Меню CARMA.KZ

ИИДМ битумның бірыңғай сатып алушысын анықтауды ұсынады

Бұл қыста сұранысты қамтамасыз етіп, бағаны теңестірсе, жазда тапшылықты жоюы тиіс.

ИИДМ битумның бірыңғай сатып алушысын анықтауды ұсынады / Фото: remontik.org
ИИДМ битумның бірыңғай сатып алушысын анықтауды ұсынады / Фото: remontik.org

Қазақстанда битум өндірісін жылына 1,2 млн-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр (2021 жылдың қорытындысы бойынша 247 мыңға артық). Caspi Bitum зауытының қуаты Қаражанбас мұнайын өңдеу есебінен жылына 500 мың тоннаға дейін (+94 мың), ал Qazaq Bitum ресейлік гудрон импорты есебінен жылына 374 мың тоннаға дейін (+200 мың) өседі деп болжап отыр.

«Бұл үшін жол-құрылыс компанияларынан, оның ішінде битумға сұраныс төмендейтін қыс-көктем маусымдарына өтінімдер қажет», — деп мәлімдеді Энергетика министрі Болат Ақшолақов ОКҚ брифингінде.

Энергетика министрлігінің айтуынша, битум өндірісін екі жағдайда ғана, жылына 1,2 млн тоннаға дейін арттыруға болады. Біріншіден, құрылысшыларды ертерек қаржыландыру қажет және зауыттарды жедел жүктеу қажет. Ал екіншіден, Qazaq Bitum-ды жол-құрылыс компанияларының өтінімдерімен толық жүктеуді қолға алу (қазір зауыт импорттық шикізатпен жұмыс істейді және толық жүктелмеген) керек.

Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қыста және көктемде битум сатып алуға өтінімдер болмайтынын мәлімдеген. Өйткені жол-құрылыс жұмыстары жүргізілмейді. Алайда, жазда трейдерлер сұраныстың жоғары болуына байланысты, бағаны көтеру үшін битум тапшылығын қолдан жасайды.

Осылайша, битумның 1 тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Енді ИИДМ қыс мезгілінде сұранысты қамтамасыз етіп және осы кезеңде зауыттарды жүктеу үшін бірыңғай битум сатып алушыны анықтауды ұсынады. Бұл бағаны теңестіріп, болашақта тапшылықты болдырмауы тиіс.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда шамамен 600 мың тонна битум өндірілді, ал жоспар  жылына 726 мың тоннаны құрайды.

Министірлікте Qazaq Bitum зауыты өзінің өндіріс жоспарынан артта қалып отырғанын атап өтті. Бұл битум шығару барысында импорттық шикізатты пайдаланатындықтан, аталмыш кәсіпорынның өнімінің қымбаттығынан болып отыр, деп түсіндірді.

Қазір Qazaq Bitum компаниясында бір тонна битумның бағасы 225 мың теңгені (бұл ресейлік гудронның сатып алу бағасын қоса есептегенде) құрайды. Бұл Ресейдегі (жеткізуді есепке алмағанда, тоннасына 230 мың теңгеге дейін) және Беларусьтегі (жеткізуді есепке алғанда, тоннасына 200 мың теңгеге дейін) бағаларға тең.

«Qazaq Bitum жұмыс орындарын қамтамасыз етіп, қосымша құн жасап отырғанын ескере отырып, Qazaq Bitum-ның өндірістік қуаттарын пайдалану орынды деп санаймыз», — деп мәлімдеді Болат Ақшолақов.

Министр ведомствоның Ресей гудрон жеткізудің көлемін 280-нен 430 мың тоннаға дейін ұлғайту туралы келіскенін еске салып өтті. Соның есебінен Qazaq Bitum зауытында битум өндірісін арттыру жоспарланып отыр.

Caspi Bitum-ға келетін болсақ, 2022 жылғы шілде айының соңында «ҚазМұнайГаз» Ақтау зауытының қуаттарын ұлғайту бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кіріскенін хабарлады. Бұл кәсіпорындағы битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Жақында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырауда көшпелі кеңес өткізді. Оған Caspi Bitum өкілдері қатысып, зауыттың қуатын 1,5 есе арттыруға мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Олардың мамандары осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

«Ақтаулық Caspi Bitum зауыты биг-бегтерде өлшеп-оралған битумды өндіре алады. Сондай-ақ, оны кез келген климаттық жағдайда және ұзақ уақыт пайдаланып әрі сақтауға болады», — делінген ҚМГ хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Қазақстанда жолға арналған битум өндірісімен «Caspi Bitum», «ПМӨЗ», «Qazaq Bitum», «Асфальтобетон-1» төрт бірдей зауыт айналысады. Олардың жалпы қуаты жылына 1 млн тоннадан аспайды. Олар отандық құрылыс компанияларының сұранысын өтеп тұр. Мысалы, 2022 жыл бойына жоспарланған автомобиль жолдары жобаларын жүзеге асыру үшін 1,1 млн жол битумы қажет.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
06.09.2022, 14:10