтпесе, олар батып кетуі мүмкін. Біздің жерлер сортаң әрі борпылдақ топырақты болып келеді. Яғни, жобамен оське максималды жүктеме 5-7 тоннаны құрайды. Сондықтан ауыр көліктерді құрастыру үшін топыраққа түсетін қысымды төмендететін шынжыр табанды жүріс қажет», — деп түсіндірді ол.
Сафиулин жаңа өндіріске ықтимал серіктестер арасынан Hanwha Defence, Leonardo және FNSS Defence Systems компанияларын атады. Ол сондай-ақ Kazakhstan Paramount Engineering өзінің басқа да жобаларындағыдай бұл жобада да жерсіндіруді 75%-ға дейін жеткізуді көздеп отырғанын атап өтті.
«Біз өндірісімізді кеңейтуді көздейміз, келесі жылдан бастап қару-жарақ жүйелерін өндіретін зауыт салуды бастаймыз, қазір Қазақстанға технологиялар трансферімен айналысатын шетелдік инвесторлар мен корпорацияларға интеллектуалдық та, технологиялық жағынан да тәуелділікті жою үшін технологияларды жерсіндірумен айналысып жатырмыз. Сонымен қатар бізде дербес конструкторлық бюро дамып келеді, біз өнімнің типіне қарай жерсіндіруді шамамен 70-75%-ға жеткіздік. Қазір дербес броньды көліктерімізді шығара алатын деңгейге жеттік», — деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорын 2013 жылдың желтоқсанында елордадағы арнайы экономикалық аймақ аумағында құрылды. Ал 2016 жылдың мамырында олар алғашқы броньды «Арлан» дөңгелекті көлігін шығарды. Бүгінгі таңда осы типтегі көліктердің саны шамамен 200 бірлікті құрайды. Кәсіпорын үш жыл бұрын электронды басқару жүйесі мен электрлі тізбектерді шығара бастады. Бүгінгі таңда азаматтық тапсырыс берушілерден армиялық стандартқа сай сенімділігі жоғары электрлі жүйелерге тапсырыс қабылдауға дайын.
КРЕ 4х4 формуласымен «Арлан» көлігінен бөлек «Алан», «Номад» дөңгелекті броньды көліктерін, 6х6 және 8х8 дөңгелек формулаларымен «Барыс» БТР-ын да шығарады. «Барыс»-тың төртосьті модификациясы әскери сынақтан өтіп, сериялық өндіріс пен мемлекеттік қорғаныстың тапсырысы бойынша жеткізуге даяр тұр.
«Біз» 8х8 «Барыс»-ты ертең-ақ шығаруға дайынбыз. Көлік толықтай әзір. Бізде технологиялық желі орнатылған», — деді Сафиулин.
Оның айтуынша, қазақстандық кәсіпорын инновациялық технологияға ие. Ол минаға қарсы күшейтілген қорғанысы бар броньды көлік шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда миномет қондырғысы бар дөңгелекті броньды көліктің жобасы жасалып жатыр.
«Минометті дөңгелек базасына орнатпақшымыз. Оның артықшылығы — жылдамдығында: ол ойлы-қырлы жермен сағатына 100-110 шақырым жылдамдықпен жүре алады, ал шынжырлы базаға сағатына 70 шақырымнан артық жылдамдықпен жүретін жүйені орнату қиын», — деп түсіндірді КРЕ бас конструкторы.
Сонымен қатар компания WSE қару-жарақ жүйесін шығаратын зауыт ашуды, сондай-ақ әскери роботтар өндірісін игеруді жоспарлауда. Бүгінгі күнде компания 2А72 (30 мм) зеңбірегі мен 7,62 мм Калашников танкілік пулеметі қондырылған «Ансар» әскери моделін шығара алады.
«Қазіргі таңда оны нысанаға тигізу тоғысы мен жою дәлдігі жағынан жоғары санатты шетелдік баламалармен теңестіруге болады. Мысалы, 1 200-1300 метрге ататын 30-шы калибрдегі зеңбіректі алайық, біз ұзақтығы 1 900-2 000 метрге жететіндей етіп жасадық», — деді констуктор.
Кәсіпорында сондай-ақ бағдарламалық сәйкестендірілген өнім — «Шұғыла» оқ атуды басқару жүйесі әзірленген. Онымен кез келген қару-жарақ жүйесін басқаруға болады. Сондай-ақ әуе қорғанысына қарсы жүйесімен де жарақтандырылатын «Тұран» теңіз әскер модулі де бар.
Егор Васильев, корреспондент
27.09.2022, 13:43